Сипаттамасы
Аккредитив бойынша жұмыс үлгісін қарастырып көрейік:
- Тауар жеткізу туралы келісімшарт.
- Аккредитив шығаруға өтініш.
- Аккредитив шығару.
- Бенефициарға аккредитивті авизолау.
- Тауарды тиеп жіберу.
- Құжаттар қаржыландырушы банкке түседі.
- Төлем жасалады.
- Құжаттар және қарызды өтеу кестесі.
- Құжаттар аппликантқа беріледі.
- Кестеге сәйкес негізгі борышты өтеу.
Аккредитивке қатысушы тараптар:
Аппликант (Импорттаушы/Сатып алушы) – аккредитив ашатын тарап.
Бенефициар (Экспорттаушы/Сатушы) – пайдасына аккредитив ашылатын тарап.
Эмитент Банк – аккредитив ашатын банк (Өтініш берушінің банкі).
Авизолаушы Банк – бенефициарға аккредитив талаптарын беретін банк, әдетте ол Бенефициардың банкі болады.
Растаушы Банк – Эмитент Банк шығарған аккредитивке өзінің растауын қосатын банк.
Атқарушы банк – Бенефициар төлем жасау үшін құжаттарды беруге тиісті банк. Басқаша айтқанда, бұл бенефициарға төлем жасайтын банк. Әдетте растаушы банк атқарушы банк болып табылады, бірақ ол басқа банк те болуы мүмкін.
Аккредитивтердің нысандары
- Кері қайтарылмайтын аккредитив – Өтініш беруші тек Бенефициардың және Растаушы банктің (болған жағдайда) келісімімен ғана қайтарылуы мүмкін;
- Расталмаған аккредитив – Бенефициар алдындағы төлем жасау міндеттемесін тек Эмитент банк қана көтереді. Басқаша айтқанда, Бенефициар эмитент банктің несиелік қабілеттілігіне тәуелді;
- Расталған аккредитив – Эмитент Банктің міндеттемесін үшінші (Растаушы) банк растайды. Аккредитивке өзінің растауын қоспай тұрып, растаушы банк эмитент банктің несиелік қабілеттілігіне көз жеткізуі қажет, себебі эмитент банктің кері қайтарылмайтын міндеттемесін орындауға қабілетсіздігі (елдегі саяси тәртіптің өзгеруінің, әскери қимылдың, төлем жасауға қабілетсіздігінің салдарынан немесе басқа да себептермен) растаушы банкті оның Бенефициарға төлем жасау бойынша қайтарылмайтын міндеттемесінен босатпайды.
Аккредитивтердің түрлері
1.Көрсеткен кезде төлем жасалатын аккредитив
Бенефициар Атқарушы Банкке құжаттарды береді, ол UCP 500 сәйкес аталмыш құжаттарды 5 банктік күн ішінде тексеруге құқылы. Құжаттарда айырмашылық болмаған жағдайда, Атқарушы Банк құжаттардың сомасын Бенефициардың есепшотына аударады.
2.Төлемі кейінге қалдырылатын аккредитив
Аккредитив төлемді сатып алушы мен сатушы арасындағы келісім бойынша анықталатын мерзімге кейінге қалдыру арқылы ашылады. Төлемді кейінге қалдыру сатып алушы үшін өте тиімді, яғни тауарды қайта сатудың, өңдеудің есебінен немесе аккредитив бойынша алынған жабдықтардың көмегімен жасалған тауарларды сатудың есебінен төлем болжанған күнге дейін жеткілікті қаражат жинап алуға мүмкіндік береді
Бенефициар өтініш берушінің төлем жасайтын күнін тауарды түсірген күннен бастап 30, 60 күнге дейін кейінге жылжытады. Бенефициар берген құжаттарды (аккредитив талаптарына қатаң сәйкес келетін) Атқарушы банк акцептеу керек және болашақтағы төлейтін күнді жазбаша растауы тиіс. Аккредитив бойынша құжаттарды бенефициар банк (сондай-ақ растаушы немесе шығарушы банк) дисконттайды немесе негоцирлейді, яғни құжаттардың сомасын сатушыға/экспорттаушыға аккредитив бойынша төлем мерзімі орнамай тұрып төлеуі керек. Дисконттау көбінесе сатушы тауарды жөнелтіп жібергеннен кейін бірден алушы үшін төлем мерзімі кейінге ысырылатын аккредитивте қолданылады, бұл кезде аккредитив шығаратын банк төлем сомасын аккредитивте белгіленген мерзімде төлейді.
Төлем мерзімі кейінге қалдырылған аккредитив бойынша жұмыс үлгісін қарастырайық:
- Тауар жеткізу туралы келісімшарт.
- Аккредитив шығаруға өтініш.
- Төлем мерзімі N күнге кейін жылжытылатын аккредитив шығару.
- Бенефициарға аккредитивті авизолау.
- Тауарды тиеп жіберу.
- Құжаттар сатушының банкіне, содан соң эмитент банкке түседі. Құжаттарды тексеру және сәйкестігін анықтау.
- Құжаттарды аппликантқа беру.
- Кейінге жылжытылған төлем мерзімі аяқталғаннан кейін төлем жасау.
3. Трансферабельді/аударылатын аккредитив - бұл аккредитивтің үлгісі төменде берілген: Сатып алушы – Сатушы/Делдал (Бірінші Бенефициар) – Жеткізуші (Екінші Бенефициар). Яғни Сатып алушы Делдалдың пайдасына «аударылатын» деп аталатын аккредитив (бірінші/түпнұсқа аккредитив) ашады. Өз кезегінде Делдал өзінің пайдасына ашылған аккредитивті бір сомамен Екінші бенефициарға немесе бірінші аккредитивтің мөлшерінен асып кетпейтін бірнеше сомамен бірнеше Екінші бенефициарға аударады.
Аккредитив сомасын, тауар бағасының бірлігін, аккредитивтің әрекет ету мерзімін, жүк түсіру кезіндегі құжаттарды беруге арналған соңғы күнді қоспағанда, аударылатын аккредитив түпнұсқа аккредитивте көрсетілген талаптармен ғана аударылады. Көрсетілген позициялардың кез келгені немесе барлығы кемітіледі немесе қысқартылады.
Аударылатын аккредитив бойынша жұмыс үлгісін қарастырайық:
- Аппликанттың (сатып алушының) Бірінші бенефициарға (Делдалға) аккредитивті ұсынуы.
- Бірінші бенефициардың (делдалдың) Екінші бенефициарға (сатушыға) аккредитивті аударуы.
- Бірінші бенефициарға құжаттарды беру.
- Делдалдың жаңа инвойспен аппликантқа (сатып алушыға) құжаттарды беруі.
4. Револьверлік/жаңартылатын аккредитив - бұл аккредитив сатып алушы мен сатушы ұзақ мерзімге келісімшарт жасап, тауар белгілі бір уақыт аралығында белгіленген партиямен белгілі сомада жөнелтілетін кезде қолданылады. Мұндай жағдайда, сатып алушы артық шығын жұмсамау үшін бірнешеуінің орнына бір «жаңартылатын аккредитив» ашады. Аккредитив автоматты түрде, сондай-ақ оны жаңарту қажеттігі туралы хабар келген кезде жаңартылады.
Сонымен қатар аккредитивпен есеп айырысатын кезде аралас төлем нұсқасы қолданылуы мүмкін, ол бойынша банкке жүк жөнелту құжаттарын тапсырғаннан кейін тез арада ішінара төлем жасау, сондай-ақ аккредитивте белгіленген мерзім ішінде бөліп немесе бірден төлеу мүмкіндігі көзделген.
Аккредитив «қызыл сілтемені», яғни алдын ала төлем ретінде сатушыға аккредитив сомасының бір бөлігі төленетін талапты қолдануға мүмкіндік береді. Сатушыға көлік компанияларының қызметіне, тауар тиеуге байланысты кеден процедураларына, сертификат алуға және басқа шығындарға алдын ала төлем жасау үшін қаражат алу қажет болатын кезде «қызыл сілтемені» пайдалану өте қолайлы.