ЦентрКредит Банкі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) депозиттерді қорғау жүйесі туралы банк қызметкерлерінің білімін арттыруға арналған «KDIF Academy» жалпыұлттық бағдарламасына қосылған Қазақстандағы алғашқы банк болды. Тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, қанатқақты жобаны жүзеге асыруға кірісті.
Қанатқақты жоба аясында бөлімше менеджерлері, колл-орталық және клиенттерге қолдау көрсету қызметінің мамандары, яғни салымшылармен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлер KDIF Academy Certified стандарты бойынша оқытудан өтіп, сертификат алады. Бағдарлама онлайн-курсты, бетпе-бет тренингтерді және қорытынды тестілеуді қамтиды. Қанатқақты жоба 2026 жылдың соңына қарай аяқталады.
«Біз үшін KDIF Academy бағдарламасына қатысу – бұл клиенттік сервис сапасына жасалған инвестиция. Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің логикасын терең түсінетін қызметкер салымшылардың сұрақтарына байсалды әрі нақты жауап береді. Бұл банкке және бүкіл қаржы жүйесіне деген сенімді нығайта түседі. Қазақстанда салымдарды қорғау мәселелері жөнінде мамандар даярлаудың жаңа стандартын белгілеуде алғашқылардың бірі болу – біз үшін маңызды», – деп атап өтті «Банк ЦентрКредит» АҚ Қызметкерлерді басқару орталығының Атқарушы директоры Елена Воронова.
ҚДКБҚ-ның 2024 жылғы зерттеу мәліметтеріне сәйкес әрбір үшінші салымшы (4 000 респонденттің 35%-ы) банк менеджерін депозиттерге кепілдік беру жүйесі туралы ақпараттың басты көзі деп атайды. Бұл банк мамандарының дайындық деңгейін қаржы жүйесіне деген сенімнің негізгі факторына айналдырады.
«Цифрлық дәуірде салымшылардың сенімі көбіне банктен алатын ақпараттың сапасы арқылы қалыптасады. Дәл осы бірінші желідегі (фронт-офис) дайындалған мамандар клиенттің алаңдаушылығын дер кезінде сейілтіп, депозиттерді қорғау тетігін дұрыс түсіндіре алады және олардың сенімділігін арттырады. KDIF Academy жүйеге деген сенімді дерексіз ұғымнан банк маманының нақты кәсіби дағдысына айналдырады», – дейді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының төрағасы Әділ Өтембаев.
KDIF Academy депозиттерге кепілдік беру жүйесінің негізгі мәселелерін қамтиды: кепілдік берілетін және берілмейтін өнімдер, өтемақы лимиттерін есептеу, төлем жасау тәртібі, сондай-ақ проблемалық банктің белгілері мен дағдарысқа қарсы коммуникациялар. ЦентрКредит Банкімен бірге өткізілген қанатқақты жобаның тәжірибесі бағдарламаны ауқымды етуге негіз болады: 2027 жылдан бастап ҚДКБҚ жүйеге қатысушы барлық банкті кезең-кезеңімен қосуды жоспарлап отыр.