Кіру
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
bcc journal
6 қыркүйек 2026
Жаңартылды: 15 қыркүйек 2026

Алдын ала ойланатын жайттар: Қазақстандағы ЖК мен ЖШС салығы

Егер сіз кәсіпкер болсаңыз және әлі күнге дейін «жаңа Салық кодексін» кейінге ысыра тұруға болатын мәселе деп ойласаңыз, сізге жағымсыз жаңалығым бар: болашақ әлдеқашан келіп қойды.

Кодекс 1 қаңтардан бастап күшіне енді, ал қазір қыркүйектің басы. Соған қарамастан, кәсіпкерлердің жартысы әлі де бухгалтерлік есепті асығыс түрде жаңа талаптарға бейімдеп, өтпелі кезеңнің уақытша қиындығы ретінде қабылдап жүр. Бірақ бұл уақытша құбылыс емес, бұл енді — ойынның жаңа ережесі. Мұны неғұрлым ертерек қабылдасаңыз, жыл соңында өсімпұл төлеу қаупі соғұрлым төмен болады.

Барлық өзгерісті бірден тізіп шығуды мақсат етпеймін. Оның орнына дәл қазір, 2026 жылдың күзінің басында нені ескеру маңызды екенін айтып өтемін. Желтоқсанды күтпей, жағдайды бүгіннен қолға алған жөн.

ҚҚС — байқатпай жақындаған меже.

Ең елеулі өзгерістің бірі, әрине, ҚҚС-ға қатысты. Мөлшерлеме 12%-дан 16%-ға өсті, бұл туралы қазір кәсіпкерлердің көбі хабардар. Алайда көпшіліктің назарынан тыс қалған тағы бір маңызды өзгеріс бар: ҚҚС бойынша міндетті есепке қою шегі екі есе қысқарды. Бұрын ол 20 000 АЕК болса, енді 10 000 АЕК. Бұл жылдық айналымның шамамен 43,25 млн теңгесіне тең. Бұрын бұл меже орташа ЖК мен шағын ЖШС үшін тым алыс болып көрінетін. Ал қазір ол бұрын ҚҚС-сыз емін-еркін жұмыс істеп, бұл мәселе туралы мүлде ойланбаған көптеген кәсіпкер үшін де өзекті бола түсті.

Бұл іс жүзінде қалай көрінеді? Мысалы, жыл қорытындысы бойынша айналымыңыз осы шекке жететін болса, салық органынан тіркелу қажеттігі туралы хабарлама келеді деп күтудің қажеті жоқ. Егер күтетін болсаңыз, сол кезде тіркелу мерзімінен кешігіп қалуыңыз мүмкін және кеш тіркелгеніңіз үшін айыппұл төлеуге тура келеді. Сондықтан дәл қазір қыркүйек айына дейінгі жинақталған түсіміңізді есептеп, жағдайыңызды бағалаңыз: белгіленген шектен әлі алыстасыз ба, әлде оған жақындап қалдыңыз ба? Егер оған жетуге санаулы ай ғана қалса, есепті алдын ала дайындай бастаңыз: электронды шот-фактуралармен жұмыс істеуді меңгеріп, кіріс ҚҚС-ын есепке алу тәртібін қарап шығып, бұл өзгерістің баға саясатыңыз бен маржаңызға қалай әсер ететінін есептеңіз. ҚҚС төлеуші мәртебесіне соңғы сәтте көшу көбіне алғашқы бірнеше айда салықты өз қалтаңыздан төлеуге әкеледі. Себебі оның құнын клиенттерге арналған бағаға алдын ала енгізіп үлгермей қалуыңыз мүмкін.

Көп жағдайда ескерілмейтін тағы бір маңызды жайт бар. Арнаулы салық режимінде (АСР) жұмыс істейтін кәсіпкер ҚҚС бойынша есепке өз еркімен тұра алмайды. 2026 жылдан бастап ҚҚС төлеушілер тек жалпыға бірдей белгіленген режимде (ЖБР) жұмыс істейтіндер болады. Яғни, АСР лимитінен асу жай ғана ҚҚС бойынша есепке қою емес, іс жүзінде барлық салдарымен бірге ЖБР-ға көшуді білдіреді. Бұл енді жай ғана техникалық өзгеріс емес. Бұл — жұмыс істеу форматының өзгеруі.

Бизнеске арналған шотты онлайн ашу 

ЖТС бойынша прогрессивті шкала — бұл меже бәріне бірдей алыс емес

Жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін ЖК үшін енді жеке табыс салығының прогрессивті мөлшерлемесі қолданылады: жылдық табыс 230 000 АЕК-ке дейін болса (бұл шамамен 994,75 млн теңге), 10% мөлшерлеме қолданылады, ал осы сомадан асқан бөлігіне 15% салық салынады. Бір қарағанда, бұл өзгеріс тек ірі бизнеске қатысты сияқты көрінуі мүмкін. Алайда табысыңыз маусымдық немесе жобалық сипатта болса және белгілі бір жылы табысыңыз күрт өсіп кетуі мүмкін болса, бұл мәселеге назар аударғаны жөн. Мысалы, ірі келісімшарт жасасаңыз немесе бір реттік ірі мәміле жүргізсеңіз, табысыңыздың бір бөлігі жоғары мөлшерлеме қолданылатын шекке өтіп кетуі мүмкін. Прогрессивті мөлшерлеме бүкіл табысқа емес, межеден асқан сомаға ғана қолданылады. Бұл салық жүктемесін біршама жеңілдеткенімен, енді жылдық қаржылық нәтижені шамалап қана болжау жеткіліксіз. Қаржылық нәтижені жыл соңында емес, алдын ала дәл есептеп, нақты болжам жасаған дұрыс.

Оңайлатылған режимдегі ЖШС мен ЖК: талаптар қатаңдай түсті

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-да жұмыс істейтіндер үшін жылдық айналым лимиті — 600 000 АЕК, яғни шамамен 2,6 млрд теңге. Әсерлі сома сияқты көрінеді. Бірақ бизнесіңіз дамып келе жатса, бұл шекке өзіңіз ойлағаннан әлдеқайда жылдам жақындауыңыз мүмкін. Әсіресе қазір түсімді есептеу тәртібі қатаңдап, көрсеткіштер ЭШФ деректерімен мұқият салыстырылып отырады. Егер сіз негізінен ЖБР бойынша заңды тұлғалармен жұмыс істесеңіз, тағы бір маңызды жайт бар: серіктес-контрагенттеріңіз сізден сатып алған тауарлар мен қызметтердің шығынын КТС бойынша шегерімге жатқыза алмайды. Мұндай ынтымақтастыққа ресми түрде тыйым салынбаған. Бірақ ірі тапсырыс берушілер үшін бұл келісімшарт талаптарын қайта қарауға немесе бағаны төмендетуді талап етуге себеп болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені негізгі клиенттермен алдын ала талқылаған жөн. Әйтпесе кейін олардың ҚҚС төлейтін басқа жеткізушіге ауысқанын біліп, кеш қалып қоюыңыз мүмкін.

Бұдан бөлек, патент, мобильді қолданба негізіндегі арнаулы салық режимі, тіркелген шегерім және бөлшек салық жойылды. Олардың орнына жаңартылған оңайлатылған режим және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жеке режим енгізілді. Егер сіз бұрынғы режимдердің бірінде әлі де әдет бойынша жұмыс істеп жүрсеңіз, бухгалтеріңізбен бірге жағдайды тексеретін уақыт келді: сізді талаптары өзіңізге сәйкес келмейтін басқа режимге автоматты түрде ауыстырып қойған болуы мүмкін.

Қаржыңызды бақылауда ұстаңыз. Бизнестегі кассалық алшақтықтан қалай сақтануға болады?
Кіріс пен шығыс теңгерімі. Шығынға ұшырамау нүктесін есептеу жолдары
2026 жылы Қазақстанда ЖК-ны қалай ашуға болады
ҚР заңнамасындағы өзгеріс: 2026 жылдағы бизнестің жұмысы туралы

Қыркүйек — елеусіз қалдыруға болмайтын ай

Алдағы бірнеше аптаға жеке тоқталған жөн, өйткені дәл қазір бірқатар міндеттеме қатар келіп тұр. 15 қыркүйекке дейін 2025 жыл үшін 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларация тапсыру қажет. Бұл шетелде активтері мен табыстары бар жеке тұлғаларға және резиденттердің белгілі бір санаттарына қатысты. 21 қыркүйекке дейін ЕАЭО аясында тауар әкелу туралы өтінішті, жер бойынша ағымдағы төлемдер есебін және қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемді тапсыру қажет. Ал 25 қыркүйек — әдеттегідей ең тығыз күн. Бұл күні КТС, ЖТС бойынша алдын ала төлемдерді, төлем көзінен ұсталатын КТС пен әлеуметтік салықты, бірыңғай төлемді және тамыз айы үшін әлеуметтік аударымдардың барлық түрін төлеу қажет. Егер сіз оңайлатылған режимдегі ЖК болсаңыз, босаңсуға әлі ерте: «өзіңіз үшін» төленетін әлеуметтік төлемдер — МЗЖ, ЖМЗЖ, ӘА, МӘМСЖ — ай сайын, келесі айдың 25-іне дейін төленеді. Бұл міндет кәсіпкердің табыс тапқанына не таппағанына қарамастан қолданылады.

Қарапайым көрінгенімен, он адамның тоғызы елемейтін кеңес: төлемдерді соңғы күнге қалдырмаңыз. Салық төлеушінің кабинетіне жүктеме артатын күндері техникалық ақаулардың болуы — сирек кездесетін жағдай емес. Ал өсімпұл қасақана әрекет үшін емес, төлемді мерзімінен кешіктіргені үшін есептеледі.

Онлайн-бухгалтерия

Бизнесіңіздің есебін оңай жүргізіңіз!

Жыл соңына дейін нақты не істеу қажет?

Осының бәрінен нақты практикалық жоспар құратын болсақ, мен үш жайтқа назар аударуды ұсынар едім.

Біріншісі — айналымды есептеп, ҚҚС бойынша белгіленген межеге қаншалықты жақындағаныңызды бағалау. «Шамамен» емес, калькуляторды қолға алып, төртінші тоқсандағы болжамды да ескере отырып есептеңіз.

Екіншісі — салық салу режимін әдетке сүйеніп емес, саналы түрде қайта қарау. 2025 жылы оңайлатылған режимде тиімді болған шешімдер жаңа мөлшерлемелер мен жаңа шектер жағдайында, әсіресе клиенттеріңіздің арасында заңды тұлғалардың үлесі артып келе жатса, ЖБР-ға көшуден гөрі тиімсіз болуы мүмкін.

Үшіншісі — тауар қалдықтарына қатысты өтпелі қағидаларды бухгалтермен немесе кеңес берушімен талқылау. Былтыр 12% мөлшерлемемен сатып алған тауарыңызды биыл сатқан кезде, оған жаңа 16% мөлшерлеме қолданылады. Бұл тауар қоры бар кәсіпкерлердің барлығына дерлік қатысты мәселе болғанымен, көп жағдайда оған соңғы кезекте назар аударылады.

Жаңа кодекс табиғаты жағынан жазалаушы құжат емес. Өзгерістердің басым бөлігі қисынды және экономиканы ашық әрі заңды жүргізу бағытына сәйкес келеді. Алайда ереженің қисынды болуы қателіктің құны өскенін жоққа шығармайды: айыппұлдар мен шоттарды бұғаттау шаралары қатаңдай түсті, ал «кейін тыныш отырып реттеп аламыз» деген мүмкіндік іс жүзінде қалмады. Сондықтан қыркүйек айы бизнесіңіздің салық жағдайына аудит жүргізуге ең қолайлы ай болмауы мүмкін. Дегенмен жыл соңына дейін бағытты түзетуге әлі уақыт бар кезде, дәл қазір осы мәселеге көңіл бөлген дұрыс.

bcc journal арқылы жаңалықтардан хабардар болыңыз
Біздің хабар таратылымымызға жазылып, жаңа мақалалар мен өзекті ақпаратты шолуды жіберіп алмаңыз.
Поиск по сайту
Cookie файлдарын баптау
Әрқашан белсенді