2025 жылдың II тоқсанында алтын бағасы рекордтық деңгейге жетті
2025 жылдың екінші тоқсанында алтынға деген сұраныстың артуы мен геосаяси тұрақсыздықтың аясында алтын бағасы жаңа тарихи шектерді бағындырды. Сәуір айының ортасында бағам алғаш рет бір унция үшін 3 500$ деңгейінен асып, үш жыл бұрынғы шамамен 1 800$ деңгейімен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. Маусым айының соңына қарай алтын бір унция үшін шамамен 3 275$ деңгейінде саудаланып, тоқсан басымен салыстырғанда 7%-ға, ал бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 25%-ға қымбаттады. Осылайша, алтын өсімі бойынша көшбасшылардың біріне айналды: жыл басынан бері оның құны шамамен 25%-ға артып, бірнеше рет жаңа рекорд орнатты. Алтын нарығындағы раллидің негізгі қозғаушы факторлары – геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы мен монетарлық саясаттың өзгеруі болды. Атап айтқанда геосаяси тәуекелдердің ушығуы қорғаныс активтеріне сұранысты күшейтті: осылайша, маусым айында Таяу Шығыстағы қақтығыс туралы хабар алтын бағасын бір унция үшін 3 435$ деңгейіне дейін көтерді. Керісінше, шиеленістің бәсеңдеуі және АҚШ Федералдық резервінің қалыпты қатаң ұстанымы нарықты уақытша суытты: ФРЖ мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырғаннан және Таяу Шығыста бітім жарияланғаннан кейін алтын бағасы тоқсан соңында бір унция үшін 3 310–3 275$ аралығына дейін төмендеді. Сондай-ақ алтын бағасына АҚШ долларының әлсіреуі әсер етті – DXY индексі жылдың бірінші жартысында шамамен 10%-ға төмендеді. Бұл баламалы актив ретіндегі алтынның құнын дәстүрлі түрде ұстап тұрады.
Орталық банктер тарапынан бұрын-соңды болмаған сұраныс
Бағаның өсуіне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – орталық банктердің рекордтық көлемде сатып алу әрекеті. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (WGC) деректеріне сәйкес 2022–2024 жылдары орталық банктер жыл сайын 1 000 тоннадан астам алтын сатып алған. Бұл көрсеткіш алдыңғы онжылдықтағы орташа жылдық деңгеймен (400–500 тонна) салыстырғанда екі есеге жуық артық. Ресми сектор тарапынан алтынға деген мұндай бұрын-соңды болмаған сұраныс металл бағасының күрт өсуімен бір мезгілде орын алып, нарықтағы өсу үрдісін одан әрі нығайтты. Орталық банктердің алтынның резервтердегі үлесін арттыруға ұмтылысы бірнеше себеппен түсіндіріледі.
Біріншіден, соңғы жылдары басталған дағдарыстарға (пандемиядан бастап Украинадағы соғысқа дейінгі) байланысты туындаған геосаяси және экономикалық белгісіздік әлі де жалғасып жатыр, бұл орталық банктерді сенімді активтердің көп санына иелік етуге итермелейді. Екіншіден, макроэкономикалық факторлар да маңызды: инфляцияның өсуі мен пайыздық мөлшерлеме циклдерінің ауысуы жағдайында алтын валюталық және пайыздық тәуекелдерден сақтандыру құралы ретінде қарастырылады. 2025 жылы WGC жүргізген сауалнама нәтижелеріне сәйкес орталық банктердің басым көпшілігі алтынның дағдарыс кезеңіндегі тиімділігін және құнды сақтап қалу қабілетін алтын резервтерін арттырудың негізгі себептері ретінде атаған. Сонымен қатар алтын портфельді әртараптандыру мен инфляциядан қорғау құралдары ретінде де жоғары бағаланады. Сондықтан орталық банктердің 95%-ы жақын арадағы 12 айда әлемдік алтын резервтері өседі деп күтеді (былтыр бұл көрсеткіш 81% болған). Ең таңқаларлығы — респонденттердің рекордтық 43%-ы келесі бір жыл ішінде меншікті алтын-валюта резервтерін ұлғайтуды жоспарлап отыр, сондай-ақ ешбір қатысушы оларды қысқартатынын мәлімдемеген.
Дереккөз: World Gold Council, Central Bank Gold Reserves Survey 2025, 2025 жылғы 17 маусым
Реттеуші органдардың ұзақмерзімді стратегиясы да алтынға қарай бет бұрып отыр. Орталық банктердің ұзақмерзімді көзқарасы да алтынның пайдасына өзгеріп келеді: сауалнамаға қатысқан орталық банктердің шамамен 76%-ы алдағы бес жыл ішінде резервтеріндегі алтын үлесі артады деп болжайды (2024 жылы бұл көрсеткіш 69% болған). Бұл үрдістің екінші жағы – резервтердің біртіндеп дедолларизациялануы: сауалнамаға қатысқандардың шамамен 73%-ы бес жылдан кейін АҚШ долларының әлемдік резервтердегі үлесі қазіргі деңгейден қалыпты немесе айтарлықтай төмен болады деп есептейді. Бұл долларлық активтерден алтын мен баламалы валюталарға (еуро, юань және т.б.) қарай резервтердің қайта бөлінуі жалғасып жатқанын көрсетеді. Тағы бір маңызды жайт — алтын резервтерін басқарудағы кәсібиліктің артуы: қазіргі кезде орталық банктердің 44%-ы алтын активтерін белсенді түрде басқарады, бұл көрсеткіш бір жыл бұрын 37% ғана болған. Осы факторлардың барлығы ресми сектор тарапынан алтынға деген тұрақты сұраныстың сақталатынын айқын көрсетеді. WGC сарапшыларының айтуынша, орталық банктер алтынды резервтердің маңызды бөлігі ретінде мойындауды жалғастырып келеді, сондықтан олардың тарапынан сұраныс жақын болашақта жоғары деңгейде қалуы ықтимал.
Дереккөз: World Gold Council (2025 жылғы 30 маусым)
Инвестициялық сұраныс және нарық: жаңа фаза
II тоқсанда орталық банктерден бөлек, жеке инвесторлар мен қорлар тарапынан да алтынға деген қызығушылық жанданды. Соңғы жылдардағы салыстырмалы тыныштықтан кейін 2025 жылы биржалық қорлар (ETF) мен фьючерстер арқылы алтынды таза сатып алу қайта басталды. Маусым айының қорытындысы бойынша алтынмен қамтылған ETF қорларының жалпы көлемі 2 733 тоннадан 2 776 тоннаға дейін өсті, ал COMEX биржасындағы алыпсатарлық ұзын позициялар 501 тоннадан 530 тоннаға дейін ұлғайды. Дамыған елдерде алтын ETF-теріне инвестицияның өсуі алғаш рет 2020 жылдан бері қайта жалғасты, дегенмен бұл өсім фьючерстік нарықтағы сатылымдармен ішінара теңестіріледі. Облигациялар бойынша нақты кірістіліктің төмендеуі және АҚШ ФРЖ-сының жуық арада саясатын жұмсартуы мүмкін деген күтулер табысы жоқ актив ретінде алтынды инвесторлар үшін тартымды етеді. Расында да екінші тоқсанда АҚШ Орталық банкі мөлшерлемені көтеруді уақытша тоқтатып, ал нарықтар мөлшерлемені төмендету ықтималдығын бағалай бастады, бұл әдетте бағалы металдар үшін оң фактор саналады. Сонымен қатар қалыпты инфляция (АҚШ-та жазға қарай 2,4%-ға жуық деңгейде) ақша-кредит саясатының күрт қатаңдау қаупін азайтып, алтынға қысым түсіру тәуекелін төмендетеді. Физикалық нарықта зергерлік сала тарапынан сұраныс салыстырмалы түрде қалыпты күйде қалып, көпжылдық ең төменгі деңгейге жуық болды, алайда сұраныс пен ұсыныстың жиынтық балансы әлі де болса «бұқалар» жағына бет бұрып отыр.
Өңір | Жалпы AUM (млрд) | Қорға ағымдар (млн АҚШ долл.) | Активтер бойынша көлемі (тонна) | Сұраныс (тонна) | Сұраныс (активтердің %) |
Солтүстік Америка | 196,3 | 7 826,0 | 1 857,2 | 72,9 | 4,09% |
Еуропа | 144,4 | 1 420,5 | 1 366,5 | 24,1 | 1,79% |
Азия | 34,5 | 7 403,2 | 320,7 | 69,9 | 27,87% |
Өзге | 7,6 | 334,1 | 71,5 | 3,6 | 5,23% |
Барлығы | 382,8 | 16 983,9 | 3 615,9 | 170,5 | 4,95% |
Ғаламдық ағымдар Оң сұраныс | 38 410,7 | 408,6 | 11,86% | ||
Ғаламдық ағындар / Теріс сұраныс: | -21 426,8 | -238,2 | -6,91% |
Дереккөз: World Gold Council (30 июня 2025 года) 2025 жылғы 2-тоқсан
Алтын бағасы ары қарай өсе ме?
Қазіргі үрдістерге сүйенсек, алтынның келешегі қолайлы, дегенмен бағаға түзету енгізуді толықтай жоққа шығарылмайды. Негізгі факторлар нарықты қолдап отыр: орталық банктер тұрақты ірі сатып алушылар ретінде әрекет етуді жалғастырып, резервтерін алтынға қарай әртараптандырып жатыр. Геосаяси тәуекелдер: өңірлік қақтығыстардан бастап ірі державалар арасындағы сауда қайшылықтарына дейін әлі де шешімін таппады, сондықтан «қауіпсіз айлақ» ретіндегі алтынға деген сұраныс әлсірей қоймас. Бұған қоса әлемдік орталық банктердің ақша-кредит саясатын жұмсарту кезеңіне (мөлшерлемелерді төмендету, қатаңдатуды уақытша тоқтату) көшуі алтынды сақтау құнын азайтады, ал бұл тарихи тұрғыда бағалы металл бағасының өсуіне алып келеді. Сонымен қатар алтынның қазіргі бағасы тарихи тұрғыда ең жоғарғы көрсеткішке жақын, сондықтан бағаның құбылмалылығы сақталуы мүмкін. Геосаяси жағдай уақытша жақсарған немесе доллар нығайған жағдайда, баға кері шегінуі ықтимал, мұндай құбылыс маусым айының соңында байқалған болатын. Біз алтын бойынша мақсатты бағаны қайта қараған жоқпыз және алдағы уақытта баға белгіленімінің 3 500$ деңгейіне оралуын күтеміз. Әзірге жалпы үрдіс өсім жағына қарай бағытталған: мемлекеттік институттар мен жеке инвесторлар тарапынан капитал ағымы алтын нарығына сенімді қолдау көрсетіп отыр. Жалпы алғанда 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша алтын өзінің сенімді актив ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтты, ал алдағы тоқсандарға қатысты болжамдар да оң.
«BCC Invest» АҚ