Кіру
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Жаңалықтар
6 тамыз 2026
Жаңартылды: 6 тамыз 2026

«Қауіпсіз шот»: алаяқтық схема қалай жұмыс істейді

Қазақстанда «қауіпсіз шот» деп аталатын алаяқтық схема кеңінен таралып келеді. Алаяқтар телефон арқылы хабарласып, адамның ақшасына қауіп төніп тұрғанына сендіріп, жинақ ақшасын оны сақтап қалуға көмектесетін шотқа өз еркімен аударуға көндіреді. Шын мәнінде бұл шот алаяқтардың атына ашылған, ал оған аударылған қаражат толықтай олардың иелігіне өтеді. Алаяқтардың құрбанына көбіне егде жастағы адамдар ұшырайды, алайда бұл схемаға жастар да жиі алданып жатады. ЦентрКредит Банкі бұл схеманың қалай жұмыс істейтінін және жинақ қаражатыңыздан айырылып қалмау үшін қандай шара қабылдау қажет екенін түсіндіреді.

Неліктен «қауіпсіз шот» болмайды

Банктерде клиентке қаражатын сақтау үшін аударуды ұсынатын арнайы «қауіпсіз», «резервтік», «қорғалған» немесе «сақтандырылған» шоттар жоқ және болуы да мүмкін емес.

ЦентрКредит Банкі қаражатыңызды «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынған кез келген адам алаяқ екенін ескертеді. Бұл — сіздің қаражатыңызды қорғау әрекеті емес, оны иемденудің айласы.

Схема қалай жұмыс істейді

Алаяқтар алдын ала дайындалған сценарий бойынша әрекет етеді.

  • Алдымен адамға емханадан, есептегішті ауыстыруға қатысты немесе маркетплейстегі тапсырыс жөнінде хабарласып, SMS-пен келген кодты айтуды сұрайды. Клиент кодты айтқаннан кейін әңгіме аяқталады.
  • Содан кейін қайтадан басқа «маман» қоңырау шалып, өзін банк, полиция немесе қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырады да, шотыңыздағы қаражатты ұрламақ болып жатыр, атыңызға кредит ресімделіп жатыр, дербес деректеріңіз алаяқтардың қолына түсті немесе шотыңызға қауіп төніп тұр деп үрей туғызатын ақпарат айтады.
  • Қысымды күшейту үшін шұғыл әрекет ету қажет деген әсер қалыптастырады: дәл қазір әрекет етпесеңіз, ақшаңыздан айырылып қаласыз дейді.
  • Алаяқтар жәбірленушіге алдын ала «нұсқау береді»: артынан банк қызметкері хабарласуы мүмкін екенін ескертеді. Шынында да банк күмәнді операцияны байқап, клиентпен байланысқа шығуы мүмкін. Сонымен қатар банк хабарласқан жағдайда не айту керек екенін де үйретеді: аударымды растауды және ақшаны анасына, әкесіне, ағасына, інісіне немесе құрбысына жіберіп жатқанын айтуды тапсырады. Мұндағы мақсат — банктің операцияны бұғаттамай, қаражатты ұрлауға кедергі келтірмеуі.
  • Жалғыз «шешім» ретінде ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды ұсынады. Олардың айтуынша, тексеру аяқталғанға дейін қаражат сол жерде «қауіпсіз» сақталады.

Шын мәнінде ақша толықтай алаяқтардың бақылауындағы шоттар мен карталарға түседі. Аударым жасалғаннан кейін қаражатты қайтару өте қиын.

Қандай сөздерден сақ болған жөн

Егер телефонмен сөйлесу барысында мынадай сөздерді естісеңіз, әңгімені бірден тоқтатыңыз:

  • «Ақшаңызды шұғыл түрде қауіпсіз шотқа аударыңыз»
  • «Біз сізге қорғалған шот ашып қойдық»
  • «Тергеу аяқталғанға дейін ақшаңызды сақтау қажет»
  • «Бұл әңгіме туралы ешкімге айтпаңыз»
  • «Біздің нұсқауларымызды орындаңыз және телефонды өшірмеңіз»
  • «Алаяқтардан бұрын үлгеру үшін кредит ресімдеңіз»
  • «Ақшаңызды мобильді қолданба арқылы өзіңіз аударыңыз»

Осы сөздердің кез келгені — алаяқтық схеманың айқын белгісі.

Банк ешқашан:

  • қаражатыңызды «сақтау» үшін оны басқа шоттарға аударуды талап етпейді;
  • қаражатты қорғау мақсатында кредит ресімдеуді сұрамайды;
  • бөгде қолданбаларды орнатуға көндірмейді;
  • әңгімені құпия сақтауды талап етпейді;
  • психологиялық қысым көрсетпейді және шешім қабылдауға асықтырмайды.

Өзіңізді қалай қорғауға болады

Егер сізге қоңырау шалып, шотыңыз бойынша «күмәнді операциялар» жасалып жатқанын хабарласа, ЦентрКредит Банкі мынадай әрекеттерді ұсынады:

  • қоңырау шалушы сенімді сөйлеп, өзін ресми тұлға ретінде таныстырса да, әңгімені бірден тоқтатыңыз;
  • ресми сайтта көрсетілген нөмір арқылы банкке өзіңіз қоңырау шалыңыз;
  • бейтаныс адамдардың нұсқауымен қаражатыңызды қандай да бір «арнайы» шоттарға аудармаңыз;
  • SMS-кодты, PIN-кодты, картаның CVV-кодын және мобильді қолданбаға кіруге арналған парольді ешкімге айтпаңыз;
  • қандай да бір күмән туындаса, банкпен тек ресми байланыс арналары арқылы хабарласыңыз.

ЦентрКредит Банкі қаражатыңызға қатысты шешімді тек өзіңіз қабылдайтыныңызды және оны тек тікелей банк арқылы, ешқандай делдалсыз, «арнайы тексерусіз» әрі қаражатты шұғыл аударуды талап ететін қоңырауларсыз жүзеге асыратыныңызды еске салады.

Есте сақтайтын ең маңызды жайт

«Қауіпсіз шот» деген ұғым жоқ. Егер біреу ақшаңызды «сақтап қалу» үшін оны басқа шотқа аударуға көндірсе, бұл — қаражатыңызды ұрлау әрекеті. Ең дұрыс шешім — әңгімені бірден тоқтатып, ресми байланыс арналары арқылы банкпен өзіңіз хабарласу.

Поиск по сайту
Cookie файлдарын баптау
Әрқашан белсенді