«Банк ЦентрКредит» АҚ пен KZ Recycling ЖШС «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-тың пайдасына төлем кепілдігін беру мақсатында 5 жыл мерзімге 15 миллиард теңге сомасында кредит желісін беру туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Алматы қаласының индустриялық аймағында картон және қағаз өндіретін зауыттың құрылысын әрі қарай қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Құрылыс сатысындағы зауыт заманауи жоғары технологиялық өндірістік желілермен жабдықталып, өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында әртүрлі картон өнімдері мен гофроқаптамалар шығару жоспарланып отыр, бұл ішкі өндіріс пен экспорттық әлеуетті дамытуға оң әсер етеді.
«Банк Қазақстан экономикасының нақты секторына белсенді түрде кредит беріп, өнеркәсіпті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Картон мен қағаз өндіретін зауыттың құрылысы сияқты маңызды жобаларды қолдау – біздің тұрақты даму стратегиямыздың ажырамас бөлігі. Бизнестің сенімді серіктесі ретінде біз бұл жобаның жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, сонымен қатар қазақстандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз», – деп пікір білдірді «Банк ЦентрКредит» АҚ-тың вице-президенті Нұрлан Шегебаев.
«Өнеркәсіпті дамыту қоры қолдайтын жобалар елеулі экономикалық және әлеуметтік мультипликативтік әсерге ие, бұл бюджетке салық түсімдерінің айтарлықтай артуын, жүздеген жұмыс орнының құрылуын, жаңа отандық өнімдердің пайда болуын және республиканың экспорттық әлеуетінің артуын білдіреді. Қордың басты назары қолдауға нақты мұқтаж қазақстандық өндірушілерге бағытталған. Қағаз өнімдерін өндіретін жаңа зауыттың құрылысы – осының жарқын мысалы. Сонымен қатар бұл жоба еліміздің экологиялық күн тәртібіне толық сәйкес келеді. 2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Жасыл даму» АҚ-пен бірлесе отырып, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату ісін жүзеге асыратын кәсіпорындарды қолдау бағдарламасын жүзеге асыруды бастағанын атап өткім келеді. Бұл бағдарлама экологиялық тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған», — деп атап өтті «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азат Абайділдин.
Қаржыландыру жаңа өндірістік желілерді сатып алу және жабдықтар лизингі мен құрылыс жұмыстарын қоса алғанда, зауыттың өндірістік қуатын арттыру үшін пайдаланылады.
«Біз «Банк ЦентрКредит» АҚ пен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-қа жобамызды іске асыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Осы қаржыландырудың көмегімен біз өндіріс көлемін айтарлықтай арттырып қана қоймай, жаңа жоғары технологиялы шешімдерді енгізе аламыз, бұл бізге нарыққа сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл жоба – отандық қайта өңдеу және буып-түю саласын дамыту үшін маңызды қадам және біз оның ішкі нарыққа да, экспортқа да оң әсерін тигізетініне сенімдіміз», – деп айтып өтті KZ Recycling компаниясының бас директоры Қанат Исабаев.
КZ Recycling ЖШС Қазақстандағы макулатураны қайта өңдеу нарығындағы ірі компаниялардың бірі екенін және қағаз, картон және қаптама өндірісін белсенді дамытып келе жатқанын атап өтеміз. Зауыт шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға ықпал етеді, бұл ішкі өндірістің сапасын жақсартып қана қоймай, экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге мүмкіндік береді.