БЦК S&P Global CSA нұсқасы бойынша корпоративтік тұрақтылық бағасын 78 балға дейін арттырды
2026 жылдың қорытындысы бойынша Банк ЦентрКредит S&P Global Corporate Sustainability Assessment (CSA) халықаралық корпоративтік тұрақтылық бағалауында 100 балдың ішінен 78 балл жинады. 2025 жылмен салыстырғанда нәтиже 3 балға, ал 2024 жылдан бері 17 балға өсті.
Бағаның жақсаруы жауапты қаржыландырудың дамуын, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруды, сондай-ақ банктің экологиялық және әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуді көрсетеді. Негізгі бағыттардың қатарында қаржылық инклюзия, ақпараттық қауіпсіздік, іскерлік этика, экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару, сондай-ақ климаттық стратегияны іске асыру және «жасыл» қаржыландыруды дамыту бар.
Банктің тұрақты даму тәсілдері 2025–2050 жылдарға арналған Климаттық стратегияда, «Жасыл» қаржыландыру саясатында, Тұрақты даму саясатында және Экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару саясатында бекітілген. Бұл құжаттар ESG факторларын бизнес-процестерге және шешім қабылдау үдерісіне интеграциялау қағидаттарын айқындайды.
2026 жылы банк 2025 жылдың қорытындысы бойынша тұрақты даму жөніндегі үшінші есебін де жариялады. Құжат GRI, SASB және IFRS S1/S2 халықаралық стандарттарын ескере отырып дайындалған және алғаш рет банк қызметінің Қазақстан экономикасына әлеуметтік-экономикалық әсерін бағалауды қамтиды.
S&P Global CSA — компаниялардың экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық тәжірибелерін 0-ден 100 балға дейінгі шкала бойынша бағалайтын жыл сайынғы бағалау. Ол компаниялардың ESG факторларын басқару және ақпаратты ашу тәсілдерін бағалауға мүмкіндік береді.
2025 жылға арналған тұрақты даму жөніндегі есептің толық нұсқасы Банк ЦентрКредиттің ресми сайтында қолжетімді.