2025 жылы USD/KZT бағамының динамикасы жалпы алғанда теңгеге тән классикалық сценарийге сәйкес қалыптасты: жылдың бірінші жартысында біртіндеп әлсіреу немесе ішінара нығаю байқалды. Ұлттық Банк валюта интервенциясын 125,6 млрд теңге көлемінде жүргізуге мәжбүр болды, бұл айырбастау бағамындағы күрт ауытқуларды жұмсартуға және ұлттық валютаның дүрбелең сипаттағы әлсіреуін тоқтатуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар қазан айынан бастап Ұлттық Банк айна қағидасы бойынша алтынмен жүргізілетін операцияларының көлемін ай сайын рекордтық 475 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Жалпы алғанда алтын бағасының жоғары деңгейі реттеушіге нарықтан едәуір көлемде өтімділікті алып тастауға мүмкіндік беріп, осылайша, ұлттық валютаны қолдауға ықпал етті.
Нәтижесінде 2025 жылы теңге бағамы әртүрлі бағыттағы факторлардың ықпалымен қалыптасты: бір жағынан, қатаң ақша-кредит саясаты мен Ұлттық Банктің операциялары әлсіреуді тежеп, уақытша нығаюға ықпал етті; екінші жағынан, іргелі макроэкономикалық теңгерімсіздік ұлттық валютаға қысым көрсетуді жалғастырды.
2025 жылғы USD-KZT бағамы
2026 жылға арналған бағам болжамы
Негізгі сценарийге сәйкес мұнай бағасы 2025 жылдың соңындағы бір баррель үшін 62 АҚШ долларынан 2026 жылдың желтоқсанына қарай 52 АҚШ долларына дейін біртіндеп төмендейді деп болжанады. Жылдың бірінші жартысында салыстырмалы түрде қатаң ақша-кредит саясаты сақталып, жоғары базалық мөлшерлеме (18,0%) теңгенің әлсіреуін тежеуге ықпал етеді. Бұл, өз кезегінде, мемлекеттік бағалы қағаздарға инвесторлардың мүддесін қолдап тұрады.
Жылдың екінші жартысында, жаз айларынан бастап базалық мөлшерлемені төмендету циклының басталуы, шетел валютасына маусымдық сұраныстың артуы және мұнай бағасының әрі қарай төмендеуі аясында бағамның анағұрлым айқын әлсіреуі болжанады. Дегенмен, осы кезеңде де біз күрт құнсыздану сценарийін болжамаймыз. Мұнай факторынан туындайтын қысым АҚШ долларының ұстамды немесе тіпті теріс динамикасымен, Қазақстан экономикасындағы мұнай секторының үлесінің біртіндеп төмендеуімен, сондай-ақ қызметтер экспорты мен жекелеген шикізаттық емес салалардың дамуы есебінен ішінара өтеледі. Бұл бағыттар қосымша, әзірге шектеулі болса да, валюталық түсімнің артуын қамтамасыз етеді.
Негізгі сценарий бойынша 2026 жылы USD/KZT бағамының орташа жылдық деңгейі шамамен 530 теңге деп бағаланады, ал жыл соңына қарай 1 АҚШ доллары үшін 553 теңге деңгейіне жетеді деп күтіледі.
2026 жылға арналған теңге бағамының болжамы