Бастапқы капитал. Бір жылда миллион теңгені қалай жинауға болады
Мұның жөні бар: миллион теңге көптеген мақсатты жүзеге асыруға жеткілікті. Бұл сома саяхатқа шығуға, жиһазды жаңартуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, арзан автокөлік сатып алуға немесе жылжымайтын мүлік сатып алған кезде бастапқы жарна төлеуге жетеді.
Жинағыңыз келетін соманы анықтау қиын емес. Ал ақша жинауды неден бастау керек? Біріншіден, шыдамды болу қажет: ақша жинау ұзақ уақыт алады. Бұған табыс деңгейі ғана емес, айналадағы түрлі қызықты ұсыныстарға ақша жұмсауға деген құлшыныс та әсер етеді. Екіншіден, мұқият дайындалу қажет. Үшіншіден, ақша жинаудың өзіңізге қолайлы тәсілін таңдау керек.
Дайындықсыз болмайды: миллион теңге жинауға кірісеміз
Дайындық кезеңінде мына үш қадамды орындаған жөн:
1. Мақсат қойыңыз
Мақсат ақша жинауға бағыт беріп, сізді ынталандырады. Миллион теңге керек екенін білесіз. Енді, мысалы, ай сайын қанша ақша жинай алатыныңызды есептеп көріңіз. Қарапайым есеп арқылы мақсатыңызға қанша уақытта жететініңізді анықтап, 365 күнде үлгересіз бе, соны бағалай аласыз.
Ай сайын жинайтын соманы жоспарлаған кезде нақты мүмкіндігіңізді ескеріңіз. Сома тым аз болса, ақша жинау ұзаққа созылады. Есесіне қосымша табыс көзін іздемей-ақ, үйреншікті өмір салтыңызды айтарлықтай өзгертпейсіз. Ал ай сайын көбірек ақша бөліп отырсаңыз, көздеген сомаңызды тезірек жинайсыз. Сондықтан тепе-теңдікті табу керек.
2. Қаржыңызды ретке келтіріңіз
Осы айдағы кіріс пен шығысты талдаңыз. Күнделікті өміріңізге қажетті негізгі шығынды бөліп көрсетіңіз. Бұл — коммуналдық қызмет, мобильді байланыс пен интернет ақысын төлеу, көлікке жанармай құю, азық-түлік пен итке жем сатып алу сияқты міндетті шығын. Сонымен қатар күтпеген жағдайға, мысалы, дәрі сатып алуға немесе баланы мектепке дайындауға белгілі бір соманы алдын ала қарастырған жөн. Міндетті шығын мен күтпеген жағдайға арналған соманы шегергеннен кейін қалған ақшаны жинаққа жіберуге болады.
Қай шығынды азайтуға, ал қайсысынан мүлде бас тартуға болатынын ойластырыңыз. Байқала бермейтін шығынды анықтау үшін оны бақылап отыру керек. Мысалы, бір ай бойы шығынды автоматты түрде есепке алып қана қоймай, санаттарға да бөлетін қолданбаны пайдаланыңыз.
3. Артық шығынға итермелейтін себептерді жойыңыз
Бір нәрседен бас тартуға болса, бас тартыңыз. Болмаса, балама жолын ойластырыңыз.
Мысалы, ойланбастан зат сатып алып, кейін өкінетін әдетіңіз бар делік. Алдымен мұның себебін түсінуге тырысыңыз: бұл шешім табуға көмектеседі. Ішіңіз пысқандықтан дүкен араласаңыз, өзіңізге хобби табыңыз. Ал күйзелістен арылу үшін сауда жасасаңыз, басқа тәсілдерді, мысалы, серуендеуді немесе жүгіруді байқап көріңіз.
Онлайн-дүкендерден ойланбай сауда жасауға бейім адамдарға да пайдалы лайфхактар бар. Мысалы, «Сатып алу» батырмасын баспас бұрын бір-екі күн күте тұрыңыз. Немесе маркетплейстерден біраз уақыт демалыңыз: акция аясында сатылатын тауарлар көзіңізге неғұрлым сирек түссе, жинағыңыз соғұрлым жақсы сақталады.
Кең тараған мысал: күн сайын мейрамханада түскі ас ішу немесе үйге жеткізілетін дайын тамаққа тапсырыс беру ай соңында бюджетке едәуір салмақ түсіреді. Мейрамхана мен кафеге барудан мүлде бас тартудың қажеті жоқ: сирегірек барып, жұмысқа үйден тамақ алып барыңыз. Үйде бәрібір тамақ дайындайтын боларсыз. Бұл әрі пайдалырақ, әрі үнемдірек.
Ерік-жігерге сүйеніп ақша жинаймыз: 4 лайфхак
Ынтаңыз жеткілікті болып, өзіңізді тәртіпке сала алсаңыз, ақшаны сыртқы бақылаусыз-ақ (мысалы, банктің бақылауынсыз) жинай аласыз. Ең қарапайым шешім — ақша жинау жоспарын құрған кезде белгілеген соманы ай сайын бөліп отыру. Бірақ бұл жағдай бірқалыпты болғанда ғана қолайлы: іс жүзінде табыс та тұрақсыз болып, міндетті шығын да ай сайын өзгеріп отырады. Мұндайда ең бастысы — ақша жинау ойынан бас тартпау. «Ештеңе жинамағаннан гөрі аз да болса жинаған жақсы» деген қағиданы ұстаныңыз. Әрине, ақша жинау ұзағырақ уақыт алады, ал жинақ көлемін алдын ала болжау қиындай түседі. Сонда да мақсатыңызға қарай қадам баса бересіз. Бұл жолды жеңілдету үшін мына лайфхактарды пайдаланыңыз:
1. Ұсақ ақша жинаңыз
Мысалы, жұмыстан үйге келген соң ұсақ ақшаны бөлек қорапқа (немесе жинақ сандықшасына) салып отырыңыз. Оған кемінде бір апта тимесеңіз, алғашқы нәтижені көресіз.
2. Ойланбастан сауда жасаудан бас тартқаныңыз үшін өзіңізді марапаттап отырыңыз
Көзіңізге әдемі күнделік түсті делік. Ол сізге ұнады, бірақ жақын арада қажет болмайтыны анық — блокноттарыңыз онсыз да жеткілікті. Өзіңізді ұстап, оны сатып алмаған болсаңыз, жұмсайтын ақшаңызды жинаққа салыңыз. Бұл әдіс зиянды әдеттермен күресте де тиімді: денсаулығыңызға зиян келтіретін нәрселерге жұмсалуы мүмкін ақшаның бәрін жинаққа жіберіңіз.
3. Шоттардағы қалдықты аударыңыз
Мысалы, аптасына бір рет картадағы қалдықты тексеріп, соманы дөңгелектегенде артылатын ақшаны бөлек картаға аударыңыз. Ол виртуалды карта болуы мүмкін — оны ашу өте оңай. Осылайша ақша жинау күнделікті өмірде байқалмайтын әрі барынша қолайлы әдетке айналады.
4. Күтпеген жерден түскен ақшаның бәрін жинай беріңіз
Жоспарда болмаған ақшалай түсімнің бәрін мақсатыңызға бағыттаймын деп шешіңіз. Сыйға берілген ақша, сыйлықақы, қайтарылған қарыз, карта бойынша кешбэк — бәрін жинаққа салыңыз. Үйіңіздегі артық заттарды реттеп, қажетсіз дүниелерді Olx.kz сайтында сатуды ұйғарсаңыз, көздеген сомаңызды әлдеқайда тез жинай аласыз.
Сырттан көмек қажет болғанда
Тек ерік-жігеріңізге сүйеніп ақша жинай алсаңыз да, конвертте немесе картада жатқан ақша табыс әкелмейтінін есте ұстаған жөн, себебі оның құны инфляцияның әсерінен біртіндеп төмендей береді. Ақшаңыздың табыс әкелуіне мүмкіндік беретін түрлі қаржы құралдары инфляцияның әсерін азайтуға көмектеседі. Олар:
Салымдар
Ақшаңыз табыс әкеледі, ал оны ойланбастан жасалатын саудаға жұмсау қиындай түседі. Кері қайтарып алынбайтын салымдағы ақшаны банкпен келіспей мерзімінен бұрын алуға мүлде болмайды. Қазақстанда салымшылардың қаражаты қайтарылатынына банктің өзі ғана емес, мемлекет те кепілдік береді. Депозит ашу үшін бастапқы сома қажет, бірақ ол көбіне аз болады — 1 KZT болуы мүмкін.
ЦентрКредит Банкі мақсатыңызға сай келетін, шарттары икемді салымдарды ұсынады:
- «Чемпион» — ай сайын пассивті табыс алуға арналған салым. Салымды төрт валютамен ашуға болады. Салымды толықтыруға шектеу қойылмайды. bcc.kz қолданбасында ресімдесеңіз, мөлшерлеме жоғары болады.
- «Рахмет» — банк ұсынатын салымдардың ішінде мөлшерлемесі ең жоғары депозит. Ұзақ мерзімге ақша жинауға қолайлы нұсқа: қаражатты ішінара алу қарастырылмағандықтан, ақшаңыз сақталады. Депозит мерзімі автоматты түрде ұзартылады, сондықтан ақшаңыз әрі қарай да табыс әкеледі.
- «Менің мақсатым» — аз ғана бастапқы сомамен нақты арманыңызды орындауға ақша жинау мүмкіндігі. Бағдарламаның ерекшелігі — қолданба арқылы онлайн толықтырудың ыңғайлы тәсілдері. Шотқа ақша түскен сайын немесе сауда жасаған сайын салымға белгілі бір сома аударыңыз, соманы дөңгелектеңіз немесе қалдықты аударыңыз.
- Birge+ — бірге ақша жинағысы келетіндерге арналған салым. Бағдарламаға 5 адамға дейін қатыса алады және олардың әрқайсысы депозиттегі қаражатқа қол жеткізе алады. Салымды толықтыруға болады, сондықтан арманыңызға әлдеқайда тез жетесіз.
Бағалы қағаздар
Бұл — мәселені мұқият зерттеуге дайын адамдарға арналған жинақтау тәсілі. Салымға қарағанда, инвестиция салу үшін білім мен нарықты талдау қажет. Жаңадан бастасаңыз, қатері ең төмен активтерден — облигациялардан бастаған дұрыс. Ал акциялар — қатері жоғары, бірақ табысы да көбірек бағалы қағаздар.
Өмірді жинақтаушы сақтандыру
Бірден екі міндетті шешеді: денсаулықты қаржылай қорғауды қамтамасыз етеді әрі ақша жинауға мүмкіндік береді. Сақтандырудың жұмыс істеу тәртібі қарапайым: клиент ақшаны (бірден немесе айына, тоқсанына не жылына бір рет) аударады, ал сақтандырушы бұл соманы екі бөлікке бөледі. Бір бөлігі (жарақат алған немесе ауырған жағдайға арналған) сақтандыру резервіне жіберіледі, ал екіншісін компания қосымша табыс алу үшін инвестициялайды.
ИПҚ (инвестициялық пай қоры)
Пайшылар қаражатын қорға салады, ал басқарушы компания бұл қаражатты инвестиция жасауға, яғни бағалы қағаздарды, алтынды немесе жылжымайтын мүлікті сатып алуға пайдаланады. ИПҚ арқылы ақша жинағанда, инвестицияның қыр-сырын өз бетіңізше зерттеудің қажеті жоқ — барлық міндетті мамандар атқарады.
Ақша жинаудағы ең қиыны — алғашқы қадамды жасау. Одан кейінгі әрбір қадам сізді мақсатыңызға жақындата түседі. Басында оңай болмауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе маңызды нәрсеге көңіл бөліп, маңызы жоқ шығыннан бас тартатын пайдалы қаржылық әдет қалыптасады. Бұл ақшаны сауатты басқаруға ғана емес, үлкен армандарды да оңай жүзеге асыруға мүмкіндік береді.