SOS! Карта бұғатталды: не себепті бұғатталды және мұндай жағдайда не істеу керек?
Сіз күнделікті қажетті істерді орындайсыз: мысалы, интернет-дүкеннен сатып алған затыңыздың ақысын төлейсіз немесе туысыңызға ақша аударасыз. Бірақ операцияны орындауға әрекет жасаған кезде банк картаңызды бұғаттағандықтан, төлем жүргізілмей қалады. Карта қандай жағдайларда бұғатталуы мүмкін? Картаны қай кезде банктің өзі бұғаттайды, ал қай кезде мемлекеттік органдардың талабы бойынша бұғаттайды? Осындай жағдайлардың әрқайсысында не істеу керек?
Карта мен шотты бұғаттау: айырмашылығы неде?
Мұндай жағдайда айырмашылық қойылатын шектеудің ауқымында. Карта тек сіздің ақшаңызға қол жеткізуге арналған электрондық құрал екенін есте ұстаған жөн, ал шот – ақша қаражаты тікелей сақталатын орын.
Картаны бұғаттау – ауқымы жағынан анағұрлым шағын шектеу. Сіздің шотыңыз жұмысын жалғастыра береді, бірақ картаның өзін пайдалану мүмкін болмайды. Клиент шоттағы ақшаны банк кассасы арқылы ала алады. Көп жағдайда картаны бұғаттаудың себебі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады. Мысалы, клиент PIN-кодты қатарынан үш рет қате енгізсе немесе орындалатын операция күмәнді деп бағаланса, карта бұғатталады. Картаны мобильді қолданба арқылы онлайн немесе банкке қоңырау шалу арқылы пайдаланушының өзі де бұғаттай алады. Картаны алдағы уақытта пайдалану үшін оны қайта шығару қажет.
Шотты бұғаттау ақша қаражатын және олармен жүргізілетін операцияларды толық тоқтатуды білдіреді: банк кассасы арқылы қолма-қол ақша алу немесе қаражатты басқа шотқа аудару мүмкін болмайды. Ең кең таралған себептері: берешектің болуы (салық, алимент, айыппұл бойынша) және ақшаны заңсыз жолмен жылыстатуға қатысты күдіктің туындауы. Шотты алдағы уақытта пайдалану үшін борышты өтеу және өзіңіз жүзеге асыратын аударымдардың заңды екенін құжат түрінде растау қажет.
Картаны пайдаланушының өзі (мысалы, картасы жоғалған жағдайда) немесе банк (егер операция күмәнді деп танылса) бұғаттайды. Ал шотты бұғаттау мемлекеттік органдардың бастамасымен жүргізіледі.
Кредиттік #картакартамен қаржыны басқарыңыз
7 000 000 ₸ дейін лимит, ақшамен қайтарылатын кэшбэк, bcc smart арқылы бөліп төлеу, тегін шығару және қызмет көрсету
Картаны банк бұғаттады: не себепті және не істеу керек?
Себептері. PIN-кодтың қате енгізілуі, картаның қолданылу мерзімінің аяқталуы, жиі жасалатын ақша аударымдары (әсіресе шетелден келетін аударымдар) – картаның бұғатталуына ең жиі кездесетін себептер. Карта жоғалған немесе ұрланған жағдайда, оны бұғаттау үшін банкке пайдаланушының өзі хабарласады.
Алайда бұдан басқа да себептер бар:
- Кредит бойынша берешек.
Ең жиі кездесетін жағдайлардың бірі – төлемді мерзімінен кешіктіріп алу салдарынан картаның бұғатталуы. Сонымен қатар өтелмеген микрокредиттер болған жағдайда да карта жұмысын тоқтатуы мүмкін.
- Алаяқтық қаупі.
Барлық транзакциялар мұқият бақыланып отырады. Алаяқтыққа күдік келтірілген жағдайда картаның бұғатталуы көбінесе шығыстардағы айқын өзгерістердің нәтижесі болып табылады. Мысалы, клиент кенеттен ірі көлемде сауда жасай бастаса немесе төлемдер әдеттегіден басқаша (басқа қалада немесе басқа елде) жүргізілсе. Сондай-ақ интернет-банкингіңізге немесе мобильді қолданбаңызға кіруге әрекет жасау да картаны бұғаттауға себеп болуы мүмкін.
- Техникалық ақау.
Банк клиенттердің деректер базасын жаңартқан кезде немесе жаңа бағдарламалық қамсыздандыруды енгізген кезде карта уақытша бұғатталуы мүмкін. Әдетте мұндай жағдайларда пайдаланушыдан ешқандай әрекет талап етілмейді – мәселе шешілгеннен кейін банк картасы автоматты түрде қайта ашылады.
Шешімі. Егер банк картаңызды бұғаттаса, келесі әрекеттерді орындау қажет:
- Банкпен хабарласыңыз.
- Жүргізілген операцияларды тексеріңіз.
- Қажетті шараларды қабылдаңыз.
1. Банкпен хабарласыңыз.
Қолдау қызметіне қоңырау шалыңыз немесе хабарлама жазыңыз, жағдайды түсіндіріп, бұғаттаудың себебін нақтылаңыз. Техникалық қолдау қызметінің мамандары әрбір нақты жағдайда әрі қарай қалай әрекет ету керектігін түсіндіреді.
2. Жүргізілген операцияларды тексеріңіз.
Карта бойынша үзінді көшірмені қарап шығыңыз. Мұны мобильді қолданба арқылы да, оның веб-нұсқасы арқылы да онлайн жасауға болады. Әдеттен тыс операциялардың немесе өзіңіз жасамаған аударымдардың болған-болмағанын тексеріңіз.
3. Қажетті шараларды қабылдаңыз.
Егер қарыздарыңыз болса, оларды өтеу қажет. Сондай-ақ өз жағдайыңыз бойынша қандай шешім қабылдауға болатыны жөнінде банк менеджерінен кеңес алуға болады. Мысалы, клиент қаржылық қиындықтарға тап болған жағдайда, банктер кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды немесе кредитті қайта құрылымдауды ұсынады.
Егер қандай да бір транзакциялар банк тарапынан сұрақ тудырса, аударымдардың заңдылығын растайтын құжаттарды ұсыныңыз.
Егер алаяқтық қаупіне байланысты күмәніңіз болса, картаны қайта шығаруға өтініш берген дұрыс.
Ал қалған жағдайларда бұғаттау себебі жойылғаннан кейін қолданыстағы картаңызды әрі қарай пайдалана аласыз.
Шот мемлекеттік органдардың талабы бойынша бұғатталды: не себепті және не істеу керек?
Себептері. Мемлекеттік органдардың ресми шешімі болған жағдайда банктер клиенттің шотын бұғаттайды. Мемлекеттік органдар банкке талап жібереді (сот шешімі немесе сот орындаушысы шығарған қаулы) және соның нәтижесінде шотқа тыйым салынады. Көбінесе бұл клиенттің берешегі болған, мысалы, ол салықты төлемеген, алимент аудармаған, айыппұлын өтемеген немесе үшінші тұлғалар алдында қаржылық міндеттемелері болған жағдайда орын алады.
Шешімі. Мұндай жағдайларда, клиент өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін немесе мемлекеттік орган қабылдаған шешімнің күшін жойғанға дейін шотқа салынған тыйым қала береді.
Қандай шоттарға тыйым салуға болмайды
Тыйым салуға болмайтын (берешек болған жағдайда да) бірқатар шоттар бар. Бұл, төмендегідей төлемдер қабылданатын шоттар:
- Мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем.
- Алимент төлемі.
- Мүгедектік бойынша төлем.
- Бала туған кезде берілетін жәрдемақы.
Сондай-ақ білім алуға арналған жинақ шоттары мен тұрғын үй жинақ шоттары (тұрғын үй сатып алуға арналған жинақтар) да қорғалуы тиіс.
Басқа төлем карталары сияқты банк жалақы картасын да бұғаттай алады.
Болашақта бұғатталу қаупін қалай азайтуға болады?
Техникалық ақауларға байланысты туындайтын жағдайларға пайдаланушы ықпал ете алмайды. Алайда басқа тәуекелдерді азайту үшін оның келесі қарапайым қадамдарды орындауына болады:
- Ірі көлемдегі ақша аударымын жасау немесе әдеттен тыс транзакция жүргізу жоспарланып жатса, бұл туралы банкке алдын ала хабарлаңыз. Сондай-ақ картаңызды пайдаланатын басқа елге бара жатқаныңыз жөнінде де банкті ескерткен артық болмайды.
- Жеке қаражатыңызды коммерциялық қызметтен түскен қаражаттан бөліп ұстаңыз. Мұндай жағдайда екі бөлек шоттың болғаны әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз.
- Карталардың қолданыс мерзімін тұрақты түрде тексеріп отырыңыз.
- Берешектердің пайда болуына жол бермеуге тырысыңыз. Егер қаржылық жағдайыңыз өзгерсе, кезекті төлемді мерзімінен кешіктіріп алмай тұрып банкке хабарласыңыз. Кеңес беруші қалыптасқан жағдайда қалай әрекет етуге болатынын түсіндіреді.
- Интернет арқылы онлайн сауда жасау үшін бөлек картаны, мысалы виртуалды картаны пайдаланыңыз. Оған тапсырыстың ақысын төлеуге қажетті нақты соманы ғана аударып отырыңыз.
- Картаңыздың немесе шотыңыздың деректерін үшінші тұлғаларға бермеңіз, сондай-ақ бейтаныс адамдар үшін қандай да бір қаржылық операцияларды жүргізуге келіспеңіз. Бұл тек картаның бұғатталуына ғана емес, сонымен қатар құқықтық салдарға да әкелуі мүмкін.
Картаның бұғатталуы адамға күйзеліс пен қолайсыздық тудырады. Алайда банк мұндай шараларды қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, ең алдымен сіздің ақша қаражатыңыз бен жеке деректеріңізді қорғау үшін қолданады.