Камералық бақылау: салық органы «сәйкессіздік тапса», не істеу керек
Салық төлеушінің кабинетін ашсаңыз, сәйкессіздік туралы хабарлама келіп тұрғанын елестетіңіз. Ойыңызға бірден «тексеру!» деген сөз келеді. Сабыр сақтаңыз. Көп жағдайда бұл — камералық бақылау. Уақытылы әрі нақты жауап берсеңіз, мәселе тексерусіз, айыппұлсыз және артық уайымсыз шешіледі.
Бәрін ретімен қарастырайық.
Материал авторы – сарапшы Марина Рызабаева. Мақалада келтірілген қорытындылар, бағалар мен ұсынымдар автордың жеке пікірін білдіреді.
Бұл не?
Камералық бақылау — салық төлеушіге бармай жүргізілетін тексеру. Инспектор сізге келмейді әрі құжат сұратпайды. Салық органының бағдарламасы есептілігіңізді басқа дереккөздердегі мәліметтермен өзі салыстырып, сандардың қай жерде сәйкес келмейтінін анықтайды.
Біле жүріңіз
Заңда мұндай бақылаудың мақсаты тікелей көрсетілген: сізге қатені өз бетіңізше түзетуге мүмкіндік беру. Бұл — жаза емес, ескерту.
Онлайн-бухгалтерия
Бизнесіңіздің есебін оңай жүргізіңіз!
Салық органы бәрін қайдан біледі
Декларацияда көрсеткен мәліметтеріңіздің барлығын дерлік салық органы тәуелсіз дереккөз арқылы салыстыра алады:
- ЭШФ — сіз жазып берген және алған барлық шот-фактура;
- онлайн-кассалар — Z-есептердегі түсім;
- банктер — POS-терминалдар арқылы жасалған төлемдер мен мобильді аударымдар;
- валюталық бақылау — экспорттық және импорттық келісімшарттар;
- мемлекеттік органдар — мүлік, көлік, зейнетақы жарналары, субсидия.
Егер декларацияда 10 миллион көрсетіп, ал шотыңызға және ЭШФ бойынша 13 миллион теңге түскен болса, жүйе мұны байқайды.
2026 жылы не өзгерді
1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі қолданылады. Бизнес үшін үш маңызды жайт бар:
- Бірнеше хабарламаның орнына бір хабарлама келеді. Енді бақылау қорытындысы бойынша сәйкессіздік туралы бірыңғай хабарлама жіберіледі.
- Құжат талап етуге құқығы жоқ. Хабарламаға жауап бергенде, салық органы сізден құжаттарды сұрата алмайды — оларды тізіп көрсету жеткілікті.
- Ішінара келісуге болады. Қате жіберген тұсты түзетесіз, ал қате жоқ тұсқа түсініктеме бересіз.
Тағы бір жайт: деректер жаппай салыстырыла бастады. Тек 2026 жылдың өзінде МКК ҚҚС, пайда салығы, ЖК мен фермер қожалықтарының, нотариустар мен сот орындаушыларының кірісі бойынша науқандар өткізді.
Хабарлама келді. Не істеу керек?
1-қадам. Мерзіміне назар аударыңыз
Жауап беруге 30 жұмыс күні беріледі — бұл шамамен бір жарым ай. Мерзім хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап есептеледі. Хабарлама, тіпті сіз оны әлі ашпаған болсаңыз да, Кабинетке келіп түскен сәтте табыс етілді деп есептеледі.
2-қадам. Әр соманы талдаңыз
Сәйкессіздіктің болуы заң бұзушылық бар дегенді білдірмейді. Жүйе сандарды көреді, бірақ олардың мәнін түсінбейді. Ол шотқа түскен ақшаның түсім емес, қарыздың қайтарымы екенін білмейді.
3-қадам. Жауап нұсқасын таңдаңыз
- Қатені сіз жібергенсіз — түзетілген декларацияны тапсырып, салық пен өсімпұлды қосымша төлейсіз.
- Қате жоқ — сандардың неге сәйкес келмейтінін және оны немен растайтыныңызды түсіндіріп жазасыз.
- Екеуі де бар — өз қатеңізді түзетіп, қалған бөлігіне түсініктеме бересіз.
Түсініктеме тек Салық төлеушінің кабинеті арқылы беріледі және оған ЭЦҚ-мен қол қойылады.
Назар аударыңыз
Егер мәміле сот жалған кәсіпорын деп таныған кәсіпорынмен жасалса, түсініктеме қабылданбайды. Мұндай жағдайда есептілікті түзетіп, салықты қосымша төлеу қажет.
Ал жауап бермесеңіз ше?
Мерзім аяқталғаннан кейін бірден:
- банк шоты бойынша шығыс операциялары бұғатталады — жеткізушілермен есеп айырысып, жалдау ақысын және жалақы төлей алмайсыз;
- ЭШФ жазып беру мүмкіндігі шектеледі — ҚҚС төлеуші үшін бұл іс жүзінде сатуды тоқтату деген сөз;
- салықтық тексеру тағайындалуы мүмкін.
Хабарламаға жауап бергеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бұғаттау алынады. Бірақ шотты бірнеше күн пайдалана алмаудың өзі бизнеске салықтың өзінен де ауыр тиеді.
Өмірден алынған үш жағдай
Мысалдар шартты болғанымен, мұндай жағдайлар жиі кездеседі.
1-жағдай · «Бұл түсім емес, қарыз еді»
Оңайлатылған режимді қолданатын ЖК декларацияда 18,4 млн көрсеткен, ал шотына 26,15 млн түскен. Талдау барысында айырманың басым бөлігі қайтарылған қарыз, кәсіпкердің жеке ақшасы және алдын ала төлемнің қайтарымы екені анықталды. Бұл сомалар бойынша түсініктеме беріліп, ескерілмей қалған бір төлем бойынша салық қосымша төленді. Тексеру жүргізілген жоқ.
2-жағдай · «Бір сатылым — екі жазба»
Дүкен заңды тұлғаға жасалған бір сатылымға чек те, ЭШФ да жазып берген. Жүйе касса мен ЭШФ деректерін қосып, 5 млн соманы «кем көрсету» ретінде анықтаған. «Чек — ЭШФ» кестесі бар түсініктеме жеткілікті болды.
3-жағдай · «Ешкім тапсырмаған нөлдік декларация»
Компания декларацияны уақытылы тапсырмағандықтан, жүйе нөлдік декларацияны өзі қалыптастырған. Ал ЭШФ деректері бойынша 12 млн сомаға тауар сатылған. Нақты сандар көрсетілген декларацияны тапсырып, ҚҚС пен өсімпұлды төлеуге тура келді.
ЖК-ны 0 теңгеге онлайн тіркеу
Бизнесті жеңіл бастаңыз
Хабарламалар аз келуі үшін не істеу керек
- Айына бір рет ЭШФ деректерін есеп деректерімен салыстырыңыз.
- Тоқсанына бір рет, декларацияны тапсырмай тұрып, ондағы мәліметтерді ЭШФ және касса деректерімен салыстырыңыз.
- Бизнеске бөлек карта арнап, іскерлік аударымдарды жеке аударымдармен араластырмаңыз.
- Шарттар мен актілерді «кейін, тексеру алдында» емес, бірден ресімдеңіз.
- Салық төлеушінің кабинетіне өзіңіз де, бухгалтеріңіз де кіре алатындай мүмкіндік жасаңыз.
- Қатені өзіңіз тапсаңыз, хабарлама келмей тұрып түзетіңіз.
Ең бастысы
Камералық бақылау — тексеру емес, ешқандай салдарсыз қатені түзетуге берілетін мүмкіндік. Үш ереже:
- Хабарламаны елемей қалдырмаңыз.
- Жауап беруді соңғы күнге қалдырмаңыз.
- Нақты жауап беріңіз: сомаларды, есептеулер мен құжаттарды көрсетіңіз.