Қазан айындағы негізгі оқиғалар
Экономикалық өсім
Қазанда Қазақстан экономикасының 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы өсімі жөнінде ақпарат жарияланды. Үкіметтің мәліметінше, ішкі жалпы өнім жылдық мәнде 6,3%-ға өскен. Негізгі экономикалық салаларды қамтитын қысқамерзімді экономикалық индикатор бойынша өсім 9,1%-ды құрады, бұл жыл басынан бергі алғашқы баяулауды көрсетті.
Ең жоғары өсім көлік және қоймалау секторында байқалды, мұнда өндіріс көлемі 22,2%-ға артты. Бұл көрсеткіш, ең алдымен, Каспий порттары арқылы жүк тасымалының ұлғаюына (+32,8%), сондай-ақ газ, мұнай және суды құбырмен тасымалдаудың артуына (+15,9%) байланысты болды. Әсіресе бұл үрдіс Маңғыстау облысында айқын көрінді.
Құрылыс саласында да айтарлықтай өсім (+14,9%) тіркелді. Ең үлкен үлес Астана қаласына (+41,8%) тиесілі, ол республикалық құрылыс жұмыстары көлемінің шамамен 15%-ын қамтамасыз етті.
Кен өндіруші өнеркәсіп пен сауда салаларында тиісінше 9,3% және 8,8% өсім байқалды. Өндіріс саласындағы негізгі серпін дәстүрлі мұнай жобаларының өндірісі 13,2%-ға өсуімен байланысты.
Сауда саласындағы өсім импорт тауар бағасының қымбаттауымен және халық санының көбеюі аясында тұтынушылық белсенділіктің артуымен түсіндіріледі.
Инфляция
2025 жылғы қазандағы жылдық инфляция деңгейі 12,6%-ды, ал айлық көрсеткіш 0,5%-ды құрады. Бұл мән базалық болжам сценарийінен сәл төмен болды. Салыстыратын болсақ, қыркүйек айында инфляция жылдық есеп бойынша 12,9%, айлық есеп бойынша 1,1% болған.
Инфляцияның жеделдеуі ең алдымен азық-түлік тауарлары сегментінде байқалды. Бұл ішкі тұтынуда импорт үлесінің өсуіне және шығындар қысымының сақталуына байланысты болды.
Коммуналдық қызмет тарифтерінің төмендеуі жалпы баға өсімін біршама тежеді. 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін бағаны уақытша тоқтату инфляцияның жалпы қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік берді.
1-сурет. 2025 жылы іс жүзінде болған инфляция және болжам
Дереккөз: ҚР СЖРА ҰСБ деректері негізінде жасалған BCC Invest есебі
2025 жылғы қазанда Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті инфляциялық қысымды шектеу және инфляциялық күтуді тұрақтандыру мақсатында базалық мөлшерлемені 18,0%-ға дейін көтерді. Сонымен қатар реттеуші кредит беру шарттары бойынша қатал талаптар қойылды, бұл алдағы айларда баға динамикасы мен тұтынушылық нарықтағы іскерлік белсенділікте өз әсерін тигізеді деп болжанады.
Теңге бағамы
Қазақстан қор биржасының (KASE) деректеріне сәйкес қазан айының соңында АҚШ долларының ресми бағамы 529,96 теңге болды. Ай ішіндегі орташа айлық бағам 539,9 теңгені құрады, бұл қыркүйектегі орташа көрсеткіштен (1 доллар үшін 540,74 теңге) сәл төмен және ұлттық валютаның нығаюын көрсетеді.
Есепті айда Ұлттық банк тікелей валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Дегенмен «айна» операциялары аясында 475 млрд теңге көлемінде өтімділік азайтылды. Бұл қыркүйектегі көрсеткіштен (290 млрд теңге) айтарлықтай жоғары және айырбастау бағамының нығаюына әсер еткен негізгі факторлардың бірі болды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша теңгенің орташа жылдық бағамы базалық болжамға сай келіп, 522,1 теңгені / 1 АҚШ долларын құрады. Базалық болжам бойынша бұл көрсеткіш 526,8 теңге, демек ауытқу бар болғаны 4,7 теңге.
Жалпы қазан айы теңгенің нығаюымен және ұлттық валютаға сұраныстың қалпына келуімен сипатталды. Бағам динамикасы базалық сценарий параметрлеріне толық сәйкес болды.
Қараша айында Ұлттық банк 475 млрд теңге көлемінде алтынмен жасалатын операциялар арқылы өтімділікті азайтуды жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар теңге бағамын қолдайды, алайда сауда балансы профицитінің қысқаруы әлі де ұлттық валютаға қысым түсіретін фактор болып қала береді.
2-сурет. 2025 жылғы АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамының динамикасы
Дереккөз: ҚР СЖРА ҰСБ деректері негізінде жасалған BCC Invest есебі
Сауда және сыртқы экономикалық тепе-теңдік
Қазан айында ағымдағы шот бойынша деректер жарияланды, бұл көрсеткіш ел экономикасының шетелден қанша валюта тапқанын және шетелге қанша жұмсағанын көрсетеді. Ағымдағы шот дәстүрлі түрде теріс аймаққа шығып отырады, өйткені мұнай өндіруден түскен валюталық кірістің едәуір бөлігі шетел инвесторларына төленеді.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша ағымдағы шот тапшылығы –3,9 млрд АҚШ долларына жетті. Өткен жылы 1,9 млрд доллар болған. Негізгі себеп оның басты құрамдас бөлігі саналатын сауда балансының (экспорт пен импорт арасындағы айырма) динамикасында. Сауда балансы әлі де оң аймақта болғанымен, біртіндеп қысқарып келеді.
Қазақстанның сауда балансы дәстүрлі түрде мұнай экспортының жоғары көлемі есебінен профицитпен қалыптасады. Алайда 2025 жылы мұнай экспорты валюталық түсімді аз әкелді. Қаңтар-тамыз айларындағы деректерге сәйкес экспорт көлемі 5,7%-ға төмендеп, импорт 2,8%-ға артқан. Нәтижесінде сауда балансының профициті 30%-ға азайып, 8,9 млрд АҚШ долларын құрады. Мұнайды есептемегенде, сауда балансы –15,7 млрд АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. А өткен жылы 14,9 млрд доллар болған.
Профициттің қысқаруы теңге бағамына қосымша қысым түсіріп, оның әлсіреу факторларының бірі болды.
3-сурет. Қаңтар-тамыз айларындағы сыртқы сауда нәтижелері, млн АҚШ долларымен
Дереккөз: ҚР СЖРА ҰСБ деректері негізінде жасалған BCC Invest есебі
Экспорт көлемінің төмендеуі ең алдымен Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары мұнай, мыс және уран жеткізудің қысқаруымен байланысты. Аталған үш позицияның жиынтық үлесі жалпы экспорт көлемінің 65%-ын құрады. Ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 69% болған. Экспорт құрылымында азық-түлік өнімдерінің үлесі сәл ұлғайып, 8,4%-ға, ал дайын өнім мен жартылай фабрикаттардың үлесі 2,0%-ға дейін өсті. Сонымен қатар пайдалы қазбалар үлесі 62,5%-ға дейін төмендеді.
Бидай экспортының айтарлықтай өсуін де айта кету керек. Ол алғаш рет 990 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың алғашқы сегіз айындағы көрсеткіштен 54%-ға жоғары болды.
4-сурет. Негізгі экспорт тауарларының өсу қарқыны, қаңтар-тамыз, млн АҚШ долларымен
Дереккөз: ҚР СЖРА ҰСБ деректері негізінде жасалған BCC Invest есебі
2025 жылғы қыркүйекте әлем нарығында ядролық отынға сұраныс арта түскенімен, толық қанағаттандырылмады. Соның нәтижесінде Қазақстаннан ядролық жартылай өнімдер экспорты 16,2%-ға артты. Дегенмен олардың құны 3,8%-ға төмендеді, бұл уран жеткізілімдерінде айтарлықтай жеңілдік берілгенін көрсетеді.
Мұнай экспорты да 11,3%-ға азайды, бұл тамыз-қыркүйек айларындағы әлемдік бағаның стагнациясымен байланысты. Экспорт көлемінің төмендеуі өндіру көлемі айтарлықтай артқан кезеңде орын алғанын айтамыз. Сол уақыт аралығында 58,5 млн тонна шикі мұнай өндіріліп, бұл өткен жылдың қаңтар-тамызындағы көрсеткіштен 15%-ға жоғары болды.
Бағалауымыз бойынша 2025 жылдың қорытындысына сәйкес тауар экспорты 78,2 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 4,1%-ға төмендейді. Импорт, керісінше, 4,4%-ға өсіп, 62,4 млрд АҚШ долларына жетеді. Нәтижесінде сауда балансының профициті 15,8 млрд АҚШ долларына дейін қысқарып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,7%-ға төмен болмақ.
Республикалық бюджет және мемлекеттік қарыз
Есепті кезеңде республикалық бюджеттің жағдайы өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда жақсарды. Түсім шығыстан жылдам өсіп, тиісінше 11,7% және 7,5%-ға артты. Сонымен қатар мемлекеттік активтермен жүргізілетін операциялардың сальдосы оң аймақта сақталды, алайда оның көлемі былтырғымен салыстырғанда 29%-ға төмендеді. Бюджеттік кредиттер көлемі, керісінше, 13,7%-ға ұлғайды.
Осының нәтижесінде жалпы тапшылық 12,1%-ға қысқарды, алайда мұнайға қатысы жоқ тапшылық бұрынғы деңгейде қалды. Бюджеттің мұнай көзінен түсетін табысы (Ұлттық қордан түсетін трансферттер мен мұнай экспортына салынатын баж салығы) 7,4%-ға өсті, ал мұнайға қатысы жоқ түсім 14,3%-ға артты. Бұл мемлекеттік кіріс құрылымында мұнай табысының үлесі кемінде қаңтар-қыркүйек айлары шегінде біртіндеп төмендеп келе жатқанын көрсетеді.
5-сурет. Бюджет кірісі, млрд теңгемен
Дереккөз: ҚР ҚМ МКК деректері негізінде жасалған BCC Invest есебі
Жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қарыз 1,6%-ға, оның ішінде сыртқы қарыз 5,6%-ға, ал ішкі қарыз – 2,1%-ға өсті. Қазақстанның мемлекеттік қарызы жалпы алғанда төмен деңгейде сақталғанымен, қарызды өтеуге жұмсалатын шығыстың үлесі бюджет шығысының жалпы көлемінде жоғары (13%) болып отыр. Яғни соңғы бес жылдағы үрдіс жалғасып келеді: бюджетке түсетін қарыздық жүктеме біртіндеп артып келеді (2021 жылы ол жалпы шығыстың шамамен 8%-ын құраған).
6-сурет. Мемлекеттік қарыз, млн АҚШ долларымен
Дереккөз: ҚР ҚМ МКК деректері негізінде жасалған BCC Invest есебі