Дәстүр бойынша жылдың екінші жартысында келесі жылға арналған жұмыс уақыты мен демалыс күндерінің өндірістік күнтізбесі жасалады. Бұл құрал бизнеске де, жұмыскерлерге де маңызды. Мерекелер мен демалыс күндері көрсетілген өндірістік күнтізбеге сүйене отырып, компаниялар жұмыс уақытын жоспарлайды, ал бухгалтерлер жалақыны, еңбекке жарамсыздық парақтарын және еңбек демалысы төлемдерін есептеген кезде осы деректерді негізге алады. Мамандар болса, өз демалысын, мысалы, сапарларды алдын ала жоспарлай алады.
Өндірістік күнтізбе 2026 жылы қанша жұмыс күні бар деген жиі қойылатын сұраққа жауап береді. Еліміздің тұрғындары бір жыл ішінде 246 күн жұмыс істейді. Сәйкесінше, демалысқа 119 күн қалады. Енді күнтізбені толығырақ қарастырайық.
Қыстың екінші айы дәстүрлі түрде демалыс күндеріне бай. 1 және 2 қаңтарда қазақстандықтар жылдың басты мерекесі — Жаңа жылды атап өтеді. 2026 жылы 1 және 2 қаңтар бейсенбі мен жұма күндеріне сәйкес келеді, сондықтан аптасына бес күн жұмыс істейтіндер заңды демалыс күндері — 3 және 4 қаңтарда да демалады. Осыдан кейін 2026 жылы Қазақстанда небәрі екі жұмыс күні — 5 және 6 қаңтар ғана болады. Апта ортасында тағы бір демалыс күні бар: 7 қаңтарда православие дінін ұстанатын азаматтар Рождествоны атап өтеді. Одан соң тағы екі жұмыс күні (8 және 9 қаңтар) өтеді де, демалыс күндері келеді.
Қаңтардың алғашқы аптасы демалыс күндерінің көптігімен ерекшеленеді, ал одан кейін айдың соңына дейін жұмыс ырғағына біртіндеп оралуға болады.
Ақпан — жұмысты қарқынды атқаруға қолайлы ай. 2026 жылы бұл айда үш жұп демалыс күні болады: 1 ақпан жексенбіге, ал 28 ақпан сенбіге сәйкес келеді. Нәтижесінде аптасына бес күн жұмыс істейтіндерге 8 демалыс күні қарастырылған.
Қосымша демалыс күндері жоқ, себебі ақпан айында мемлекеттік те, діни де мерекелер болмайды.
Кредиттік #картакартамен қаржыны басқарыңыз
7 000 000 ₸ дейін лимит, ақшамен қайтарылатын кэшбэк, bcc smart арқылы бөліп төлеу, тегін шығару және қызмет көрсету
Көктемнің алғашқы айы маңызды оқиғалар мен мерекелерге бай, қаңтар айынан кем түспейді. 2026 жылғы наурызда Қазақстанда демалыс және мереке күндері қандай күндерге сәйкес келеді?
Тізімді Халықаралық әйелдер күні ашады. 8 наурыз жексенбіге сәйкес келгендіктен, қазақстандықтар 9 наурыз дүйсенбіде де демалады. Сол арқылы аптасына бес күн жұмыс істейтіндерге 7 наурыздан 9 наурызға дейін үш күндік демалыс болады.
Айдың соңында ең ұзақ демалыс кезеңі келеді: 21 наурыздан 23 наурызға дейін елімізде Наурыз мейрамы тойланады. Бұл көктемгі күн мен түннің теңелу мерекесі болып, шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басталуына сәйкес келеді. Наурыздың символдық мәні терең: жаңа өмірдің басталуын білдіреді, сондай-ақ достық пен бірліктің мерекесі болып саналады. Осы уақытта Қазақстанда халықтық мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Наурыз мейрамы демалыс күндеріне (сенбіден дүйсенбіге) сәйкес келгендіктен, қазақстандықтар 24 және 25 наурызда да демалады. Нәтижесінде наурызда барлығы бес күндік демалыс болады — бұл туыстарға немесе достарға баруды, саяхатқа шығуды жоспарлауға ең қолайлы уақыт.
Көктемнің ортасында да тыңғылықты жұмыс істеуге тура келеді. 2026 жылы Қазақстандағы өндірістік күнтізбе бойынша жұмыс күндері мен мерекелер тек төрт жұп демалыс күнінен (сенбі мен жексенбі) тұрады. Қалған 22 күн жұмыс міндеттерін орындауға арналған.
Сәуір айындағы қажырлы еңбектен кейін демалуға мүмкіндік туады. Себебі мамыр айында маңызды күндер көп:
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн айдың соңғы жұмыс күні — жұмаға сәйкес келеді. Сол себепті аптасына бес күн жұмыс істейтіндерге үш күндік демалыс беріледі.
7 мамыр — бейсенбі болса да демалыс күні. Бұл — Отан қорғаушылар күні. Аптаның ортасында жұмыстан аздап демалуға мүмкіндік туады.
9 мамыр — Жеңіс күні, сенбіге сәйкес келеді. Соған байланысты Қазақстан тұрғындары қосымша демалысқа 11 мамырда — дүйсенбіде шыға алады.
Екі апталық жұмыстан кейін тағы бір мерекелік үзіліс қарастырылған: 27 мамыр, сәрсенбі күні Құрбан айт тойланады. Бұл — басты ислам мейрамдарының бірі.
Мамыражай мамыр айынан айырмашылығы, маусым еңбекке бағытталған кезең болады. Жаздың алғашқы айында төрт жұп демалыс күні бар, ал қалған уақыт тиімді жұмысқа арналған.
Өнімділігі жағынан шілде айы маусымнан кем түспейді, тек бір ерекшелік бар: 6 шілде, дүйсенбі — Астана күні, бұл ресми демалыс күні болып есептеледі.
Тамыз айы маусым мен шілде айлары белгілеген үрдісті жалғастырады. Бұл айда бес жұп демалыс күні бар. Алайда 30 тамыз — Конституция күні жексенбіге сәйкес келгендіктен, қосымша демалыс күні 31 тамыз, дүйсенбі болып белгіленеді. Бұл жаңа оқу жылы қарсаңында күш жинауға тамаша мүмкіндік береді.
Қыркүйек — күздің толыққанды басталуы. Жазғы жеңіл күндер өнімді, табанды жұмысқа ауысады. Аптасына бес күн жұмыс істейтіндерді сегіз демалыс күні күтеді, ал аптасына алты күн жұмыс істейтіндерде тек төрт күн демалыс болады. Бұл айда мемлекеттік немесе діни мерекелер болмағандықтан, 22 күн жұмысқа арналған.
Қазан айы қыркүйекке қарағанда жеңілірек. Дәстүрлі демалыстардан бөлек, Қазақстан тұрғындары қосымша бір күн — 26 қазанда демалады. 25 қазан — Республика күні жексенбіге түседі. Сондықтан демалысты дүйсенбіге, яғни 26 қазанға да жоспарлауға болады: бұл демалыс күні болып саналады. Осы үш күн белсенді демалысқа, хоббимен айналысуға және күш-қуатты қалпына келтіруге жеткілікті.
Кейбір посткеңестік елдерде 7 қараша — Қазан төңкерісі күні ретінде атап өтіледі. Алайда Қазақстанда бұл күн қалыпты жұмыс күні болып есептеледі. Ай басқа ерекше мерекелік күндерге бай емес. Сондықтан әдеттегідей 9 демалыс күнімен шектелуге тура келеді.
Желтоқсан айында жаңа жыл қарсаңындағы қызу қарбалас басталады. Дегенмен сыйлықтар сатып алуды және жаңа жылдық іс-шараларды алдын ала — мүмкіндігінше демалыс күндеріне жоспарлаған жөн. Қыс мезгілінің алғашқы айы қазақстандықтарға 8 сенбі мен жексенбі күнін сыйлайды. Сонымен қатар тағы бір демалыс күні бар: 16 желтоқсанда (сәрсенбі) Тәуелсіздік күні атап өтіледі.
Қазақстандағы (ҚР) 2026 жылға арналған өндірістік күнтізбені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары жасайды. Құжат әзірленген кезде Үкіметтің демалыс күндерін ауыстыру туралы қаулылары және Еңбек кодексі негізге алынады. Бұл құрал тек жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар бизнесті дамытуды: жаңа өнімдерді іске қосуды, акциялар мен сатылымдарды ұйымдастыруды жеңілдетеді.