Анықтамалық
23 қазан 2025
Жаңартылды: 29 қазан 2025
Samsung Pay – NFC (Near Field Communication) және MST (Magnetic Secure Transmission) технологияларының негізінде жұмыс істейтін Samsung компаниясының мобильді төлем қызметі және цифрлық әмияны.
Samsung Pay қалай жұмыс істейді?
NFC технологиясы смартфонға төлем терминалымен жақын қашықтықта деректер алмасуға мүмкіндік береді. 2021 жылға дейін шыққан телефон үлгілерінде сонымен қатар MST модулі пайдаланылған. Ол магнитті жолақтың әсерін эмуляциялап, NFC қолдауы жоқ терминалдарда да төлем жүргізуге мүмкіндік береді.
Қауіпсіздікті аппараттық деңгейде қамтамасыз ету үшін Samsung Knox платформасы қолданылады. Бұл смартфонның процессоры мен жадына енгізілген қорғаныс жүйесі. Оның негізгі міндеттері:
- Телефон қосылған кезде жүйенің бағдарламалық бөлігіндегі өзгерістерді тексеру;
- Secure Element аймағына рұқсатсыз кіруден қорғау. Бұл басқа қолданбалар мен жүйе кіре алмайтын оқшауланған бөлік;
- Төлем токендерін тек Secure Element ішінде сақтау кепілдігі.
Жүйе карта иесінің нақты деректерін сақтамайды және таратпайды. Қазақстанда Samsung Pay қызметін қолдайтын банктер транзакция жасау үшін токен – кездейсоқ сандар жиынтығын қалыптастырады, ол қайта пайдалануға жарамсыз.
Samsung Pay-дің артықшылықтары
- Қолданбалы құрылғылардың көптігі. Қызметті Galaxy смартфондарының көпшілігінде және кейбір Galaxy Watch ақылды сағаттарында пайдалануға болады.
- Басқа жүйелермен оңай бірігу. Samsung Wallet қолданбасы бонус карталарын, банк карталарын, электронды билеттер мен рұқсаттамаларды біріктіріп, қызметті көпфункциялы цифрлық әмиянға айналдырады.
- Интернетсіз, әсіресе байланыс тұрақсыз аймақтарда шотқа қол жеткізу мүмкіндігі.
- Уақытты үнемдеу, өйткені телефон арқылы төлем жасау үшін тек құрылғыны бұғаттан шығарып, терминалға жақындату жеткілікті.
Смартфонда Samsung Pay қызметін қосу
ЦентрКредит Банкі шығарған карталарды Samsung Pay қызметінің қолданбасына оңай қосуға болады. Ол үшін келесі қадамдарды орындаңыз:
- Смартфоныңызда Samsung Account аккаунтыңызға кіріңіз. Аккаунт болмаса, тіркелу қажет.
- Samsung Pay қолданбасын жүктеп, авторизациядан өтіңіз.
- Смартфон теңшеулерінде NFC функциясын қосыңыз, өйткені онсыз төлем жасалмайды.
- Қолданбада өз картаңыздың деректерін енгізіңіз немесе оны смартфон камерасымен сканерлеңіз.
- Пайдаланушы келісімін қабылдағаннан кейін, банк SMS-код жібереді, оны енгізіп, картаны виртуалды әмиянға қосыңыз.
- Samsung Pay қолданбасы үшін PIN-код орнатыңыз. Ол смартфонның PIN-кодынан өзгеше болуы керек.
Верификациялау сәтті өткен соң карта смартфон арқылы төлем жасауға дайын болады. Егер сіз bcc.kz қолданбасында Samsung Pay қызметіне қосылған картаны таңдасаңыз, жүйе сізді автоматты түрде төлем жүйесінің қолданбасына бағыттайды.