Астанада «ESG: трендтер, тәжірибе, мүмкіндіктер» атты тренинг өтті. Іс-шараға бизнес өкілдері, сондай-ақ Банк ЦентрКредит, KPMG Кавказ және Орталық Азия, «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО), АХҚО Жасыл қаржы орталығы, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) сарапшылары қатысты. Тренинг Банк ЦентрКредиттің Тұрақты даму орталығы мен «Банк ЦентрКредит» АҚ АХҚО-дағы филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен өтті.
Тренинг аясында ESG саласындағы негізгі трендтер, тұрақты қаржыландырудың практикалық құралдары, сондай-ақ тұрақты даму талаптарының күшеюі жағдайында компаниялар үшін ашылатын мүмкіндіктер қарастырылды. Қаржы институттарының ESG күн тәртібін қолдаудағы рөліне және жауапты қаржыландыру құралдарын тәжірибеде қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тренинг гибридті форматта (офлайн және онлайн) өтті. Офлайн форматта қатысқан қатысушыларға Банк ЦентрКредит атынан атаулы сертификаттар табысталды.
«Банк ЦентрКредит ESG тәуекелдерін басқару тәжірибесін енгізу бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Біз үшін мұндай іс-шаралар серіктестер мен әріптестермен жинақталған тәжірибе мен практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік береді. Бастаманы қолдағаны үшін KPMG, АХҚО және AFSA ұйымдарына алғысымызды білдіреміз - олардың қатысуының арқасында іс-шара мазмұнды әрі нәтижелі өтті», - деп атап өтті Тұрақты даму орталығының басшысы (CSO) Арнур Ибраев.