"Банк ЦентрКредит" АҚ (бұдан кейін – банк) 2017 жылғы 30 маусымда аяқталған 6 ай ішіндегі өз қызметінің қорытындысын ұсынды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы банктің ҚЕХС-ке сәйкес жасалған шоғырландырылған қаржылық есептілігінің деректеріне негізделген.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша банктің активтері 1229,51 млрд теңгені, клиенттердің қаражаты 1053,9 млрд теңгені құрады, 2016 жылдың соңында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 1362,25 млрд теңгені және 938,95 млрд теңгені құраған болатын. Капитал 103,3 млрд теңгені құрады, бұл 2016 жылдың қорытындысы бойынша орын алған көрсеткіштен 4,03 млрд теңгеге жоғары.
2017 жылдың бірінші жартысында банк 2,7 млрд теңге мөлшерінде таза кіріс алды, бұл 2016 жылғы ұқсас кезең ішінде алған таза кірістен 1,6 млрд теңгеге артық.
2017 жылғы алғашқы 6 ай ішінде құнсыздануға резерв құрғанға дейінгі таза пайыздық кіріс 20,3 млрд теңгені құрады, 2016 жылғы 30 маусымда аяқталған 6 ай бойынша бұл көрсеткіш 12,1 млрд теңгені құраған болатын. Таза пайыздық емес кіріс 2016 жылғы алғашқы 6 ай ішінде 8,4 млрд теңгені құраса, 2017 жылғы алғашқы 6 ай ішінде 13,1 млрд теңгені құрады.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша таза комиссиялық кіріс 9,4 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 1,4 млрд теңгеге артық. 01.07.2017 жылғы жай-күйі бойынша банктің k2 меншікті капиталының жеткіліктілік көрсеткіші ҚРҰБ-ның пруденциалдық нормативтерді есептеу әдістемесіне сәйкес 15,9%-ды құрады, бұл 01.07.2016 жылғы жай-күйі бойынша 13,7%-ды құраған өткен жылдың көрсеткішінен жоғары.
Кредиттер бойынша қалыптастырылған резервтің несие портфелінің баланстық құнындағы үлесі 01.07.2017 жылғы жай-күйі бойынша 11,1%-ды және 01.07.2016 жылғы жай-күйі бойынша 10,5%-ды құрады.
Провизияға бөлінген қаржы 17,3 млрд теңгені құрады, ал 2016 жылғы 30 маусымда аяқталған 6 ай ішінде ол 5,7 млрд теңге болатын.
Төлемі мерзімінен 90 күннен асатын уақытқа кешіктірілген кредиттердің (NPL) үлесі ҚРҰБ әдістемесі бойынша 2017 жылғы 1 шілдедегі жай-күйі бойынша 8,51%-ды құрады.
2017 жылғы 17 сәуірде банк акционерлерінің құрамында келесі өзгерістер болды: банктің акционері, банк орналастырған акциялардың жалпы санының 41,93% үлесін иеленген "KOOKMIN BANK" өзіне тиесілі жай және артықшылықты барлық акцияларды "Цеснабанк" АҚ-қа, "Цесна" Қаржы холдингі" АҚ-қа және Байсейітов Бақытбек Рымбекұлына сатты.
Маусым айында банк PCI DSS төлем карталары индустриясының деректер қауіпсіздігі стандартының талаптарына сәйкес келуі бойынша жүргізілген аудиттен сәтті өтті және стандарттың соңғы 3.2-нұсқасының талаптарына сәйкес келетін Қазақстандағы бірінші банк болды. РCI DSS стандарты банктің ақпараттық жүйесінде төлем карталарын ұстаушылар туралы деректерді өңдеу, тапсыру және сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Банктің ақпараттық инфрақұрылымын PCI DSS талаптарына сәйкес келтіру карточкалық деректерді өңдеу жүйесінің қорғаныс деңгейін арттырады, бұл клиенттердің қаржы шығындарының тәуекелін төмендетуге және төлем карталары арқылы жүргізілетін операциялар бойынша алаяқтық әрекеттерден қорғауға ықпалын тигізеді.
Сонымен қатар ағымдағы жылғы маусым айында банк Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірге "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламасының аясында бірінші ипотекалық кредит берді. Тараптар Алматы қаласында тұратын клиентпен қарыз шартына қол қойды. Қазақстанның тағы 3 қаласында – Астана, Ақтау және Орал қалаларында банктің клиенттеріне осы бағдарлама бойынша қолжетімді жаңа тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік берілді. 2017 жылғы 26 маусымнан бастап банк шоттарға тыйым салу және бұрын салынған тыйымды алып тастау, банктік шоттардың болуы және шоттағы ақша қаражатының қалдығы туралы қаулылар бойынша ақпарат алмасуға қатысты жеке және мемлекеттік сот орындаушыларымен электронды түрде бірлесіп іс-әрекет етуге өтті. Қазіргі уақытта банк екінші деңгейдегі банктердің нарығында атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен электрондық бірлесіп іс-әрекет ету процесін сәтті енгізген және сүйемелдейтін жалғыз банк болып табылады. Жоба Әділет министрлігімен және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен бірлесіп іске асырылды.
Банктің қаржылық есептілігі банктің корпоративтік сайтында (
https://www.bcc.kz/about/finansovye-rezultaty/) және Қазақстан қор биржасының сайтында (
http://www.kase.kz/ru/emitters/show/CCBN#section-1 (шоғырландырылған есептілік)) орналастырылған.
Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі байланыс деректері бойынша "Банк ЦнетрКредит" АҚ-тың баспасөз қызметіне хабарласуды өтінеміз: +7 727 2598603, +7 727 2443048; asel.durbaeva@bcc.kz, irina.vassilets@bcc.kz