ЦентрКредит Банкі көрнекті қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романын қазақ тілінде қайта басып шығаруға қолдау көрсетті. Кітап 8 100 данамен жарық көрді. Оның 110 данасы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне, 100 данасы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына тапсырылса, қалған бөлігі еліміздің жоғары оқу орындарына үлестіріледі.
«Елең-алаң» – Әбілқайыр хан дәуіріне арналған және қазақ халқының тағдырын айқындаған тарихи шешімдер туралы сыр шертетін қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындыларының бірі. Романда тарих парақтары көшбасшылық, жауапкершілік және ұлт тағдыры туралы терең толғаныспен астарласады.
«Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» шығармасын Қазақстанның жоғары оқу орындарына тарту ету – мәдени мұрамызды сақтауға және дәріптеуге қосылған маңызды үлес. Бұл кітаптар студенттерге халқымыздың тарихын, құндылықтары мен рухани бағдарын тереңірек түсінуге көмектеседі. ЦентрКредит Банкіне әлеуметтік жауапкершілігі мен білім саласына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтамын. Бұл бастама жастардың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, еліміздің зияткерлік әлеуетін нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», - деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
«Біз қазақ әдебиетін сақтауға және ұлықтауға өз үлесімізді қосуға қуаныштымыз. Тарих пен тарихи кітаптар – әрқайсымыз үшін қажетті іргелі білім. Бүкіл Қазақстан бойынша университетте білім алып жатқан жастар халқымыздың тарихындағы осы бір кезеңмен қызыға танысады деген сенімдеміз», - деп атап өтті ЦентрКредит Банкінің вице-президенті Нұрлан Шегебаев.
ЦентрКредит Банкі ұзақ жылдар бойы білім беру және мәдени жобаларға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Банк кітап басып шығару ісіне тұрақты қатысады және өзінің корпоративтік кітапханасы да бар. Бұл жоба – осы игі дәстүрдің заңды жалғасы.