Кіріс пен шығыс теңгерімі. Шығынға ұшырамау нүктесін есептеу жолдары
Кез келген бизнес бірден пайда әкелмейді. Көп жағдайда компаниялар алдымен шығындарын жауып, содан кейін ғана пайда табуға көшеді. Осы кезең шығынға ұшырамау нүктесі (рентабельділік шегі) деп аталады.
Шығынға ұшырамау нүктесі дегеніміз не?
Шығынға ұшырамау нүктесі — бұл бизнестің шығысы кірісімен толық өтелетін, ал осы межеден кейін өндірілген әрбір өнім немесе көрсетілген әрбір қызмет кәсіпорынға пайда әкеле бастайтын кезеңі.
Осылайша, егер компания:
- шектен асса, пайда таба бастайды
- бұл деңгейге жетпесе, шығынға ұшырайды
Бизнеске арналған шотты онлайн ашу
Бизнесте рентабельділік шегін не үшін есептеу қажет?
Бұл көрсеткіш мынадай міндеттерді орындауға көмектеседі:
- Тауардың (жұмыстың немесе қызметтің) өзіндік құны мен бағасын айқындау. Бұл компанияның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтауы үшін маңызды
- Сату жоспарын құру
- Жобаның өзін-өзі өтеу мерзімін (кіріс шығыстан асып түсетін уақытты) анықтау
- Шығынға ұшырау нүктесіне жетуге кедергі келтіретін мәселелерді анықтау
- Кәсіпорынның қаржылық жағдайы мен төлем қабілеттілігін бағалау
- Тауар мен қызметтің бағасын көтеру/төмендету түсімге қалай әсер ететінін болжау
Рентабельділік шегі немесе шығынға ұшырамау нүктесі компаниядағы басқарушылық шешім қабылдайтын барлық қызметкер (директордан бастап қаржы аналитигіне дейін) үшін маңызды көрсеткіш. Сонымен қатар шығынға ұшырамау нүктесін есептеу үшінші тараптар үшін де маңызды:
- Кредиторлар – ұйымның қаржылық сенімділігін бағалап, оған қарыз қаражатын беруге болатынын анықтайды.
- Инвесторлар – бизнестің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін талдап, оған инвестиция салу мүмкіндігін қарастырады.
- Мемлекет – бұл көрсеткішті бизнестің тұрақты дамуының белгісі ретінде бағалайды.
Тұрақты және айнымалы шығындардың айырмашылығы неде?
Рентабельділік шегін есептеудің міндетті кезеңдерінің бірі — тұрақты және айнымалы шығындарды анықтау.
Тұрақты шығындар деп ай сайын өзгермейтін, тұрақты түрде қайталанып отыратын және сатылым көлеміне немесе өндіріс ауқымына тәуелді емес шығысты айтады. Мұндай шығыс кәсіпорын уақытша жұмысын тоқтатқан жағдайда да сақталады.
Оларға мыналар жатады:
- Тұрақты жалақы алатын қызметкерлердің еңбекақысы (бюджеттен тыс қорларға жасалатын төлемді қоса алғанда).
- Кеңсе, қойма немесе өндірістік үй-жайды жалға алу ақысы.
- Коммуналдық төлемдер.
- Заңгерлік, қаржылық қызметтер. Мысалы, банктегі шотқа қызмет көрсету, заңгер қызметі, лицензия алу үшін төленетін ақы.
- Амортизациялық төлемдер (жабдықтардың тозуына).
- Міндетті төлемдер (сақтандыру жарналары).
- Бағдарламалық жасақтамалар (жазылымдар мен бұлтты сақтау сервистерінің ақысы).
Онлайн-бухгалтерия
Бизнесіңіздің есебін оңай жүргізіңіз!
Айнымалы шығындар сатылым көлемі мен өндіріс ауқымына байланысты өзгеріп отырады. Оларға мыналар жатады:
- Материалдарды, құрамдас бөлшектерді, шикізат пен қаптаманы сатып алу.
- Келісімді еңбекақы төлемі.
- Жұмыскерлерге берілетін бонустар, сыйақылар.
- Жанармайға және басқа да энергия ресурстарына жұмсалатын шығындар.
- Көлік қызметтері (логистикалық компаниялардың консультациялары, курьер шақыру қызметі).
Шығынға ұшырамау нүктесін қалай есептеуге болады?
Шығынға ұшырамау нүктесін есептеу үшін мынадай көрсеткіштер ескерілетін формула қолданылады:
- CVP/BEP— шығынға ұшырамау нүктесі.
- TFC — тұрақты шығындар.
- TVC — айнымалы шығындар.
- AVC — өнім бірлігіне шаққандағы айнымалы шығындар.
- TR — түсім (кіріс).
- P — өнімді өткізу бағасы.
- Q — өндіріс көлемі (натуралды өлшем бірлігінде).
- MR — маржиналдық табыс. Бұл — түсім мен айнымалы шығындардың арасындағы айырма.
Рентабельділік шегін екі тәсілмен есептеуге болады. Әр тәсіл үшін жеке формула қолданылады:
- Ақшалай мәнде. Есептеу нәтижесінде барлық шығынды толық жабуға жеткілікті болатын түсім көлемі анықталады.CVPақш = (TFC / MR) х P.
- Натуралды мәнде. Есептеу нәтижесінде шығындардың толық өтелуі үшін сатылуы немесе өндіріліп өткізілуі қажет өнім саны анықталады.CVPнат = TFC / (P — AVC)
Сонымен қатар CVPнат көрсеткіші арқылы CVPақш мәнін анағұрлым қарапайым формуламен де есептеуге болады:
CVPақш = CVPнат х P.
Шығынға ұшырамау нүктесін есептеу мысалы
Шағын Х кәсіпорнының мынадай бастапқы деректері бар деп алайық::
Тұрақты шығындар (TFC) — 50 000 теңге.
Өнім бірлігіне шаққандағы айнымалы шығындар (AVC) — 100 теңге.
Өткізу бағасы (P) — 200 теңге.
Жоғарыда келтірілген формулалар арқылы осы кәсіпорынның шығынға ұшырамау нүктесін натуралды және ақшалай мәнде есептейік:
Натуралды мәнде.
CVPнат көрсеткішін CVPнат = TFC / (P — AVC) формуласы бойынша есептейміз:
CVPнат = 50 000 / (200 — 100), яғни 500 дана.
Демек, Х кәсіпорны шығынға ұшырамау нүктесіне жету үшін кемінде 500 дана өнім сатуы қажет.
Ақшалай мәнде.
Бірінші есептеудің нәтижесін пайдаланып, CVPақш көрсеткішін CVPақш = CVPнат × P формуласы арқылы анықтаймыз.
CVPден = 500 х 200, яғни 100 000 теңге.
Яғни, егер Х кәсіпорнының ай сайынғы түсімі кемінде 100 000 теңгені құраса, ол шығынға ұшырамау нүктесіне жетеді. Егер түсім 100 000 теңгеден төмен болса, кәсіпорын шығынмен жұмыс істейді. Егер түсім 100 000 теңгеден жоғары болса, кәсіпорын пайда таба бастайды.
Бұл көрсеткіш кәсіпкерге бизнестің қауіпсіздік шегін айқындауға, компанияның қаржылық жағдайын бағалауға және оның дағдарысқа қаншалықты жақын екенін түсінуге мүмкіндік береді. Дегенмен, шығынға ұшырамау нүктесін есептеу барлық бизнес түрі үшін бірдей өзекті бола бермейді. Бұл көрсеткіш, әсіресе, сатылым көлемі тұрақты және шығындары тұрақты әрі айнымалы болып нақты бөлінетін компаниялар (жаппай өнім өндіруші кәсіпорындар, бөлшек сауда бизнесі және абоненттік модель бойынша жұмыс істейтін қызмет көрсету ұйымдары) үшін маңызды. Ал жобалық бизнес, бір жолғы қызмет көрсететін компаниялар мен стартаптар үшін мұндай есептеулердің тиімділігі төмен болуы мүмкін.