Кіру
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
bcc journal
27 қазан 2026
Жаңартылды: 10 қараша 2026

Кимчи мен кимпаб арқылы бизнесті құру жолы: қазақстандық кәсіпкердің хикаясы

Алматыда зәйтүн түстес «kimchok» маңдайшасы ілінген шағын кулинария бар – бұл Қазақстандағы «корейлік үй тағамдары» форматындағы алғашқы мекеме.


Адамдар мұнда хош иісті кимчидің бірнеше түрін, тойымды кимпаб, бойды сергітетін кукси, буға пісірілген пегодя және дәстүрлі салаттарды сатып алу үшін келеді.

Мекеменің басты ережесі – тек балғын өнімді сату. Барлық тағам күн сайын шағын партиямен дайындалып, сол күні-ақ сатылып кетеді, ал витринаның арғы жағында шағын ұжымның орасан зор еңбегі жатыр. Алдын ала дайындықсыз жұмыс істеу, шикізат сатып алу, өзіндік құнды есептеу, қызметкерлерді оқыту және сапаны бақылау – кәсіпкер Наталья Егай күн сайын тамақтың дәміне ғана емес, бүкіл аспазхананың жұмысына әсер ететін ондаған мәселені шешеді.

Ол бұл кәсіпке пандемиядан кейін кездейсоқ келді. Натальяның қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істеу тәжірибесі болған жоқ, бірақ балалық шағы Үштөбе қаласында өткен, Қарағандыда фармацевтикалық білім алған, оған қоса үй шаруасында 19 жылдық тәжірибесі бар еді, ал күнделікті тамақ дайындау айтарлықтай күш, уақыт пен қуатты талап етеді.

«kimchok» тарихы неден басталды?

Наталья корей тағамдары күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналған Үштөбе деген қалашықта туып өсті. Үйге дайын тамақ сатып алынбайтын. Натальяның анасы көп жұмыс істесе де, отбасына үй тағамдарын дайындауға әрқашан уақыт табатын.

Натальяның ата-анасы 30 жылға жуық уақыт бойы көкөніс өсіріп келеді және бүгін де олар Қаратал ауданында (Үштөбе қ.) егін егетін санаулы адамдардың қатарында. Наталья бала кезінде, дала жағдайында тоңазытқыш болмағандықтан, тамақ бұзылып кетпеуі үшін оны «бір рет жеуге» ғана дайындауға тура келгенін еске алады. Бұл әдет кейін де тұрмыста қалды: қол астында тоңазытқыш болса да, келесі күнге тамақ қалмайтындай етіп дайындағысы келіп тұратын. Дәл осындай тәжірибе «kimchok» аспазханасының басты қағидасын түсінуге әкелді, ол – шағын партиялармен дайындау, тек күн сайын дайындалған жаңа тағамды сату

Бизнеске арналған шотты онлайн ашу 

Бизнес идеясы 2020 жылы кимчи жасау ұсынысынан туындады. Сол кезде Наталья серіктесімен бірге жобаны бастап, өзі рецепт әзірлеуге кірісті. Бірінші қиындық дәмдердің айырмашылығында болды – кеңес дәуірінен кейінгі корейлер үйренген кимчи Оңтүстік Кореядағы кимчи рецептінен түбегейлі ерекшеленетін.

Натальяға фармацевтикалық білімі көмектесті – оған рецептті жай ғана көшіру емес, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан дәстүрлі дайындау технологиясын ұқыпты сақтай отырып, өз дәмін шығару қызықты болды.

«Рецепт әзірлеуге екі ай дегустация және қателер бойынша жұмыс қажет болды. Маған маусымға қарамастан тұрақты дәмге қол жеткізу маңызды болды. Дәстүрлі оңтүстік кореялық кимчи рецепттерінде алмұрт пен теңіз өнімдері қосылады. Дәмді алмұрт бізде жылына екі ай ғана қолжетімді болса, теңіз өнімдерінің дәмі жергілікті сатып алушылар үшін үйреншікті емес болып шықты. Сондықтан мен рецептті өңіріміздің дәміне бейімдедім».

Алғашқы капитал және форматты өзгерту

Бизнестің бастапқы капиталы шартты болды – 80 000 теңге ғана. Бұл ақша негізгі ас үй жабдықтары мен шикізаттың алғашқы партиясына жұмсалды. Алғашқы жарты жыл бойы Наталья кимчиді өз асүйінде дайындады, содан кейін бөлек орынжайды жалға алды, өйткені кимчиге тұрақты сұраныс пайда болды, сондықтан құжаттарды ресімдеу және санитарлық нормаларды сақтау талап етілді.

Көп ұзамай серіктестікте келіспеушіліктер пайда болды. Осылайша 2022 жылдың басында Наталья жобаны жабу немесе өз бетінше жұмысты жалғастыру арасында таңдау жасауға мәжбүр болды. Адал сатып алушылар, тұрақты алдын ала тапсырыстар және өз ісіне деген үлкен сенім жұмысты әрі қарай жалғыз жалғастыруға күш-қуат берді.

Бастапқыда «kimchok» тек алдын ала тапсырыспен жұмыс істеді. Бірақ уақыт өте келе сатып алушылар алдын ала тапсырыс бермей, бірден келіп, тамақ сатып алуға бола ма деп сұрай бастады. Сонымен аспазхана өзінің шағын кеңістігіне ие болып, дайын тағамның тұрақты ассортименті қалыптасты.

Қаржыңызды бақылауда ұстаңыз. Бизнестегі кассалық алшақтықтан қалай сақтануға болады?
Кіріс пен шығыс теңгерімі. Шығынға ұшырамау нүктесін есептеу жолдары
Бизнесті кеңейту: қашан масштабтау қажет және ол қалай жүзеге асады?
Кәсіпкерлер жаңа Салық кодексіне қалай бейімделуде?

Жаңа піскен үй тамағы – басты ұстаным

Тек жаңа піскен тағамдарды сату және тамақты келесі күнге қалдырмау ұстанымы бизнес үшін қауіпті болып көрінді. Шығынға ұшырамау үшін жартылай фабрикаттармен және дайындамалармен жұмыс істеу оңай. Натальяға да шығынға ұшырайсың деп айтқан, бірақ өз ұстанымын сақтап қалу маңыздырақ болды.

«Клиенттер маған: «Наташа, біз осында келіп, тапсырыссыз, дәл қазір үй тағамдарын сатып алғымыз келеді. Қолда бар нәрсенің ішінен таңдап алып, үйге алып кетсек», – деп айтты. Мен тәуекелге бел будым, біз кішігірім көлемде тамақ әзірлей бастадық. Қазірдің өзінде, 90% жағдайда біз витринаны бір күнде толығымен сатамыз деп айта аламын», – дейді ол.

Наталья үшін «kimchok» жай ғана бизнес емес, әлеуметтік миссияға айналды. 19 жыл үй шаруасымен айналысқаннан кейін ол күнделікті тамақ дайындау қаншалықты күш-жігерді қажет ететінін жақсы түсінді. Сондықтан аспазхана әдетте әйелдерге жүктелетін үй шаруасынан арылуға көмектесетін орынға айналды.

«Бізге көбінесе әйелдер, аналар, қарт адамдар – тамақ пісіруден бір күнге болса да қолын босатқысы келетіндердің бәрі келеді. Сондықтан біз үшін адамдар тамақтың дәмін татып, бізге сенім артқанына өкінбейтіндей етіп әзірлеу маңызды. Менің жиі айтатыным, тамақ – бұл энергия, ал біз үй тағамдары арқылы адамдарға жан жылуымызды береміз».

Онлайн-бухгалтерия

Бизнесіңіздің есебін оңай жүргізіңіз!

Мейрамхана бизнесінің қателіктері, сабақтары және заңдары

Аспазхана біртіндеп өсе берді, бірақ мәзірдің кеңеюімен бірге қатаң тәртіпті талап ететін шешімдер пайда болды. Наталья қоғамдық тамақтану саласында дәмді тағам ойлап табу жеткіліксіз екенін түсінді, сондықтан өзі үшін бірнеше ережені айқындады:

  • Мәзір басқарылатын болуы керек

Тағам дәмі, құрамы бойынша ұнауы, ассортимент үйлесімді түрде толықтырылуы мүмкін. Бірақ өзіндік құнын, дайындау уақытын және ингредиенттердің жыл бойы тұрақты болуын ескеру қажет. Егер өнім тым қымбат немесе күрделі болса, оны мәзірден алып тастайды немесе мүлдем енгізбейді.

  • Дәм шикізаттан басталады

«kimchok»-та тұз өндірушісінен бастап кесу әдісіне дейін барлығы дәмге әсер етеді деп санайды. Мысалы, чимчи үшін Наталья ата-анасы Үштөбеде өсіретін ерекше жартылай ащы бұрыш қолданады. Көшеттерді ақпан айында отырғызады, ал тұқымдарды Натальяның анасы жинап, бәрін өз қолымен дайындайды. Нарықта оған ұқсас бұрышты табу мүмкін емес, сондықтан оның дәмін жоғалтпай алмастыру мүмкін емес.

  • Үлкен көлемнен гөрі бедел маңызды

Наталья супермаркеттермен де, гастромаркеттермен де жұмыс істеп көрді, бірақ бұл ынтымақтастықтың бір бөлігінен бас тартуға тура келді. Кимчи ерекше сақтау талаптарын қажет етеді, температура өзгерген кезде өнім тұрақсыз болуы мүмкін, сыртқы түрі мен дәмі өзгереді. Наталья үшін аспазханадан тыс жерде өнімнің витринадағыдай сапалы болуы маңызды. Егер оны бақылау мүмкін болмаса, сатуды кеңейтпеген дұрыс.

«Мен үшін даму картадағы нүктелердің санына байланысты емес. Даму – бұл көлемді ұлғайтқан кезде нарық сұранысы мен өз құндылықтарыңыз арасындағы тепе-теңдікті жоғалтпай, сапа мен сол дәмді сақтай алуыңыз».

  • Қаржы сауаттылығы

Тағы бір маңызды сабақ – қаржылық есеп. Бастапқыда аспазханада барлығы тұрмыстық әдіспен, қалам мен дәптердің көмегімен есептелген: бір партияны саттық, шикізатты сатып алдық, табысты серіктестер арасында бөлдік. Бір жыл өткеннен кейін ғана Наталья табысты немесе айналымдағы ақшаны жай ғана бөлуге болмайтынын түсінді. Оларды бизнесте қалдырып, одан әрі дамытуға инвестициялау керек.

«Бастапқыда мен қаржылық сауаттылықтан мүлдем хабарсыз болғанмын. Қазір жаңадан бастаған кәсіпкерлердің басты қателігі – қаржылық есептің маңызын жете бағаламау екенін түсінемін. Ақшаны кимчидің ең бірінші сатылған құтысынан немесе тұшпара килограммынан бастап санау керек. Сандар ғана нақты табыстылықты көрсетеді, кассалық алшақтықтарға жол бермеуге және өсу нүктелерін көруге көмектеседі. Бұрын мен бақылауды талап ететін сандарға жету әлі алыс деп ойлайтынмын. Есептеуді неғұрлым ертерек бастасаңыз, бизнесте тәртіп пен айқындық соғұрлым көп болады. Бар болғаны алғашқы салынған теңгеден бастап есеп жүргізіп, тек өзіңізге сеніңіз.

Бизнес ұжымнан басталады

Қазіргі таңда Натальямен бірге аспазханада бес адам жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану саласындағы кадрлар тұрақсыздығы, жауапсыздық пен қызметкерлердің дамуға деген құлықсыздығы сияқты қиындықтардан өткен Наталья, ақыры ресми жұмысқа орналасуды, айқын шарттар мен жауапкершілікті нақты бөлу жүйесін таңдады.

«Мен «біз» деп жиі айтамын, өйткені «kimchok» – бұл ортақ жұмысқа үлес қосып, оны бірлесіп істейтін адамдар. Мен үшін ұжымның тұрақтылықты сезініп, болашақты көріп, демалуға да мүмкіндік алуы маңызды. Ынтасы зор адам ғана шын мәнінде дәмді үй тағамдарын жан-тәнімен дайындай алады»

– Наталья Егай, кәсіпкер әйел

Ұжымның жақын арадағы жоспары – Натальяның брендті стратегиялық дамытуға көбірек уақыты болуы үшін қаржылық есепті толығымен автоматтандыру, мәзірге жаңа позицияларды қосу және операциялық процестерді біртіндеп басқаларға табыстау.

«Алты жыл бойы біз Үштөбе қаласынан бастау алған және мейірімді де адал тұтынушыларымыз жоғары бағалайтын тұрақты сапа мен шынайы дәмді сақтап келеміз. Қарапайым тілмен айтқанда, мен қоғамдық тамақтану саласына кездейсоқ келдім, бірақ ақырында 35 жасымда өмірімнің басты ісін таптым. Қазір «kimchok»-тың болашағы зор екенін түсінемін, бірақ өз ісіңе деген ішкі сенімнің өзі жеткіліксіз – бұл үшін байыпты, егжей-тегжейлі қаржылық есеп керек.

Менің оқиғам мен тәжірибем ең болмаса ісін енді бастаған бір кәсіпкердің өз-өзіне сенуіне және қаржылық қателіктерден аулақ болуына көмектессе, демек, 2020 жылы бәрі текке басталмаған. Ең бастысы, өз ісіңізге сеніңіз және кәсібіңіздің есеп-қисабын міндетті түрде өзіңіз қадағалаңыз.».

bcc journal арқылы жаңалықтардан хабардар болыңыз
Біздің хабар таратылымымызға жазылып, жаңа мақалалар мен өзекті ақпаратты шолуды жіберіп алмаңыз.
Поиск по сайту
Cookie файлдарын баптау
Әрқашан белсенді