Кіру
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
bcc journal
20 қазан 2026
Жаңартылды: 22 қазан 2026

Қызметкерлерсіз бизнес: кәсіпкерлер бірнеше адамнан тұратын компанияны қалай құрады

Маркетплейстер, бухгалтерия аутсорсингі, фулфилмент, онлайн-банкинг пен ЖИ кәсіпкерлерге толыққанды сату бөлімінсіз, қоймасыз және бухгалтериясыз-ақ бизнесті іске қосуға мүмкіндік береді. Алайда мұндай тәсілдің өз кемшін тұстары бар.

Бұл мақалада үш кәсіпкермен бірге шағын командалардың қалай жұмыс істейтінін, қандай міндеттерді мердігерлерге тапсыруға болатынын және штатқа қызметкерлерді қашан қабылдау қажет екенін қарастырамыз.

Шағын команда — бизнесті ұйымдастырудың жаңа үлгісі

Жуырда ғана интернет-дүкен ашу үшін сатушы, оператор, бухгалтер, қоймашы мен курьер қажет еді. Бүгінде бұл міндеттердің бір бөлігін маркетплейске, фулфилмент операторына, бухгалтерлік сервиске немесе бұлтты бағдарламаға тапсыруға болады.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2026 жылғы 1 сәуірдегі жай-күй бойынша Қазақстанда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,07 млн болған. ШОБ саласында 3,92 млн адам, оның ішінде жеке кәсіпкерлікте шамамен 1,9 млн адам жұмыспен қамтылған.

Ұлттық статистика бюросы бір–үш қызметкері бар компаниялар бойынша жеке статистика жарияламайды. Сондықтан мұны кең таралғаны дәлелденген үрдіс деуден гөрі бизнесті ұйымдастырудың жаңа үлгісі деп атаған дұрыс: кәсіпкер өнімге, сатуға және негізгі шешімдерге өзі жауап береді, ал қалған міндеттерді сырттан қызмет ретінде сатып алады.

Мұндай бизнестің құрылымы мынадай болуы мүмкін:

  • бір адам тауар түрлеріне, сатуға және стратегияға жауап береді;
  • екіншісі операциялық жұмысқа, тауар сатып алуға немесе клиенттерге қызмет көрсетуге жауап береді;
  • үшіншісі контентпен, жарнамамен немесе өндіріспен айналысады;
  • бухгалтерия, қойма, жеткізу және маркетингтің бір бөлігі сыртқы мердігерлерге немесе платформаларға тапсырылады.

TARATTA брендіне 3 жыл толды. Біз дизайн, өнер мен зергерлік шеберлікті ұштастырып, авангард және минимализм стиліндегі әшекейлер жасаймыз. Дайын топтамалар да ұсынамыз, тапсырыс бойынша дара бұйымдар да әзірлейміз.

Штатта небәрі үш адам жұмыс істейді: мен, серіктесім Камила және зергер. Әрқайсымыздың мықты тұстарымызға қарай міндеттерді нақты бөліп алдық. Камила қаржы мен операциялық жұмысқа (есеп айырысу, жоспарлау, жобаның экономикасы) жауап береді, ал өнімге, шығармашылық жұмыс пен маркетингке қатысты міндеттердің бәрін мен атқарамын.

— Рената Сибгатуллина, TARATTA зергерлік бутик-ательесінің негізін бірлесіп қалаушы (ЖК)

Дүкен мен қойманың орнына маркетплейс

Микробизнес үшін маркетплейс — тауарды онлайн көрсететін алаң ғана емес. Платформа сату арнасын, төлемдерді, жарнаманы, аналитиканы, логистиканы және сатып алушымен байланысты біріктіреді.

PwC Kazakhstan және Strategy дерегіне сәйкес, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы бөлшек электронды сауда көлемі 1,72 трлн теңгеге жеткен. Онлайн сату көлемінің 92%-ы және барлық транзакцияның 96%-ы маркетплейстерге тиесілі болған. ҰСБ-ның ресми статистикасы да бұл арнаның маңызын көрсетеді: 2025 жылы Қазақстанның ішкі бөлшек саудасындағы электронды сауда үлесі 14,3% болған.

Енді кәсіпкерге бірден өз сайтын жасап, бөлек төлем жүйесін қосу, қойма жалдау және жарнама маманын жұмысқа алу міндетті емес. Бұл мүмкіндіктердің бір бөлігі платформада бар.

Маркетплейс бірнеше міндетті толық немесе ішінара атқара алады:

  • тауарлар сөресі — жеке интернет-дүкен;
  • жарнама кабинеті — бөлек маркетинг бағыты;
  • төлем инфрақұрылымы — жеке эквайринг;
  • қойма мен қаптау — фулфилмент қызметі;
  • жеткізу — жеке логистика қызметі;
  • хабарламалар мен қолдау қызметінің бір бөлігі — әр клиентпен жеке-жеке жүргізілетін байланыс;
  • аналитика — сату туралы деректерді өз бетінше жинау.

Шағын сатушы осылайша өз күшімен құра алмайтын инфрақұрылымды пайдалана алады. Бірақ сонымен қатар комиссияға, жарнама шығынына, іздеу нәтижелерін көрсету алгоритмдеріне, алаң ережесі мен логистикасына тәуелділік артады.

Біз маркетплейстерде үш жылдан астам уақыттан бері тауар сатамыз. Компаниямда төрт адам жұмыс істейді: мен және үш қызметкер (олар тауар қабылдауға, қаптауға және клиенттерге қызмет көрсетуге жауап береді).

Мен нарық пен сұранысты талдаймын, тауар сатып алып, жеткізушілермен келіссөз жүргіземін, тауар карточкаларын жасап, сатуды бастаймын. Бухгалтерияны толығымен сырттан тартылған маман жүргізеді. IT құралдарының ішінде «Каскыр Бот» автоматты баға реттегішін қолданамыз: ол нарыққа мониторинг жүргізіп, бәсекелестердің ұсыныстарына қарай бағаларымызды автоматты түрде түзетеді.

Айналымның негізгі бөлігін банктің маркетплейсі қамтамасыз етеді. Алаң комиссиясы — 9–15%, әр тауарды жеткізу құны 800–1200 теңге немесе одан да жоғары болады, ал ілгерілету бюджеті айына 1 млн теңгеден асады. Бір платформаға тәуелділіктен арылу үшін қазір Instagram арқылы сатуды дамытып жатырмыз әрі Wildberries пен Ozon-ға шығуды жоспарлап отырмыз.

— Мөлдір Ерланова, маркетплейстер мен Instagram-дағы дүкеннің негізін бірлесіп қалаушы (ЖК)

Бухгалтерия сыртқы қызмет ретінде

Шағын бизнес сыртқы мамандарға жиі тапсыратын тағы бір міндет — бухгалтерия. 1С Қазақстан материалында «1С:БухОбслуживание» бағытының басшысы Юлия Айкимбаева аутсорсинг штаттағы маманның жалақысы мен салығына, бухгалтерлік бағдарламаға және оқытуға қаражат жұмсамауға мүмкіндік беретінін айтады. Оның бағалауынша, 30–40%-ға дейін қаражат үнемдеуге болады. Бірақ бұл компания маманының пікірі болғандықтан, аталған санды тәуелсіз есептеуге негізделген орташа нарықтық көрсеткіш ретінде қабылдауға болмайды.

Аутсорсинг бухгалтерия жұмысының мүлде жойылатынын білдірмейді. Кәсіпкер бұрынғыдай құжаттарды тапсырып, төлемдерді бақылауға, есептілікті тексеріп, салыққа қатысты шешімдер қабылдауға тиіс.

1С Қазақстан мердігердің қателесуін, жауап беруді кешіктіруін, жұмыс базасын жеке компьютерінде сақтауын және маман ауысқан жағдайда нақты тәртіптің болмауын қатерлер қатарына жатқызады. Кәсіпкерге шарт жасаспас бұрын мыналарды тексеру ұсынылады:

  • мердігердің нақты саладағы тәжірибесі;
  • бухгалтерия базасы сақталатын орын;
  • резервтік көшірме жасау тәртібі;
  • деректерге қол жеткізу құқықтары;
  • шұғыл сұрақтарға жауап беру мерзімі;
  • маман демалысқа шыққанда немесе ауырып қалғанда оны алмастыратын адамның болуы;
  • тараптардың жауапкершілігі;
  • шарт бұзылған жағдайда база мен құжаттарды тапсыру тәртібі.

Шағын команда үшін бұл әсіресе маңызды: егер кәсіпкер бухгалтерия жүйесін бақыламаса, мердігермен мәселе туындағанда бүкіл бизнес тоқтап қалуы мүмкін.

Бизнеске арналған шотты онлайн ашу 

Күнделікті қайталанатын жұмысты автоматтандыру

Шағын командалар маркетплейстер мен аутсорсингтен бөлек CRM жүйесін, онлайн-кассаларды, есеп жүргізу сервистерін, чат-боттар мен генеративті ЖИ-ді қолданады. Мұндай құралдар төлем шоттарын ұсынуға, тауар қалдығын бақылауға, клиенттерге хабарлама жіберуге, тауар сипаттамаларын жазуға және есеп жасауға көмектеседі.

Mastercard пен KPMG-дің «Қазақстанның ШОБ секторы: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» зерттеуінде Қазақстандағы шағын және орта бизнес ЭЦҚ, онлайн-банкинг, цифрлық маркетинг пен онлайн-бухгалтерияны пайдаланатыны айтылған. Бұл ретте кәсіпкерлер цифрлық шешімдердің құнын және IT саласындағы дағдылардың жетіспеуін цифрландыруға кедергі келтіретін негізгі себептердің қатарына жатқызады.

Осылайша кәсіпкер жай ғана «автоматтандыруды қосып» қоймай, цифрлық жүйелердің жұмысын үйлестірушіге айналады:

  • деректер мен есептерді тексереді;
  • мердігерлердің жұмысын бақылайды;
  • жарнама мен маржиналдылықты қадағалайды;
  • клиенттің қызметті пайдалану тәжірибесіне жауап береді;
  • базаларға қосалқы жолмен кіру мүмкіндігін сақтайды;
  • қандай міндеттерді алгоритмге тапсыруға болатынын, ал қайсысын адам бақылауы қажет екенін шешеді.

Менің En Bastysy агенттігім бес жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Үлкен тұрақты штат ұстаудың орнына әр жобаға (SMM, продакшн, сайттар, инфлюенс-маркетинг) нақты фрилансерлер таңдалады. Негізгі құрамда 10 шақты адам бар, ал жұмыс қызған кезеңдерде команда 25–30 маманға дейін ұлғаяды.

Мен сатуға, клиенттермен байланысқа, аккаунтинг пен құжат айналымына жауап беремін, сондай-ақ жобаларға сарапшы ретінде өзім де қатысамын. Бухгалтерияны 5 жылдан бері аутсорсинг маманы жүргізеді. Инфрақұрылымымызға электронды құжат айналымы, логистика сервистері және айына шамамен 100 мың теңге жұмсалатын негізгі бағдарламалар (Notion, бұлтты сервистер, аналитика) кіреді.

Жұмыста ЖИ-ді қолданамыз, бірақ ол адамдарды алмастырмайды, күнделікті қайталанатын міндеттерді атқарып, оларға жұмсалатын уақытты шамамен 70%-ға қысқартады. ChatGPT жобаның ішкі деректер базасы негізінде (конфиденциалды ақпарат берілмей) үйретілген және аналитикалық деректерді жинауға, нақты мәліметтерді жүйелеуге, бастапқы нұсқаларды дайындауға көмектеседі. Мамандар нәтижені әрдайым пысықтап, мәтіннің табиғи шығуын және қатесіз болуын қамтамасыз етеді.

Мұның бәрі жаңа нарық бағыттарын жылдам игеріп, ресурстарды оңтайландыруға көмектеседі. Бұл әсіресе салық реформалары жүріп, нарықта маркетинг бюджеттері қысқарып жатқан кезеңде аса маңызды.

— Темірлан Жақсылық, En Bastysy маркетинг агенттігінің негізін қалаушы (ЖК)

Онлайн-бухгалтерия

Бизнесіңіздің есебін оңай жүргізіңіз!

Үнемдеудің шегі қайда

Бір–үш адамнан тұратын компанияны сырт көзге көрінбейтін сыртқы командасы бар бизнес деп елестетуге болады. Компанияның өзінде негізін қалаушы мен бір немесе екі негізгі қызметкер қалады, ал олардың айналасында маркетплейс, банк, фулфилмент, курьер қызметі, бухгалтер, жарнама платформасы мен бұлтты сервистер жұмыс істейді.

Бұл үлгінің артықшылығы — тұрақты шығынның аз болуы және бизнесті жылдам бастау мүмкіндігі. Кемшілігі — инфрақұрылым ұсынатын компанияларға тәуелділік. Маркетплейс тарифтерін өзгертсе, бухгалтер есептілікті кешіктірсе, мердігер базаны жоғалтып алса немесе сервис жұмысын тоқтатса, кәсіпкер ірі компанияда бірнеше бөлімге бөлінетін қатермен жалғыз бетпе-бет қалады.

Тағы бір мәселе бар: штаттың болмауы жұмыс жүктемесінің жоқтығын білдірмейді. Кәсіп иесі ресми түрде жалғыз жұмыс істегенімен, бір мезетте басшының, сатушының, маркетологтың, тауар сатып алу жөніндегі маманның және операциялық менеджердің міндетін атқаруы мүмкін. Белгілі бір кезеңде қызметкер жалдауға жұмсалатын қаражатты үнемдеу бизнестің бір адамға тәуелді болуына әкеледі.

Іс жүзінде мен дизайнердің, арт-директордың, маркетолог пен продюсердің жұмысын қатар атқарамын: әшекейлерді ойлап табамын, алғашқы үлгілерін жасаймын, брендтің нарықтағы орнын айқындаймын, түсірілімдер ұйымдастырып, контентті де өзім әзірлеймін.

ҚР заңнамасындағы өзгеріс: 2026 жылдағы бизнестің жұмысы туралы
Кәсіпкердің қаржы сауаты: ақшаны бақылауда ұстап, бизнестен айырылып қалмау жолдары
Онлайн-бухгалтерия: сіздің бизнесіңіз үшін шексіз мүмкіндіктер
Кіріс пен шығыс теңгерімі. Шығынға ұшырамау нүктесін есептеу жолдары

Біз сату көлемі бір рет күрт өскенде емес, күнделікті жұмыс жүктемесі тұрақты артқанда штатты кеңейтуге дайынбыз. Күнделікті міндеттер (клиенттерге қызмет көрсету, тапсырыстарды ресімдеу) дизайн мен стратегияға бөлетін уақытымды ала бастағанда және қаржы моделі бизнестің тұрақты пайда әкелетінін көрсеткенде алғашқы қызметкерді — клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі менеджерді аламыз.

— Рената Сибгатуллина, TARATTA зергерлік бутик-ательесінің негізін бірлесіп қалаушы (ЖК)

Қызметкерсіз бизнес — адамсыз бизнес деген сөз емес. Мұндай бизнесте адамдар мен процестердің бір бөлігін платформалар, мердігерлер мен бағдарламалар алмастырады.

Кәсіпкер штатты кеңейтпей-ақ көбірек клиентке қызмет көрсете алады, алайда бұл үшін комиссия мен жазылым ақысын төлеп, сыртқы инфрақұрылымға тәуелді болады. Сондықтан микробизнес үшін басты мәселе қанша қызметкерді жұмысқа алмауға болатынында ғана емес, сонымен қатар компания қандай міндеттерді сыртқа тапсыруға дайын екенінде және қайсысын өз бақылауында ұстауы қажет екенінде.

bcc journal арқылы жаңалықтардан хабардар болыңыз
Біздің хабар таратылымымызға жазылып, жаңа мақалалар мен өзекті ақпаратты шолуды жіберіп алмаңыз.
Поиск по сайту
Cookie файлдарын баптау
Әрқашан белсенді