Жаз мезгілінде самокаттар мен велосипедтерді, сапбордтарды жалға беру қызметін ұсынатын, авторлық рецепт бойынша балмұздақ дайындайтын, салқын сусын сататын немесе ландшафт дизайнымен айналысатын бизнес түрлері қарқын алады. Қыста шырша саудасы, ерекше шырша ойыншықтарын жасау, коньки, тюбинг немесе шаңғыны жалға беру, сондай-ақ аниматор қызметі мен қар тазалау сервистері сұранысқа ие болады. Көктемде көшет, тұқым және бақша құралдарын сатумен айналысатын бизнес белсенді болса, күзде егін жинауға байланысты қызметтер алдыңғы қатарға шығады.
Маусымнан тыс кезең – іскерлік белсенділік баяулайтын уақыт: сұраныс азаяды, сатылым төмендейді, клиенттер саны қысқарады.
Мысалы, дүкен бау-бақша техникасын сатуға маманданған делік. Мұндай бизнесте сұраныстың шарықтау шегі көктем мезгіліне (бақшадағы белсенді жұмыс кезеңі), жаздың соңына (тауарды жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі) және қыстың соңына (көктемгі маусымға дайындық) сәйкес келеді. Сұраныс бәсеңдейтін кезеңді еңсеру үшін қалған уақытта сатып алушыларға ілеспе тауарларды ұсынуға болады. Мәселен, бензинді ара иелеріне техникалық сұйықтықтар (қоспаға арналған май, шынжырды майлауға арналған май), қосалқы шина мен шынжыр, оталдыру білтесі, жеке қорғаныс құралдары (көзілдірік, қолғап, құлаққап), сондай-ақ аксессуарлар (қаптар, сөмкелер) қажет болуы мүмкін.
Бұдан бөлек бау-бақша техникасына қызмет көрсету бағытын дамыту да тиімді. Техника бір маусым ғана емес, ұзақ мерзім бойы жұмыс істеуі үшін оған техникалық қызмет көрсету қажет. Алайда көптеген пайдаланушылар бұған мән бермейді немесе жабдықты қалай дұрыс күтіп ұстау жолдарын біле бермейді.
Ерекшелігі. Сатып алушыларға дербес ұсыныстар жасау үшін аудиторияны сегменттеу маңызды.
Әсері. Бұл тәсіл табысты бірден жаңа деңгейге көтермеуі мүмкін, алайда маусымнан тыс кезеңді еңсеруге, сатылымның келесі шарықтау шегіне дейін бизнесті сақтап тұруға және негізгі бағыттағы уақытша тоқыраудың орнын толтыруға көмектеседі.
Кредиттік #картакартамен қаржыны басқарыңыз
7 000 000 ₸ дейін лимит, ақшамен қайтарылатын кэшбэк, bcc smart арқылы бөліп төлеу, тегін шығару және қызмет көрсету
Қызмет аясын барынша ыңғайлы түрде кеңейту үшін қазіргі салаңызбен тығыз байланысты бағытты таңдаған жөн. Мысалы, егер бизнесіңіз жаз мезгілінде көкөністер мен жемістерді сатуға негізделсе, қалған уақытта сол өнімдерден дайын тағамдар ұсынуға болады – тосап қайнату, десерт әзірлеу және т.б. Мәселен, қыста сұранысы төмендейтін алма жаймақақ пен зефир дайындауға жақсы негіз бола алады.
Немесе сіз қыста шырша сатумен айналысасыз делік. Әдетте оларға сұраныс желтоқсан айының соңында артады. Алайда адамдар қарашадан бастап-ақ үйлерін мерекеге сай безендіре бастайды. Осындай кезеңде есікке арналған дизайнерлік гүлдестелерді немесе каминге арналған мерекелік декорды ұсынуға әбден болады.
Ерекшелік. Қызмет аясын кеңейту үшін жаңа дағдыларды меңгеру қажет болуы мүмкін.
Әсері. Жаңа бағыт көбіне тұрақты әрі жоғары табыс әкеледі, сондай-ақ болашақта бизнестің ауқымын кеңейтуге ықпал ететін маңызды факторға айналуы мүмкін.
Әр маусымда сұранысқа ие тауарларды талдап отыру маңызды. Мысалы, қыста шырша сатумен айналыссаңыз, көктемде ағаш көшеттерін, ал жазда көгалға арналған шөпті ұсынуға болады. Компанияңыз жылы күртеше тігетін болса, көктем мен күз маусымына жеңіл үлгілерді, ал жаз мезгіліне салқын кештер мен белсенді серуенге ыңғайлы жеңіл желеткелер топтамасын әзірлеуге болады. Осындай тәсілді кофеханалар да белсенді қолданады: олар үш ай сайын маусымдық мәзірін жаңартып отырады (қыста глинтвейн ұсынса, жазда сүтті коктейльдер мен лимонадтарды сатылымға шығарады).
Балаларға арналған шығармашылық секциялар мен үйірмелерге де жақсы идея бар – жазғы лагерь ұйымдастыру немесе мектепке дайындық сабақтарын өткізу. Жыл бойы балалар сабаққа тұрақты қатысқанымен, жаз мезгілінде клиенттер саны әдетте азаяды, себебі көпшілігі демалысқа, ауылдағы әжесінің үйіне немесе саяжайға кетеді.
Ерекшелігі. Алдын ала жоспар құрып, дайындыққа жеткілікті уақыт бөлу және клиенттерді жаңалықтардан хабардар ететін жарнама құралдарын дұрыс таңдау қажет.
Әсері. Сұранысқа бейімделу – табысты тұрақты деңгейде сақтаудың тиімді тәсілі. Оның мақсаты – сатылымды арттыру, бизнесті дамыту және оның ауқымын кеңейту.
Спорттық тамақтану дүкендері мен фитнес-клубтар желтоқсанның соңы мен қаңтардың басын көбіне маусымнан тыс кезең деп санайды. Бұл уақытта адамдар демалып, күнделікті тәртіптен алыстайды. Алайда шамамен ақпан айынан бастап көпшілік қайтадан бұрынғы өмір салтына оралады. Желтоқсан мен қаңтар айларында сұранысты сақтап қалу үшін компаниялар кейінге қалдырылған сұраныс тетігін жиі қолданады. Мысалы, қараша айында арнайы акция өткізіп, сол кезеңде сауда жасаған клиенттерге екі есе көп бонус ұпайын немесе жоғары жеңілдік ұсынады, бірақ оны тек келесі айда – желтоқсанда пайдалануға мүмкіндік береді.
Ерекшелігі. Бұл тәсіл мұқият дайындықты талап етеді – аудиторияны және оның белсенділігін талдау, сондай-ақ ең сұранысқа ие тауарларды анықтау маңызды.
Әсері. Бұл – сұраныс бәсеңдеген кезеңді еңсерудің және клиенттерге өзіңіз туралы қайта еске салудың тиімді жолы.
Қызу маусым аяқталған соң компаниялар көбінесе жаппай сатылым өткізіп, клиенттерге жеңілдіктер ұсынады. Жаппай сатылымды сұраныс бәсеңдеген бүкіл кезеңге «созуға» немесе ай сайын тауарлардың әртүрлі санаттарына жеңілдік беріп отыруға болады.
Ерекшелігі. Бұл тәсіл нақты қадамдық жоспарды талап етеді. Сонымен қатар бизнеске зиян келтірмеу үшін барлық есепті мұқият жүргізу маңызды.
Әсері. Мұндай әрекеттер сатып алу белсенділігінің жоғары кезеңін ұзартуға, маусымдық тауарлардың сатылымын арттыруға және маусымнан тыс кезеңді барынша қолайлы өткізуге көмектеседі.
Акциялар клиенттерге қымбат тауарларды тиімді жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Егер салаңызда белсенді кезең аяқталса, маусымнан тыс уақытта да акциялар ұсынуға болады. Осы кезеңде серіктестермен бірлескен жобаларды жоспарлау, шектеулі түрде шығарылатын өнімдерді таныстыру, жүлделі байқаулар өткізу және сауда жасаған клиенттерге эксклюзивті сыйлықтар беру тиімді.
Ерекшелігі. Ұсынысыңызды кеңінен таныту үшін дұрыс маркетинг стратегиясын таңдау маңызды. Ол әлеуметтік желілердегі белсенділік, жарнама науқандары немесе пакет шешімдерін іске қосу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Әсері. Бұл тәсіл тауарға деген сұранысты арттыруға, сондай-ақ бағасының жоғары болуына байланысты бұрын сатып алудан бас тартқан клиенттер есебінен клиенттік базаны кеңейтуге көмектеседі.
Бұл тәсіл клиенттің бірнеше рет келуін қажет ететін бизнеске, мысалы, сұлулық салондары мен медицина орталықтарына өте қолайды. Сұлулық салондарында кейбір процедуралар курс түрінде жүргізіледі. Шаш қию да соған ұқсас: пішінін сақтау үшін оны тұрақты түрде жаңартып отыру қажет. Ал медицина орталықтарында дәрігер қабылдауынан кейін бақылау тексерістері немесе талдау нәтижелерін қадағалау үшін қайта келу жиі талап етіледі.
Қабылдау уақыты жақындағанда клиенттің өзі де қайта жазыла алады. Алайда егер әңгіме ұзақ мерзім туралы болса (мысалы, екі айдан кейін немесе жарты жылдан кейін), оны ұмытып кету оңай. Тіпті клиент жазылу қажеттігін есіне түсірген күннің өзінде, өзіне ыңғайлы уақыт бос болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда ол күтпей-ақ, басқа маманға жазылуы ықтимал. Алдын ала жазылу жүйесін енгізу клиенттердің бір бөлігін маусымнан тыс кезеңде де сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бұл тәсілді кондитерлер мен гүл дүкендері де қолдана алады. Себебі жалпыға ортақ күндерден бөлек (8 наурыз, кәсіби мерекелер, 1 қыркүйек), адамдардың жеке өміріндегі елеулі оқиғалар да бар (туған күн, мерейтой, құда түсу, үйлену тойы, диплом алу, жұмыс орнын ауыстыру).
Ерекшелігі. Алдын ала жазылу жүйесін қалай ұйымдастыру керек екенін ойластыру қажет, өйткені мамандардың жұмыс кестелері көбіне бір айға ғана жоспарланады. Сонымен бірге бұл міндетті кім атқаратынын анықтап алған жөн: хатшы ма, тіркеуші ме, әлде басшы ма. Келетін уақытты қалай еске салу керек екенін де алдын ала шешкен жөн (SMS, мессенджерден хабарлама жолдау немесе қоңырау шалу арқылы).
Әсері. Бұл тәсіл маусымнан тыс кезеңде табысты тұрақты деңгейде сақтауға, жүктемені біркелкі бөлуге және жұмысты тиімді жоспарлауға көмектеседі.
Сұраныстың төмендеуі мен табыстың азаюы – кез келген бизнесте кездесетін қалыпты құбылыс. Тыныштық кезеңін ісіңіздің соңы ретінде қабылдамаңыз – оны кідіріс жасап, тынығып алуға берілген мүмкіндік деп қарастырған жөн. Айтпақшы, маусымнан тыс кезеңді барынша тиімді пайдалануға болады. Бұл – бұрын кейінге шегеріліп келген міндеттерді шешуге қолайлы уақыт:
Команданың біліктілігін арттыру. Бұл – бизнестің өсуі мен дамуына салынатын инвестиция
Маусымдық бизнес – қауіп аймағындағы жалғыз бағыт емес. Іс жүзінде кез келген компания сұраныс төмендейтін кезеңдерге тап болуы мүмкін (мысалы, дағдарыс кезінде). Ерекшелік ретінде тек жоғары сұранысқа ие тауарларды ұсынатын компанияларды ғана атауға болады. Сондықтан өзгермелі жағдайларға бейімделе білу аса маңызды.