ЦентрКредит Банкі мен Sunwah Group ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Биылғы 25 қыркүйекте Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы аясында ЦентрКредит Банкі мен Гонконгтың Sunwah Group корпорациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың қаржы, инвестиция және жобалық қызмет салаларындағы бірлескен бастамаларды дамыту ниетін бекітеді.
Меморандумға қол қояр алдында 24 қыркүйекте Банктің бас офисінде Sunwah Group компаниясымен бірлесіп дөңгелек үстел өткіздік. Оған ҚХР мен Гонконгтың бизнес және қаржы институттарының 42 өкілі қатысты. Қонақтарға BCC Group және оның негізгі қызмет бағыттары туралы ақпарат беріліп, топ құрамындағы BCC Invest, Nomade Invest, BCC Project және ODEPT компаниялары таныстырылды. Іс-шараның басты бөлігі Гонконгтың HKEX биржасының басқарушы директоры (Managing Director) Ли Сихуанның (Larry Li) баяндамасы болды. Ол Қазақстан алтынын Гонконгтың клирингтік инфрақұрылымына қосып, трансшекаралық есеп айырысу үшін алтынмен қамтамасыз етілген цифрлық құрал құруды ұсынды. Сонымен бірге Sunwah Group төрағасы Джонатан Чой (Jonathan Choi) компаниялар арасындағы әріптестікті әрі қарай дамыту маңызды екенін атап өтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Sunwah Group компаниясымен серіктестік BCC Group пен Қытай және Гонконгтың іскерлік және қаржы қауымдастығын байланыстыратын көпірге айналып, Азия бағытында бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Анықтама
Sunwah Group төрағасы Джонатан Чой (Jonathan Choi - Цай Гуаньшэнь) – белгілі гонконгтік кәсіпкер әрі қоғам қайраткері. Ол көпсалалы халықаралық Sunwah Group корпорациясын, Гонконгтың Қытай бас сауда палатасын басқарады, сондай-ақ Қытай Халық саяси консультативтік кеңесі (ҚХСКК) Бүкілқытайлық комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі.