Ғалым Хусаинов "Банк ЦентрКредит" АҚ басшысы болып тағайындалды. Сәйкес шешім бүгін банктің Директорлар кеңесінің жиналысында қабылданды. Хусаинов мырза жаңа қызметіндегі өз міндеттеріне 2017 жылғы 23 қыркүйектен бастап кіріседі.
Бұрын хабарланғандай, "Банк ЦентрКредит" АҚ (бұдан кейін – ЦКБ) басқармасының бұрынғы төрағасы Владислав Ли өз қызметін аяқтау туралы шешім қабылдап, тиісті өтініш берген болатын.
Осыған байланысты бүгін Директорлар кеңесінің жиналысында Ғалым Хусаинов банк басқармасының төрағасы болып тағайындалды.
Қысқаша ақпарат:
2005 жылы Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің экономика факультетін үздік аяқтаған, MBA дәрежесін меңгерген, ACCA бағдарламасы бойынша оқуын жақында аяқтайды.
Хусаинов мырза еңбек жолын "Омск-Полимер" ЖШҚ-да бастап, 2009 жылы өзінің кәсіби қызметін "Заречное" БК АҚ-та Бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары лауазымында жалғастырды.
2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін "Банк ЦентрКредит" АҚ-тың Директорлар кеңесінің төрағасы Бақытбек Байсейітовтің командасында жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап Хусаинов мырза ЦентрКредит Банкінде басқарушы директор, басқарма мүшесі ретінде қызмет етуде.
- Бақытбек Байсейітов жиналыста сөйлеген сөзінде: "Өткен жарты жылдың ішінде Ғалым банктегі барлық өзекті әрі басым мәселелерді жете меңгерді, сонымен қатар ЦКБ-ні дамыту стратегиясын іске асыруда қолданылатын қажетті қадамдарды терең түсіне білді. Оның көшбасшылық қасиеттерін, шешімдер қабылдаудағы батылдығы мен салмақтылығын, үрдістерді дұрыс болжай алу қабілетін, сонымен қатар оның әдепті және парасатты азамат екенін ескере отырып, мен оны ЦКБ басқармасының төрағасы позициясына үміткер ретінде үлкен сеніммен ұсына аламын", – деп атап өтті.
Ғалым Хусаинов жаңа қызметіндегі өз міндеттеріне 2017 жылғы 23 қыркүйектен бастап кіріседі.
Владислав Ли туралы айтатын болсақ, ол ЦКБ-нің мемлекеттік органдармен және ҚР Ұлттық Банкімен ынтымақтасу, сондай-ақ ЦКБ-ні дамыту стратегиясының орындалуына мониторинг жүргізу, комплаенс қызметі мен ішкі аудит қызметін үйлестіру мәселелеріне күш салады. Сонымен қатар Ли мырза Директорлар кеңесі жанындағы комитеттердің қызметіне белсенді қатысуын және банктің негізгі клиенттерімен тиімді қарым-қатынас жасауын жалғастырады.
Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі байланыс деректері бойынша "Банк ЦнетрКредит" АҚ-тың баспасөз қызметіне хабарласуды өтінеміз: andrey.egorin@bcc.kz