Қаржыңызды бақылауда ұстаңыз. Бизнестегі кассалық алшақтықтан қалай сақтануға болады?
Компанияңыздың клиенті офиске арналған жиһаз жасауға тапсырыс берді делік. Сіз қажетті материалдарды сатып алып, үстелдерді, сөрелер мен шкафтарды дайындадыңыз. Клиент тапсырысқа риза, бірақ төлемді бір аптадан кейін ғана аударады. Алайда бүгін шотыңызда цехті жалға алу ақысын төлеуге де, қызметкерлердің жалақысын беруге де қаражат жоқ. Осындай жағдай кассалық алшақтық деп аталады.
Уақытша қаражат тапшылығы. Кассалық алшақтық дегеніміз не?
Бизнестегі кассалық алшақтық — ағымдағы міндеттемелерді (жалдау ақысын төлеу, жалақы төлеу, шикізат пен шығыс материалдарын сатып алу, салық төлеу) орындауға қажетті қаражаттың уақытша жетіспеуі. Бұл жағдай құжат жүзінде табыс табылғанымен (тапсырыс орындалғанымен), ақша шотыңызға әлі түспеген кезде туындайды.
Уақытша қаражат тапшылығының ең көп таралған себептеріне қаржыны тиімсіз басқару, қоймада тауар қорының шамадан тыс жиналуы, дебиторлық берешектің көбеюі және тиімсіз инвестициялық стратегия жатады.
Кассалық алшақтықтан ешбір бизнес толық сақтандырылмаған. Алайда мұндай жағдайдың жиі қайталануы шығынды қайта қарап, қаржылық жағдайды жан-жақты талдау қажет екенін көрсететін маңызды белгі.
Кассалық алшақтықтың тұрақты түрде туындауы мынадай салдарға әкелуі мүмкін:
- Сатылым көлемінің азаюы және соның салдарынан табыстың төмендеуі.Компания беделіне нұқсан келуі.
- Жеткізушілерге төлемнің уақытылы жасалмауынан келіспеушіліктердің туындауы.
- Өндірістегі кідірістер.
- Ұжымдағы ахуалдың нашарлауы.
- Кадрлардың тұрақтамауы.
- Айыппұлдың салынуы.
- Қарыздың көбеюі.
- Банкроттық.
Бизнеске арналған шотты онлайн ашу
Қауіпті азайтыңыз. Кассалық алшақтықтың алдын алу жолы
Кассалық алшақтық қаупін барынша азайту – бизнес-процестердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің маңызды шарты. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек?
1. Шығынды талдаңыз.
Егер қаражатты шикізат сатып алуға, қызметкерлерді оқытуға, зерттеулер жүргізуге немесе жарнамаға жұмсасаңыз, бұл бизнестің дамуына ықпал етеді. Алайда бизнеске пайда әкелмейтін, керісінше оның дамуын тежейтін шығын да болады. Сондықтан мұндай шығынды қайта қарап, мүмкіндігінше қысқартқан жөн.
Сонымен қатар қарыздарыңызды де талдаңыз. Егер бірнеше қарызыңыз болса, оларды маңыздылығы мен өтеу мерзіміне қарай реттеңіз. Ең алдымен мерзімінен кешіктірілген және өсімпұл есептеліп жатқан міндеттемелерді өтеңіз.
2. Төлемдердің басымдығын айқындаңыз.
Барлық төлемді екі санатқа бөлген ыңғайлы: міндетті (кейінге қалдыруға немесе ауыстыруға болмайды) және міндетті емес. Кассалық алшақтық қаупі туындаған жағдайда, міндетті емес төлемдерді кейінге қалдырған жөн.
3. Дебиторлық берешек пен тауар қорына аудит жүргізіңіз.
Дебиторлық берешек — басқа тұлғалардың сізге төлеуге тиіс қаражаты немесе әлі жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер. Мысалы, клиент тапсырыс бергенімен, оның ақысын әлі төлемеген болуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың санын барынша азайтуға тырысыңыз. Кейде бұл үшін контрагентпен келісіп, шарт талаптарын өзгерту жеткілікті. Ал кейбір жағдайда мәселені сот арқылы шешуге тура келеді. Сонымен қатар мерзімінен кешіктірілген төлемдер үшін айыппұл енгізу, алдын ала төлем жасаған клиенттерге жеңілдік ұсыну және төлем мерзімі жақындағаны туралы алдын ала еске салу сияқты құралдарды пайдалануға болады.
Бұған қоса бейілділік бағдарламасын қайта қарап, клиенттерге төлем мерзімін кейінге жылжыту шарттарының сіз үшін қаншалықты тиімді екенін бағалаңыз. Мысалы, клиенттер төлемді айдың 15-іне дейін жасауы тиіс болса, олардың көбі соңғы күнге дейін күтеді. Ал сіз қызметкерлердің жалақысын айдың 10-ында төлейсіз. Қызметкерлерге жалақы төлеу үшін қаражатты шұғыл іздемеу мақсатында клиенттерге төлем мерзімін, мысалы, айдың 5-іне ауыстыруға болады.
Қоймадағы тауар қорлары да айналымға түспей тұрған қаражаттың бір көзі болып саналады. Егер қоймада өтпей жатқан тауар көп жиналса, оның себебін анықтау қажет. Мысалы, сатылым көлемі төмендеген болуы мүмкін. Мұндай жағдайда сатылымды арттыруға бағытталған стратегия әзірлеген жөн. Акциялар ұйымдастырыңыз немесе тауарларды жеңілдікпен сатыңыз. Бұл қосымша қаражат тартуға және банкроттықтың алдын алуға көмектеседі.
4. Алдын ала төлем жүйесін енгізіңіз.
Алдын ала төлем — қаржы тәуекелдерін азайтуға, клиенттің тапсырысқа деген жауапкершілігін растауға және сатып алушы тапсырыстан бас тартқан жағдайда бизнесті шығыннан қорғауға мүмкіндік беретін ыңғайлы құрал. Бұл төлем тәсілі әсіресе ұзақ мерзімді жобалар (жөндеу жұмыстары, іс-шараларды ұйымдастыру, құрылыс, сайт әзірлеу немесе тапсырыс бойынша өнім өндіру) үшін тиімді.
Алдын ала төлем есебінен шикізат сатып алуға және ағымдағы төлемдерді жүргізуге болады.
5. Төлем күнтізбесін жүргізіңіз.
Төлем күнтізбесі қаржыны тиімді жоспарлауға көмектеседі. Әдетте ол бір айға жасалады. Онда барлық түсім мен шығыс ескеріліп, бизнестің төлем қабілетін объективті бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар төлем күнтізбесі кассалық алшақтық қаупі жоғары кезеңдерді алдын ала анықтауға көмектеседі. Соның арқасында дер кезінде қажетті шара қабылдай аласыз. Мысалы, кейбір төлемдердің мерзімін өзгертуге, қарызды өтеу мерзімін кейінге жылжытуға немесе клиенттермен есеп айырысу мерзімін ертерек белгілеу туралы келісуге болады.
6. Автоматтандыру құралдарын пайдаланыңыз.
Кіріс пен шығысты қағазға жазып жүргізу қазіргі бағдарламалар мен сервистерге қарағанда әлдеқайда тиімсіз. Себебі мұндай тәсілде қателік жіберу немесе маңызды шығынды ескермей қалу қаупі жоғары. Арнайы сервистер есепті автоматты түрде жүргізеді, жоспарланған төлемдерді есепке алады, банктердің қашықтан қызмет көрсету жүйелерімен біріктіріліп, қажетті деректерді автоматты түрде жүктейді.
7. Қор қалыптастырыңыз.
Қаржылық қауіпсіздік қоры дағдарыс кезеңін ең аз шығынмен еңсеруге көмектеседі. Ең дұрысы, компанияның қалыпты жұмысын 3–6 ай бойы қамтамасыз етуге жеткілікті қор қалыптастырған жөн.
Қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастырғанда әртараптандыруды да ұмытпаңыз. Яғни қаражатты әртүрлі активтерге бөліп орналастырыңыз. Мысалы, қор қаражатын әртүрлі шоттарда және әртүрлі валюталармен сақтаңыз, акцияларды ғана емес, облигацияларды да сатып алыңыз, сондай-ақ банк салымдарының мүмкіндіктерін пайдаланыңыз.
Кассалық алшақтықтың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі — табысты ұлғайту. Бұған әртүрлі жолмен қол жеткізуге болады: пайдаланылмай тұрған қоймаларды, офистерді немесе жабдықтарды жалға беру, тауар сатып қана қоймай, қосымша қызметтер ұсыну, сондай-ақ тұрақты клиенттерге арналған бейілділік бағдарламаларын енгізу.
Дәл осы жерде және дәл қазір. Кассалық алшақтық кезінде не істеу қажет?
Кассалық алшақтықтың алдын алу жолдарын қарастырдық. Ал егер ол әлдеқашан туындап қойса ше? Мұндай жағдайда мынадай шешімдер көмектеседі:
Төлем мерзімін кейінге жылжыту
Серіктестеріңізбен төлемді кейінірек жүргізу туралы келісіңіз. Кейде бизнестің тұрақтылығын сақтау үшін небәрі бірнеше күн ұту жеткілікті. Оның үстіне қиын кезеңде қолдау көрсететін сенімді серіктестердің болуы психологиялық тұрғыдан да үлкен демеу береді.
Төлем мерзімін кейінге жылжытудың арқасында шотыңыздағы қаражатты кейінге қалдыруға келмейтін ағымдағы міндеттерді орындауға пайдалана аласыз.
Қарыз қаражаты
Қиын жағдайға тап болған кәсіпкердің бәрі бірдей кредит ресімдеуге дайын бола бермейді. Оның үстіне бұл әрдайым жылдам шешім бола бермейді. Алайда балама нұсқаны пайдалануға болады. Мысалы, ЦентрКредит Банкі шот бойынша кредит лимитін ресімдеуді ұсынады.
Бизнеске арналған кредит лимиті — шотыңыздағы жеке қаражат жеткіліксіз болған жағдайда пайдалануға болатын, банк алдын ала мақұлдаған сома. Ол кәсіпкерге қажетті сәтте төлемдерді уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Лимит кассалық алшақтықты жабуға ғана емес, айналымдағы қаражатты толықтыруға және маусымдық тауарларды сатып алуға да көмектеседі. Бұл — ағымдағы қажеттіліктерді тиімді шарттармен қаржыландырудың ыңғайлы мүмкіндігі:
- Кепілсіз кредит лимитін небәрі 20 минуттаресімдеңіз. Құжаттардың ең аз жиынтығы ғана қажет, әрі күрделі төлем кестесі жоқ.
- Комиссиясыз қызметтің арқасында шығыныңызды оңтайландырыңыз. Қызмет көрсету құны — 0 теңге.
- Қарызды 30 күн ішінде өтеп, жеңілдікті кезеңнің арқасында артық төлемді барынша азайтыңыз.
- Қажет болған жағдайда кредит лимитін ұлғайтыңыз.
- Пайызды бүкіл сомаға емес, тек пайдаланған бөлігіне ғана төлеңіз.
- Қаражатыңызды bcc.kz қолданбасында ыңғайлы басқарыңыз.
Шот бойынша кредит лимитін bcc.kz қолданбасында онлайн немесе банк бөлімшесінде ашуға болады. Өнім шағын, орта және ірі бизнеске, соның ішінде ЖК мен ЖШС-ға арналған.
Сауда эквайрингі
Төлем қабылдау үшін қарапайым шешімдерді пайдаланыңыз
Бұлай жасамаңыз: қандай әрекеттерден аулақ болған жөн?
Кассалық алшақтық — күйзеліс тудыратын жағымсыз жағдай. Бірақ мұндай сәтте асығыс әрі ойланбай қабылданған шешімдер мәселені ушықтыра түсуі мүмкін. Егер кассалық алшақтыққа тап болсаңыз, мына әрекеттерден аулақ болған жөн:
- Бағаны көтермеңіз. Бұл сатып алушылармен және серіктестермен қарым-қатынасты қиындатып, жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін.
- Негізгі құралдарды сатпаңыз. Иә, бұл сізге дәл қазір төлемдерді орындауға қажет қаражат әкелуі мүмкін. Бірақ кейін табыс табуға мүмкіндік беретін құралдан айырылып қаласыз.
- Операциялық процестерді тоқтатпаңыз. Кассалық алшақтық кезінде кәсіпкерлердің көбі дүрбелеңге салынып, маркетинг бөлімінің жұмысын тоқтатады. Алайда бұл тауардың да, брендтің де танымалдығының төмендеуіне және сатылымның азаюына әкелуі мүмкін.
Қаржылық жоспарыңыз мінсіз жасалып, барлық жайт егжей-тегжейлі ескерілген күннің өзінде, форс-мажор жағдайларының салдарынан кассалық алшақтық қаупін толықтай жою мүмкін емес. Алайда бұл қауіпті азайтуға болады. Ол үшін қаржыны сауатты жоспарлап, серіктестер мен банктің ұсынатын мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды.