Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесіне өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес, енді біржолғы зейнетақы төлемдері ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша тек негізгі борышты ішінара немесе толық өтеуге бағытталуы мүмкін. Зейнетақы жинақ ақшасы есебінен пайызды, өсімпұлды және айыппұлды өтеуге енді жол берілмейді. Бұрын мұндай мүмкіндік ережеде қарастырылған болатын.
Сонымен қатар өтініш беру тәртібі өзгертілді. Арнайы шот ашылғаннан кейін өтініш беруші зейнетақы қаражатын пайдалану туралы электронды өтінішті толтырады, онда шот нөмірін, пайдалану мақсатын және қолдануға болатын соманы көрсетіп, ЭЦҚ арқылы куәландырады. Бұрын осы өтініште жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілі де көрсетілуі тиіс еді.
Бұған қоса бұйрықта тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы туралы шарт бойынша құқықтарды жұбайларға және жақын туыстарға беруге болатыны әрі олардың бұл құқықтарды үшінші тұлғаларға бере алмайтыны нақтыланған.
Бұдан бөлек растайтын құжаттар ұсынылмаған жағдайда, қаражат өтініш берушінің БЖЗҚ-дағы шотына қайтарылады. Ал қаражат қате аударылған жағдайда, уәкілетті оператор үш жұмыс күні ішінде өтініш берушінің келісімімен БЖЗҚ-ға хабарлама жолдайды, содан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде қаражатты өтініш берушінің шотына қайта аударады.
Бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жеке табыс салығынан босатуға қатысты қағидаларды қоспағанда, 2026 жылғы 2 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.