2025 жылғы 13 мамырда Лондонда ЕҚДБ-ның Сауданы дамыту бағдарламасы (Trade Facilitation Program, TFP) аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бұл жолы да ЦентрКредит Банкі Қазақстандағы ең белсенді эмитент банк ретінде танылды. Аталған номинацияның жеңімпаздары ЕҚДБ тарапынан TFP бағдарламасы аясында жасалған мәмілелер санына қарай айқындалды, бұл Банктің халықаралық сауданы дамыту ісіне жоғары деңгейде қатысатынын көрсетеді. Банк ЕҚДБ-ның TFP бағдарламасына белсенді қатысып, клиенттерге сауда қаржыландыру құралдарының кең ауқымын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл құралдар клиенттерге тауар мен қызмет құнын айтарлықтай төмендетуге, сондай-ақ халықаралық саудада қосымша артықшылықтар алуға жағдай жасайды.
«Біз аталған марапатқа қайта ие бола отырып, бұл тек біздің белсенді жұмысымыздың ғана емес, сонымен қатар клиенттеріміздің бізге артқан сенімінің нәтижесі дегіміз келеді. ЦентрКредит Банкі өзін бизнеске арналған сенімді қаржы серіктесі ретінде танытып, компанияларға халықаралық сауданың тиімді талаптарын ұсынуды жалғастырып келеді. TFP бағдарламасына қатысу клиенттерімізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады және ЦКБ-нің жаһандық аренадағы сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Біз бұл марапатты мақтан етеміз және осы жетістікке орасан зор үлес қосқан командамызға алғыс айтамыз», – деп атап өтті ЦентрКредит Банкінің вице-президенті Нұрлан Шегебаев.
ЕҚДБ-ның TFP бағдарламасы арқылы банк халықаралық кепілдіктер алады, бұл мәмілелерді саяси және төлем тәуекелдерінен қорғайды. Ал бұл экспортқа да, импортқа да тиімді талаптармен қолдау көрсетудің жаңа мүмкіндіктерін ашады.
ҚНРДА 03.02.2020 ж. берген №1.2.25/195/34 лицензия