Кіру
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
bcc journal
5 қараша 2026
Жаңартылды: 10 қараша 2026

Берекелі жұма және Жаңа жыл қарсаңындағы жаппай сатылым: артық шығындалмай, ақшаны қалай үнемдеуге болады?

Көрінген нәрсені сатып алу себептері және саналы сауда жасаудың жолдары.

Таныс жағдай шығар: сүйікті маркетплейсіңіздің қолданбасын жылы шұлыққа тапсырыс беру үшін ашасыз да, жарты сағаттан кейін жаңа блендерді, корей косметикасының жиынтығын және робот-шаңсорғышты бөліп төлеу арқылы ресімдеп отырғаныңызды бір-ақ байқайсыз. Ал ескі шаңсорғышыңыз әлі де жақсы жұмыс істейді, блендерді өміріңізде бар болғаны екі рет пайдаланғансыз.

Қараша мен желтоқсан — нағыз қарбалас кезең. Жан-жақтан «Берекелі жұма», киберапталар және Жаңа жыл қарсаңындағы жаппай сатылымдар туралы хабарламалар толассыз келеді. Біреулер үшін бұл — қалаған заттарын тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігі. Ал енді біреулер үшін ойланбастан кредит алып, кейін балконда жылдар бойы шаң басып жататын қажетсіз заттарды жинауға әкелетін тұзақ. Қызыл баға белгілерін көргенде неге қисынды ойлауды қоятынымызды және артық төлемей, ақша үнемдеу үшін жүйені қалай өз пайдамызға жаратуға болатынын қарастырайық.

Жалған үнемшілдік: ақша шын мәнінде қайда жұмсалады?

Біз бәрін өз бақылауымызда ұстап отырмыз деп шын мәнінде сенеміз. «Жай қарап шығу» немесе «тек 80% жеңілдікпен берілетін затты сатып алу» үшін кіреміз. Бірақ сандар басқа нәрсені көрсетеді. Банк аналитикасына үңілсек, ақша үнемдеп жатырмыз деген ойымыз тез сейіледі.

Біз ЦентрКредит Банкінің карталары бойынша транзакциялар деректерін зерттеп, нақты үрдісті байқадық: жаппай сатылым кезеңінде қазақстандықтардың ақшаны қайда жұмсайтыны айтарлықтай өзгереді.

Төлем саны ірі маркетплейстерде, тұрмыстық техника мен электроника дүкендерінде, сондай-ақ косметика бутиктерінде күрт өседі. Бұл санаттарда орташа чек 45 мың теңгеге дейін және одан да жоғары көтеріледі.

Зерттеушілердің дерегіне сәйкес өткен «Берекелі жұма» кезінде қазақстандықтардың төрттен бірінен астамы «Sale» белгісі бар зат алу үшін өз еркімен қарызға батып, кредит ресімдеген. 

Маңызды мақсаттарға бүгіннен бастап ақша жинаңыз

«Менің мақсатым» депозитін bcc.kz қолданбасында небәрі бір минутта онлайн ашыңыз.
Мөлшерлеме 15,00–16,70%, ЖТСМ 16,08–18,04%.

Көрінген затты сатып алу психологиясы: Санамызды алдайтын тұзақтар

Маркетинг әлдеқашан әдемі сурет қана болудан қалды. Бүгінде ол сіздің миыңызға әсер ету үшін күреседі. Үсті сызылған бағаны көргенде бірнеше күшті фактор іске қосылады:

1. Дофамин арбауы: Олжа тапқан «аңшының» сезімі

Миымыздың марапаттау жүйесінде «сәтті мәміле» жасаған кезде ләззат гормоны саналатын дофамин бөлінеді. Сізге бесінші жұп кроссовка қажет пе, жоқ па — миға бәрібір. Ми процестің өзіне қуанады: сіз жүйені «жеңіп», қазына тауып, оны жарты бағасына алдыңыз. Бұл — ежелгі терімшілерден қалған жинау түйсігі. Шын мәнінде, ойланбастан сатып алған кезде сіз тауар үшін емес, бір сәттік ләззат үшін ақша төлейсіз.

2. Уақыт үнемдеу режимі: мидың автопилот режимі

Өмірде күрделі шешім онсыз да көп, сондықтан миымыз оңай жол іздейді. «АКЦИЯ» деген жазуы бар жарқын баннер салқынқанды талдаудың орнын басады. «Бұл жемпір неден жасалған?» немесе «Маған бұл шаш бұйралағыш шынымен керек пе?» деп ойлануды қоямыз. Ми қызыл бағаны көріп, мүмкіндік барда ала салуға бұйрық береді.

3. Тиімді ұсыныстан құр қалам деген қорқыныш сезімі (FOMO)

«50 адамның себетінде тұр», «2 дана қалды» деген жазулар мен кері санап тұрған таймерлер жасанды түрде үрей туғызады. Біреу тауарды сізден бұрын алып қояды деген уайымнан құтылу үшін оны сатып аласыз. Бұл қорқыныштың күштілігі сонша, өзімізді «ұтылып қалғандай» сезінбеу үшін тіпті керексіз затты да алуға дайынбыз.

4. «Гештальтты жабу» синдромы

Жаңа жыл жақындағанда «бәріне үлгеру» режимі іске қосылады: жобаларды аяқтау, барлық туысқа (тіпті Шымкенттегі алыс туысқа да) сыйлық алу және корпоративке киетін киімді жаңарту керек. Осы қарбаласта сатып алынатын заттардың 47%-ы жай ғана «көңіл күй үшін» алынады. Сөйтіп, мысалы, баланың болашағы үшін білім беру депозитін толықтырудың орнына ақшамызды мерекелік жылтырақтарға жұмсаймыз.

Жалған жеңілдіктер: −50%-дың астарындағы алдау

Сарапшылар маусымдық жеңілдіктерді бекерден-бекер жаппай иллюзия деп атамайды. Сатушылар жиі ескі айланы қолданады: акция басталардан бірнеше апта бұрын бағаны жасанды түрде көтереді. Мысалы, жемпір бастапқыда 10 000 теңге тұрады, кейін оның бағасы кенеттен 20 000 теңгеге көтеріледі, ал белгіленген күні сол бағаны сызып тастап, «−50%» белгісін іледі.

Талдау нәтижелері көрсеткендей, «Берекелі жұмада» жеңілдікпен сатылатын тауарлардың шамамен 28%-ының бағасы ғана соңғы бір айдағы ең төмен деңгейге түседі. Қалғаны — сатушылардың айла-шарғысы мен бағаны құбылту тәсілдері.

Тиімді сауда жасаудың 5 ережесі

Қаңтарда картаңыздағы ақша таусылып, өзіңізді кінәлап жүрмеу үшін бірнеше қарапайым әдетті қалыптастыру жеткілікті.

1. Тізім жасаңыз (және одан ауытқымаңыз)

Онлайн саудаға супермаркетке барғандай қараңыз: ол жерге аш әрі тізімсіз барсаңыз, нанды ұмытып, себетіңізді тәттілерге толтырасыз. Өзіңізге не қажет екенін алдын ала жазыңыз (мысалы: қара түсті қысқы етік, анама 15 000 теңгеге дейінгі сыйлық). Зат тізімде болмаса, демек ол сізге қажет емес.

2. bcc.kz қолданбасында қатаң лимит белгілеңіз

Картамен немесе QR арқылы төлегенде ақшамен қоштасудың «психологиялық қиындығы» азаяды. Біз қолма-қол ақшаны көрмейміз, әмиянымыздың жұқарғанын сезбейміз. Банк қолданбасында интернет-саудаға қатаң лимит белгілеңіз. Бұл артық шығыннан сақтайтын кедергі болады: қажетсіз затты алмас бұрын теңшеу бөліміне кіріп, лимитті алып тастауға тура келеді. Сол бірнеше минут ішінде әдетте байыппен ойланып үлгересіз.

3. 24 сағат ережесі

Тауарды себетке салдыңыз ба? Жақсы. Енді қолданбаны жабыңыз. Кофе ішіңіз, серуендеңіз, жұмыс істеңіз. Егер келесі күні де ол зат аса қажет болып көрінсе, сатып алыңыз. Алдын ала айтайық: әдетте бір тәулікте себеттегі тауарлардың 80%-ын алғыңыз келмей қалады.

4. Баға тарихын тексеріңіз

Үсті сызылған бағаға сене бермеңіз. Бірнеше маркетплейс пен офлайн-дүкендегі бағаны салыстырыңыз. Көптеген сауда алаңы үшін тауар бағасы жарты жылда қалай өзгергенін көрсететін ыңғайлы браузер кеңейтімдері мен Telegram-боттар бар. Көбіне «супержеңілдікпен» ұсынылған баға тауардың қыркүйектегі қалыпты бағасымен бірдей болып шығады.

5. «Мерекелік карта» әдісі

Жаңа жылға және акцияларға байланысты шығын үшін бөлек виртуалды карта ашыңыз (мұны bcc.kz қолданбасында бір минутта жасауға болады). Оған сыйлықтарға жұмсауға шамаңыз келетін соманы аударыңыз. Бір теңге де артық аудармаңыз. Картадағы ақша таусылғанда, киберапта аяқталуына тағы үш күн қалса да, саудаңыз аяқталды деген сөз.

Қазақстанның жас қала тұрғындарының Алматы мен Астана қалаларында қаржыны басқаруы туралы
Қолданбалар арқылы жеке қаржыны бақылаудың топ-5 тәсілі
Отбасы бюджеті: ақша жайлы келісіп, ажыраспаудың жолы
Жағдай: бәрі күрделі. Қазақстандықтардың қаржылық әдеттерінің шынайы көрінісі

Чек-парақ: жеңілдіктер маусымына қалай дайындалу керек?

● Сатып алатын заттардың нақты тізімін жасаңыз (және одан ауытқымаңыз).

● Белгілі бір соманы бөліп, оны бөлек картаға аударыңыз.

● Браузер мен қолданбаларда сақталған карталарды өшіріңіз (төлем жасау процесін күрделендіріңіз).

● Банк қолданбасында интернет-саудаға қатаң лимит белгілеңіз.

● Дүкендердің email-хабарламалары мен push-хабарламаларынан бас тартыңыз (көзден кетсе, көңілден де кетеді).

● Қажетті тауарлардың бағасын 2–3 түрлі сауда алаңында салыстырып көріңіз. Мұны қыркүйек-қазан айларында жасаған жөн, сонда қараша мен желтоқсандағы жеңілдіктерді салыстыратын негіз болады.

● Әр онлайн-төлем алдында 24 сағат (немесе кемінде 30 минут) үзіліс жасауға өзіңізге уәде беріңіз.

bcc journal арқылы жаңалықтардан хабардар болыңыз
Біздің хабар таратылымымызға жазылып, жаңа мақалалар мен өзекті ақпаратты шолуды жіберіп алмаңыз.
Поиск по сайту
Cookie файлдарын баптау
Әрқашан белсенді