Кіру
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
Скачать мобильное приложение bcc.kz
Cканируйте QR-код, камерой вашего телефона
bcc journal
16 қазан 2026
Жаңартылды: 16 қазан 2026

Қазақстанда ажырасу қанша тұрады?

Сотқа жүгінбей ажырасуға бола ма, балалар кіммен қалады, мүлік қалай бөлінеді және өзара ымыраға келіп ажырасу мүмкін бе?

2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркеліп, 45,7 мың ажырасу ресімделген. Ажырасудың шамамен төрттен үш бөлігі қалаларда болған. Отбасылар көбіне бірге өмір сүрген алғашқы бір-төрт жылдың ішінде ажырасады, барлық ажырасудың 35% осы кезеңге тиесілі. Ал ерлі-зайыптылардың тағы 8% бір жыл бірге тұрмай жатып айырылысқан.

Статистика көңіл қуантарлық емес, ажырасу туралы ойланған адамды толғандыратын басты сұраққа жауап бермейді: жаңа өмір бастау қанша тұрады?

Ажырасу бір үй шаруашылығын екіге бөледі. Ресми мемлекеттік баж бұл шығындардың аз ғана бөлігі. Одан әлдеқайда қомақты қаржы жеке тұрғын үй жалдауға немесе сатып алуға, ортақ мүлік пен кредиттерді бөлуге, адвокат қызметіне, нотариаттық ресімдеулерге, алимент төлеуге жұмсалуы мүмкін және отбасы екінші табысынан айырылады. Сондықтан ажырасу ерлі-зайыптылар үшін тек құқықтық мәселе емес, сонымен қатар маңызды қаржылық міндет.

Ресми шығындарды есептеген кезде мына жайтты ескерген жөн: 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгені құрайды («2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңы).

Ажырасу қанша тұрады?

Қазақстанда некені бұзудың екі негізгі жолы бар: АХАТ органы арқылы немесе сот арқылы.

АХАТ арқылы (сотсыз)

Бұл тәртіп ерлі-зайыптылардың ажырасуға өзара келісімі болған, ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ және мүлікті бөлуге қатысты даулары болмаған жағдайда қолданылады.

2026 жылдың басында ажырасуды тіркеу үшін мемлекеттік баж мөлшері 2 АЕК (8 650 теңге) деп көрсетілген болатын. Алайда кейіннен АХАТ қызметтерінің тарифтері қайта қаралып, өзара келісім бойынша ажырасуды тіркеудің қолданыстағы құны 7 728 теңгені құрады.

Ерекше жағдайларда (егер жұбайлардың бірі хабар-ошарсыз кеткен, әрекетке қабілетсіз деп танылса, үш жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айырылса) eGov порталындағы мәліметке сәйкес ажырасуды ресімдеу құны 386,40 теңгені құрайды.

Кредиттік #картакартамен қаржыны басқарыңыз

7 000 000 ₸ дейін лимит, ақшамен қайтарылатын кэшбэк, bcc smart арқылы бөліп төлеу, тегін шығару және қызмет көрсету

Сот арқылы

Отбасында кәмелетке толмаған балалар болған жағдайда, ерлі-зайыптылардың бірі ажырасуға қарсы болса немесе мүлікті бөлуге қатысты дау туындаса, неке сот тәртібімен бұзылады.

  • Ажырасу туралы базалық талап-арыз бойынша мемлекеттік баж 1 298 теңгені құрайды (0,3 АЕК).
  • Мүлікті бөлу туралы талап-арыз бойынша мемлекеттік баж бөлек төленеді. Мемлекеттік баж даулы мүлік құнының 1%-ын (талап-арыз құны) құрайды.

Мысалы, ерлі-зайыптылар құны 30 млн теңге болатын жылжымайтын мүлікті сот арқылы бөлетін болса, мүліктік талап бойынша ғана мемлекеттік баж мөлшері 300 мың теңгені құрайды. Бұған тәуелсіз бағалау қызметінің, нотариустың және адвокаттардың шығындары кірмейді.

Саяжай жер телімін таңдау жолдары: қала күйбеңінен шаршағандарға арналған практикалық нұсқаулық
Қолданбалар арқылы жеке қаржыны бақылаудың топ-5 тәсілі
ҚР заңнамасындағы өзгеріс: 2026 жылдағы бизнестің жұмысы туралы
Үш бөлмелі пәтерді 3 миллион теңгеге жөндеу: құралдар, кеткен қате және Қытайдан алынған заттар

Ірі шығындар қашан пайда болады?

Егер ерлі-зайыптылар арасында дау болмаса, ажырасуды өз бетінше ресімдеуге болады. Алайда келіспеушіліктер туындаған жағдайда кәсіби заңгердің көмегіне жүгінуге тура келеді.

Заңгердің қызметі мынадай жағдайларда қажет болуы мүмкін:

  • талап-арызды заң талаптарына сәйкес дұрыс дайындау;
  • балалардың кіммен тұратынын анықтау және алимент өндіріп алу;
  • пәтерді, автокөлікті немесе бизнесті бөлу, ерлі-зайыптылардың үлестерін айқындау;
  • мүлікке қатысты мәмілеге дау айту немесе қай қарыздардың ортақ міндеттеме екенін анықтау;
  • сотта мүдделерді толыққанды қорғауды және өкілдік етуді ұйымдастыру.

Адвокаттар мен заңгерлер қызметіне қатысты мемлекет бекіткен бірыңғай тарифтер жоқ. Қызмет құны істің қаралатын өңіріне, даудың күрделілігіне, сот отырыстарының санына және бөлінетін мүліктің көлеміне байланысты өзгереді.

Балалар мен алимент

Егер отбасында кәмелетке толмаған балалар болса, неке тек сот тәртібімен бұзылады.

Нотариус Лейла Сауранбаеваның айтуынша, мүлікті сот арқылы бөлген кезде ерлі-зайыптылардың үлестері әдетте тең деп танылады. Алайда сот Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексінің 38-бабының 2-тармағына сәйкес бұл қағидаттан ауытқып, балалар бірге қалатын ата-ананың үлесін ұлғайтуы мүмкін. Мұндай шешім, мысалы, баланың денсаулық жағдайын немесе оның үйреншікті өмір сүру ортасын сақтап қалу қажеттілігін ескере отырып қабылданады.

Сонымен қатар сотта мынадай маңызды мәселелер қаралады:

  • балалардың қай ата-анамен бірге тұратыны және екінші ата-ананың олармен қарым-қатынас жасау тәртібі;
  • алименттің мөлшері мен оны төлеу тәртібі;
  • емделу, оқу, үйірмелер мен спорт секциялары, сондай-ақ жол жүру шығындары сияқты қосымша шығыстарды кімнің және қандай тәртіппен өтейтіні.

bcc junior балалар картасы

Балаңыздың қаржылық тәуелсіздігіне апаратын жол

Алимент төлеу және баланы асырауға кететін нақты шығындар

Мынаны түсіну маңызды: соттың алимент өндіру туралы шешім шығаруы мен алименттің іс жүзінде тұрақты төленуі әрдайым бірдей нәрсе емес.

Егер алимент төлеуші табысын жасырса, бейресми түрде жұмыс істесе немесе төлем жасаудан жалтарса, алиментті өндіріп алу үшін сот орындаушыларымен қосымша жұмыс жүргізуге тура келеді.

Балалармен бірге қалатын ата-ана ай сайынғы шығындарды алдын ала нақты есептеп алғаны жөн. Оған мыналар кіруі мүмкін: азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер, көлік шығындары, үйірмелер мен спорт секциялары, тұрғын үй жалдау ақысы, коммуналдық төлемдер.

Тұрғын үй мәселесі: ең құнды мүлік және негізгі дау көзі

Тұрғын үй, әдетте, отбасының ең қымбат активі әрі ажырасу кезінде ең көп дау туындайтын мүлік болып табылады. Сондықтан ажырасу туралы өтініш бермес бұрын төмендегі сұрақтарға жауапты нақтылап алған жөн:

  • Пәтер кімнің атына және қашан ресімделген? Ол қашан сатып алынды, кімнің меншігінде тіркелген, онда балалар тіркелген бе және неке шарты бар ма?
  • Пәтер кімнің қаражатына сатып алынды? Сатып алу мәмілесі неке кезеңінде жасалды ма, төлемдерді кім нақты жүзеге асырды, ипотека немесе кепіл бар ма, қарыз алушы ретінде кім көрсетілген?

Жалпы ереже бойынша, неке кезеңінде сатып алынған барлық мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып есептеледі және тең үлеспен (50/50) бөлінеді. Бұл қағида ерлі-зайыптылардың біреуі ресми жұмыс істемей, үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелеген жағдайда да қолданылады.

Алайда бұл ереженің ерекшеліктері де бар. Некеге дейін сатып алынған, сондай-ақ сыйға тарту немесе мұрагерлік тәртібімен алынған мүлік жеке меншік болып саналады және бөлінуге жатпайды. Дегенмен әрбір жағдайда құқық белгілейтін құжаттарды мұқият зерделеу қажет.

Маңызды: 2025 жылдан бастап Қазақстанда мүлікті бөлуге қатысты талап қою мерзімін есептеу тәртібі өзгерді. Енді бұл мерзім ажырасқан күннен бастап автоматты түрде есептелмейді. Оның басталу уақыты тұлғаның өз құқықтарының бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған сәтімен анықталуы мүмкін. Мысалы мүлікті жасырғаны немесе оны өз атына заңсыз ресімдеуге әрекеттенгені белгілі болған уақыт есептеу нүктесі ретінде қарастырылуы мүмкін.

Тұрғын үйге қатысты жасырын мәмілелерден қалай қорғануға болады?

Қазақстанда ортақ меншік болып табылатын тұрғын үйді екінші жұбайына ескертпестен сату іс жүзінде мүмкін емес.

Нотариустар мәміле жасау кезінде Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе (ЕНИС) арқылы некеде тұрған-тұрмағанын тексереді және жұбайының нотариаттық куәландырылған келісімін міндетті түрде талап етеді.

Бұдан бөлек, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы кез келген уақытта eGov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар мен ауыртпалықтар туралы анықтаманы онлайн түрде өз бетінше сұрата алады.

 

— Лейла Сауранбаева, нотариус (Астана қ.)

Мүлікті, ипотеканы және бизнесті бөлу

Шығындар мен құқықтық мәселелердің елеулі бөлігі құжаттарды ресімдеуге және банкке қатысты туындайды.

Пәтер, автокөлік немесе бизнеске қатысты келісімдерді ресімдеу үшін құқық белгілейтін және тіркелген құжаттарды ұсыну қажет:

  • Жылжымайтын мүлік бойынша: сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту, жекешелендіру шарттары, сот шешімі немесе мұраға құқық туралы куәлік.
  • Автокөлік бойынша: көлік құралын тіркеу туралы куәлік (техникалық паспорт).
  • Бизнес бойынша (ЖШС немесе АҚ-тағы үлес): құрылтай құжаттары, eGov порталынан заңды тұлғаның тіркелгені және оған қатысты ауыртпалықтардың жоқтығы туралы үзінді көшірме, сондай-ақ акционерлер тізіліміндегі жеке шоттан үзінді көшірме.

Ипотека мен кепілдегі мүлікке қатысты не істеу керек?

Егер мүлік банк кепілінде болса, ерлі-зайыптылар ажырасу туралы кредиторды жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Кез келген қайта ресімдеу жұмыстары тек банктің келісімімен жүзеге асырылады.

  1. Борышты аудару: ерлі-зайыптылардың бірі тұрғын үйді өзінде қалдырып, қалған берешекті өтеу міндеттемесін толық өз мойнына алады және жұбайына оның үлесі үшін ақшалай өтемақы төлейді.
  2. Қолданыстағы мәртебені сақтау: ерлі-зайыптылар ипотеканы бұрынғы кесте бойынша ортақ қарыз алушылар ретінде төлеуді жалғастырады.

Тараптар өзара келісімге келе алмаған жағдайда, дау сот тәртібімен қаралады, ал Банк іске үшінші тарап ретінде тартылады.

— Лейла Сауранбаева, нотариус (Астана қ.)

1 күнде баспаналы болыңыз

Ипотеканы бүгін алыңыз

Нотариус және өзара келісім арқылы реттеу

Егер ерлі-зайыптылар мәселені сотқа жеткізбей өзара келісімге келе алса, неке шартын немесе мүлікті бөлу туралы келісімді нотариус арқылы ресімдеу ең жылдам әрі тиімді шешімдердің бірі. Мұндай құжаттарды некеде тұрған кезде де, неке бұзылғаннан кейін де ресімдеуге болады, алайда ол міндетті түрде екі тараптың өзара келісімі негізінде жасалуы тиіс.

Бұл тәсіл уақыт пен қаражатты едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мүлік құнының 1% соттың мемлекеттік бажын төлеу және адвокаттардың ұзақмерзімді қызметтеріне шығын шығару қажеттілігі туындамайды.

Дауды бейбіт жолмен реттеген жағдайда ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне оның үлесі үшін (мүліктің бағалау құны негізінде) ақшалай өтемақы төлей алады. Осыдан кейін мүлік толығымен өтемақы төлеген тараптың меншігіне өтеді (ҚР АК 221-бабы).

Алайда нотариус мәмілені ресімдеу барысында құжаттардың заңдылығын, олардың дұрыс ресімделуін және тараптардың құқықтарын міндетті түрде тексереді. Сондай-ақ жылжымайтын мүлікке немесе көлік құралдарына меншік құқығын қайта ресімдеу кезінде мемлекеттік тіркеуге байланысты қосымша шығындар туындайтынын ескерген жөн.

Алматылықтардың ауладағы жөндеу жұмыстарын қала бюджеті есебінен қалай жасауға болатыны туралы жұмыс нұсқаулығы
Қайсысы тиімді: репетиторға қаржы жұмсау ма, әлде ақылы оқуға ақша жинау ма?
Қазақстандықтар үшін өмірді сақтандырудың мәні түсінікті бола бастады
Кәсіпкерлер жаңа Салық кодексіне қалай бейімделуде?

Ажырасуға дайындық: чек-парақ және қаржылық жоспар

Ажырасу процесіне алдын ала дайындалу жүйкеңізді, уақытыңызды және қаражатыңызды айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі. Ресми қадамдарға көшпес бұрын төмендегі мәселелерді реттеп алған жөн.

1. Құжаттар мен активтер

  • Барлық құнды мүлікке қатысты құжаттардың көшірмесін дайындаңыз: пәтер, автокөлік, жер учаскелері, бизнес және депозиттер.
  • Кредит шарттары мен төлем кестелерін жүктеп алыңыз. Ипотека және тұтынушылық кредиттер бойынша нақты берешек қалдығын тексеріңіз.
  • Ерлі-зайыптылардың екеуінің де табысын растайтын құжаттарды және ірі ортақ сатып алулар туралы мәліметтерді жинаңыз.
  • Соңғы бірнеше айдағы балаларға жұмсалған нақты шығындарды тіркеп қойыңыз (чектер, оқу ақысын төлеу түбіртектері, үйірмелер мен емделуге қатысты құжаттар).

Маңызды: Мүлікті асығыс түрде туыстардың атына ресімдеуге немесе құжаттарды жоюға әрекет жасамаңыз. Мұндай әрекеттер сотта оңай даулануы мүмкін және сіздің құқықтық ұстанымыңызға кері әсер етеді.

«Чемпион» депозиті

2. Тұрмыстық мәселелер, ұйымдастыру және екі бөлек бюджет

  • Ажырасу процесіне кететін шығындардың бюджетін алдын ала есептеңіз. Оған мемлекеттік баждар, нотариус, бағалаушы және заңгер қызметтері, тіркеу алымдары сияқты бір реттік шығындар кіреді.
  • Ажырасқаннан кейінгі жаңа өмірдің бюджетін жасаңыз. Тұрғын үйді жалдау, коммуналдық төлемдер, азық-түлік, тұрмыстық қажеттіліктер және балаларды асырауға кететін тұрақты ай сайынғы шығындарды қағаз жүзіндегі емес, нақты табыстарды ескере отырып есептеңіз.
  • Егер бірге тұру мүмкін болмай қалса, өзіңіз бен балаларыңыздың уақытша қайда тұратынын алдын ала анықтап, көшіп-қонуға және алғашқы 2-3 айдағы шығындарға қажет соманы есептеп қойыңыз.

Маңызды: Егер ерлі-зайыптылар өзара түсіністікті сақтай алса, мүліктік қатынастарды неке шарты арқылы реттеуге болады. Неке шартын тек некеге дейін ғана емес, отбасылық өмірдің кез келген кезеңінде жасауға рұқсат етіледі. Бұл құжатта қолданыстағы және болашақта алынатын мүлікке қатысты меншік режимі (ортақ, бөлек немесе үлестік меншік) нотариаттық тәртіппен бекітіледі.

3. Жеке қауіпсіздік

Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық, қорқыту немесе қысым көрсету қаупі аз да болса байқалса, қаржылық мәселелерден бұрын өзіңіздің және балаларыңыздың қауіпсіздігін бірінші орынға қойған жөн.

  • Егер бұл агрессияға немесе жанжалдың ушығуына әкелуі мүмкін болса, жұбайыңызға заңдық әрекеттеріңіз туралы алдын ала хабарламаңыз.
  • Ең алдымен дағдарыс орталығына, тиісті саладағы адвокатқа немесе полицияға жүгініп, көмек сұраңыз.

Қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда кез келген мүліктік немесе қаржылық мәселе кейінірек шешілуі мүмкін, ал адамның өмірі мен денсаулығы әрдайым басты басымдық болып табылады.

Ұзақмерзімді салдар: алдын ала нені ойластырған жөн?

Екі бөлек үй шаруашылығының әсері

Тәжірибеде ажырасқаннан кейінгі шығындар көбіне күткеннен әлдеқайда жоғары болып шығады. Оның басты себебі – бұрынғыдай бір емес, екі дербес үй шаруашылығын қамтамасыз ету қажет.

Мұндай жағдайда:

  • екі бөлек тұрғын үйді жалдау ақысын төлеуге немесе жеке ипотекалық міндеттемелерді орындауға;
  • коммуналдық қызметтерге кететін шығындарды көбейтуге;
  • тұрмыстық техниканы, жиһазды және үйге қажетті заттарды қайтадан сатып алуға;
  • қосымша көлік шығындарын көтеруге;
  • бұрын ерлі-зайыптылар бір-бірін алмастырып отырған жағдайда, бала күтуші немесе балаларды қарауға байланысты қызметтердің ақысын төлеуге;
  • отбасының екінші табыс көзінен айырылудың салдарын өтеуге тура келеді.

Сондықтан экономистер ажырасудың негізгі қаржылық салдарының бірі ретінде «ортақ шаруашылық тиімділігінің жоғалуын» атайды. Бұрын тұрмыстық және тұрақты шығындарды екі адам бөлісіп келген отбасы ажырасқаннан кейін дәл сол ресурстардың (ал кей жағдайда одан да аз қаражаттың) есебінен екі бөлек қаржылық жүйені қамтамасыз етуге мәжбүр болады.

Алматылықтардың ауладағы жөндеу жұмыстарын қала бюджеті есебінен қалай жасауға болатыны туралы жұмыс нұсқаулығы
Қазақстанның жас қала тұрғындарының Алматы мен Астана қалаларында қаржыны басқаруы туралы
Жағдай: бәрі күрделі. Қазақстандықтардың қаржылық әдеттерінің шынайы көрінісі
Ер адамдарға арналған декреттік демалыс қалай құрылған және оған қалай дайындалу керек

Табыстың төмендеуі және оны қалпына келтіру динамикасы

Халықаралық зерттеулер ажырасқаннан кейін әйелдердің табысы, орта есеппен алғанда, ерлердің табысына қарағанда едәуір көбірек төмендейтінін көрсетеді. Қаржылық жағдайдың қаншалықты нашарлайтынына білім деңгейі, жұмыспен қамтылуы, балалардың болуы, тұрғын үйдің қолжетімділігі және еңбек жүктемесін арттыру мүмкіндігі сияқты факторлар әсер етеді.

Зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, уақыт өте келе табыстың төмендеу әсері біртіндеп азаюы мүмкін. Дегенмен қаржылық дербестікті қалпына келтіру қарқыны әр адамда әртүрлі болады.

Төленбейтін еңбек жүктемесіндегі теңгерімсіздік

Қазақстан үшін үй шаруасы мен күтім жасауға байланысты жүктеме маңызды факторлардың бірі болып қала береді. UN Women ұйымының деректері бойынша, еліміздегі әйелдер өз уақытының 19,9% үй шаруасына және жақындарына күтім жасауға жұмсайды. Ал ерлер үшін бұл көрсеткіш 6,3% ғана.

Бұл кез келген жағдайда ажырасқан кезде әйел міндетті түрде көбірек шығынға ұшырайды дегенді білдірмейді. Алайда бұл балалар өзімен бірге қалатын ата-ананың ажырасқаннан кейін неге екі есе ауыр жүктемеге тап болатынын түсіндіреді.

Қорытынды

Қазақстанда ажырасуды заңды түрде ресімдеу бірнеше мың теңге ғана тұруы мүмкін. Алайда бұл не ажырасуды тіркеуге, не стандарт талап-арыз беруге кететін ең төменгі шығын ғана.

Шын мәніндегі қаржылық салмақ отбасының жағдайына байланысты болады: кәмелетке толмаған балалардың болуы, ипотека, даулы жылжымайтын мүлік, бизнес, кредиттер және ерлі-зайыптылар табысының айырмашылығы ажырасу құнын едәуір арттыруы мүмкін.

Өтініш бермес бұрын өзіңізге мына 5 сұраққа жауап бергеніңіз жөн:

  1. Балалар қайда және қандай қаражат есебінен өмір сүреді?
  2. Алиментті кім, қандай тәртіппен және қандай мөлшерде төлейді?
  3. Қандай мүлік пен қандай борыштар шынымен ортақ болып есептеледі?
  4. Бөлек тұрғын үйдің құны қанша болады (жалдау немесе ипотека)?
  5. Отбасының ортақ бюджеті екіге бөлінгеннен кейін жеке табысыңыз жеткілікті бола ма?

Егер бұл сұрақтарға нақты жауабыңыз әзірге жоқ болса, онда мемлекеттік баж емес, қаржылық жоспарсыз басталған ажырасу ең үлкен шығын болуы мүмкін.

bcc journal арқылы жаңалықтардан хабардар болыңыз
Біздің хабар таратылымымызға жазылып, жаңа мақалалар мен өзекті ақпаратты шолуды жіберіп алмаңыз.
Поиск по сайту
Cookie файлдарын баптау
Әрқашан белсенді